Сот жүйесіндегі реформа жалғасады
Сот жүйесіндегі реформа жалғасады
Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Палата отырысында сенаторлар еліміз­дің сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заңдарды қабылдады. Осы заңдардың бәріне Пар­ламент депу­таттары бастамашы болған еді. Енді сот жүйесіне құқықтың тар аядағы салалары бойынша білікті мамандарды тарту жө­ніндегі ереже заңнамалық тұр­ғыдан бекітіледі. Ол үшін үміт­керлер мамандандырылған бі­ліктілік емтиханын тапсырып, бөлек конкурстан өтуі тиіс. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Рес­публикасының консти­ту­циялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңда осы және басқа да жаңашылдықтар көрініс тапқан. Судьялардың бос лауазым­дарына кандидаттарды тағайын­дау мәселелерін қарау жөніндегі Жоғары Сот Кеңесінің өкілет­тіктері де кеңейтіледі. Сена­тор­лар ол ережелерге қолдау білдірді және «Қазақстан Республи­ка­сының кейбір заңнамалық ак­ті­леріне сот жүйесі мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толық­тырулар енгізу туралы» Заң па­лата отырысында екі оқылымда қабылданды. Сонымен қатар сенаторлар Мемлекет басшысы азаматтық процесті жеңілдету жөніндегі бұрын мақұлдаған тәсілдерді іске асыруға, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге бағытталған заң жо­басына да бастамашы болған еді. Бүгін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңна­малық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институт­тарын дамыту мәселелері бо­йынша өзгерістер мен толықты­рулар енгізу туралы» заң осыған арналып отыр. Бұл заң медиатор­лардың құқықтары мен міндет­терін нақтылайды, онлайн-ме­диацияны дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар әлемдік тәжі­рибедегі «үлгілі сот шешімі» инс­титутын бейімдеу ұсынылады және тараптарға аумақтан тыс сотталуды таңдау құқығы бері­леді. Бұл қағиданың мәні-жайы – IT арнайы бағдарламасы істі бір соттың ішінде емес, бүкіл ел­дегі соттардың арасында олар­дың мамандануы мен жұмыс жүк­темесін ескере отырып, авто­матты түрде таратады. Бұл ретте аумақтан тыс сотталу жағдайы екі тараптың келісімімен ғана таңдалады. Қабылданған заңдар жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев жаңа нормалардың сот жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. «Бүгін қабылданған заңдар Мемлекет басшысының сот жүйесін жетілдіруге арналған бастамаларын іске асыру үшін әзір­ленді. Парламент депутат­тары бастамашыл болған заңдар еліміздегі сот жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесін және судьяларды кон­курстық іріктеу тетіктерін же­тіл­діреді. Жаңа нормалар сот жү­йесінде заманауи технология­ларды кеңінен пайдалануға да мүмкіндік береді. Жоғарғы Сот­тың пленарлық отырысының және Жоғары Сот Кеңесі оты­ры­сының құзіреттерін кеңейтеді, – деді Сенат Төрағасы. Сенат Спикері Палата қа­­­был­даған ережелер сот жүйесінің тиімділігін арттыратынына се­нім білдіріп, осы заңдарға бас­та­ма­шыл болып, құжатты дайын­да­ған депутаттарға алғыс білдірді.