Жастар Қазақстанның дамуына зор үлес қосады
Жастар Қазақстанның дамуына зор үлес қосады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантын тапсыру рәсіміне қатысып, жастарды ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық ме­рейтойымен құттықтады. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қыз­меті хабарлады. Президент тәуелсіздік ұрпақтарын, шын мәнінде жаңа Қазақстанның басты символдарының бірі ретінде атап өтті.
– Еліміз дербес мемлекет болғаннан бері ойы еркін, рухы азат тұтас буын өсіп жетілді. Тәуелсіздік перзент­терінің алдыңғы толқыны ержетіп, ел ісіне араласуда. Олар Отанымыздың өсіп-өркендеуіне өз үлесін қосып келе жатыр. Мен егемендік кезеңінде туып-өскен жастарымызға арнайы грант бөлуді тапсырғанмын. Бұл – талапты ұл-қыздарымыздың бастамаларын қолдау үшін жасалған қадам, – деді Мемлекет басшысы.
Қасым-Жомарт Тоқаев дарынды жастарымыз еліміздің болашағына деген сенімді нығайта түсетінін, олардың туған ел үшін қызмет етуге құлшынысы қуантатынын айтты.
– Мен грант жеңімпаздары ұсын­­ған жобалармен танысып шық­тым. Бұл жобалардың көпшілігінде экологияға баса мән берілгенін байқадым. Бұл – өте дұрыс. Өйткені қоршаған ортаны қорғау – қазір барша адамзат үшін аса маңызды мәселе. Кең-байтақ жеріміздің бірегей табиғатын сақтау – бәріміздің қасиетті борышымыз. Жастардың тың идеялары нақты жүзеге асып, халықтың игілігіне ай­на­ла­ды деп сенемін. Шын мәнінде, бұл еліміздің мерейтойына тәуелсіздік ұрпақтарының тартуы болмақ, – деді Мемлекет басшысы.
Президент жастарды қолдау мемлекеттік саясаттың негізгі бағыты екеніне тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев өткен ғасырдың 90-жылдарындағы дағдарыс кезінде «Болашақ» атты ауқымды білім бағдарламасының жүзеге асырылғанын және оның Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы екенін атап өтті.
– Соның арқасында әлемнің үздік жоғары оқу орындарында еліміз бойын­ша мыңдаған жас білім алды және әлі де оқып жатыр. Олардың көбі Қа­зақстанның қарқынды дамуына зор үлес қосып келеді. Президенттік жастар кадрлық резерві тиімді әлеуметтік сатыға айналды. Бұл бастама жастардың, өршіл кәсіби мамандардың мемлекеттік басқару жүйесінде өзін тағы бір рет дәлелдеуіне мүмкіндік береді, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Сонымен қатар партиялардың сайлау тізіміндегі 30 пайыздық квота Мәжіліс пен мәслихаттарда жастар қатарының көбеюіне ықпал еткенін айтты. Президент жастарды әлеуметтік тұрғыдан қолдайтын жобалар мен бағдарламалардың жүзеге асырылып жатқанына тоқталды. Қасым-Жомарт Тоқаев қазір табысты адам білімді, еңбекқор болу, мақсатқа ұмтылу және белсенділік таныту сияқты қасиеттерімен ғана ерек­шеленетінін атап өтті. Қасым-­Жомарт Кемелұлы грант жеңімпаздарына жобаларын іске асыруға жақсы мүмкіндік беріліп отырғанын айтты.
– Қазақта «Талаптыға жол бер» деген нақыл сөз бар. Мемлекет жас­тардың талабын ұштауға барынша жағдай жасап келе жатыр. Атқарылып жатқан ауқымды жұмыстың, реформалардың игілігін сіздер міндетті түрде көресіздер. Жақында Елбасы жастарға терең мағыналы үндеуін жолдады. Өскелең ұрпақ аға буынның үмітін ақтайтыны сөзсіз. Сол үшін әрбір жас бойына тек жақсы қасиеттерді сіңіруі керек, – деді Президент.