Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаевтың төрағалық етуімен өткен Палата отырысында сенаторлар еліміздің сот жүйесін одан әрі реформалауға бағытталған заңдарды қабылдады. Осы заңдардың бәріне Парламент депутаттары бастамашы болған еді. Енді сот жүйесіне құқықтың тар аядағы салалары бойынша білікті мамандарды тарту жөніндегі ереже заңнамалық тұрғыдан бекітіледі. Ол үшін үміткерлер мамандандырылған біліктілік емтиханын тапсырып, бөлек конкурстан өтуі тиіс. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» конституциялық заңда осы және басқа да жаңашылдықтар көрініс тапқан. Судьялардың бос лауазымдарына кандидаттарды тағайындау мәселелерін қарау жөніндегі Жоғары Сот Кеңесінің өкілеттіктері де кеңейтіледі. Сенаторлар ол ережелерге қолдау білдірді және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне сот жүйесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң палата отырысында екі оқылымда қабылданды. Сонымен қатар сенаторлар Мемлекет басшысы азаматтық процесті жеңілдету жөніндегі бұрын мақұлдаған тәсілдерді іске асыруға, сондай-ақ татуластыру рәсімдерін қолдану саласын кеңейтуге бағытталған заң жобасына да бастамашы болған еді. Бүгін қабылданған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық процестік заңнаманы жетілдіру және дауларды соттан тыс және сотқа дейінгі реттеу институттарын дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң осыған арналып отыр. Бұл заң медиаторлардың құқықтары мен міндеттерін нақтылайды, онлайн-медиацияны дамытуға ықпал етеді. Сонымен қатар әлемдік тәжірибедегі «үлгілі сот шешімі» институтын бейімдеу ұсынылады және тараптарға аумақтан тыс сотталуды таңдау құқығы беріледі. Бұл қағиданың мәні-жайы – IT арнайы бағдарламасы істі бір соттың ішінде емес, бүкіл елдегі соттардың арасында олардың мамандануы мен жұмыс жүктемесін ескере отырып, автоматты түрде таратады. Бұл ретте аумақтан тыс сотталу жағдайы екі тараптың келісімімен ғана таңдалады. Қабылданған заңдар жөнінде пікір білдірген Мәулен Әшімбаев жаңа нормалардың сот жүйесін одан әрі дамыту үшін маңызды екенін атап өтті. «Бүгін қабылданған заңдар Мемлекет басшысының сот жүйесін жетілдіруге арналған бастамаларын іске асыру үшін әзірленді. Парламент депутаттары бастамашыл болған заңдар еліміздегі сот жүйесін одан әрі жаңғыртуды көздейді. Судья лауазымына үміткерлерді іріктеу жүйесін және судьяларды конкурстық іріктеу тетіктерін жетілдіреді. Жаңа нормалар сот жүйесінде заманауи технологияларды кеңінен пайдалануға да мүмкіндік береді. Жоғарғы Соттың пленарлық отырысының және Жоғары Сот Кеңесі отырысының құзіреттерін кеңейтеді, – деді Сенат Төрағасы. Сенат Спикері Палата қабылдаған ережелер сот жүйесінің тиімділігін арттыратынына сенім білдіріп, осы заңдарға бастамашыл болып, құжатты дайындаған депутаттарға алғыс білдірді.