Көрегендік пен кемелдік
Көрегендік пен кемелдік
290
оқылды
Қазақстанның Тұңғыш Прези­денті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласы жарияланды. Онда Елбасы: «Мен отыз жыл бойы халқымды қанат­тыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыт­тырмай, қай­раңға қалдырмай, әлемдік өркениеттің алдыңғы шебіне, дүниедегі ең дамыған 40 елдің қатарына қостым. Осы жылдар ішінде әлемдік ғылым мен мәдениеттің ең үздік жетістіктерін мең­герген жаңа ұрпақ қалыптасты. Жаңа елор­дамыз салынды. Ең үлкен табысым да, ең үлкен ба­қытым да осы деп санаймын» деп атап өтті. Иә, осы уақыт ішін­де мемлекетіміз халықаралық аренада иығы шыңмен тіресіп таласқан елдердің қатарынан табылып, өзінің дара жолымен дамыған, гүлденген елге айналып, мемлекеттігінің тұтастығын төрткүл дүниеге таныта білді. Сөз жоқ, бұл атал­ғандардың барлығы халқымыздың бірлігі мен ынты­ма­ғы­ның, еңбекқорлығының, еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Назарбаев­тың, Президентіміз Қ.Тоқаевтың байыпты сая­сатының, көрегендігі мен ке­мелдігінің, шебер ұйымдастыру­шылығының нәтижесімен келгені баршаға аян. Қазақстанның соңғы үш онжылдықтағы мемлекеттік құрылыстағы тарихи серпілі­сінің, әртараптандырылған нарықтық эко­номиканы құруда үшінші мегаполис Шым­кент қаласының алар орны ерекше. Шым­кент қаласы халқының 52 пайызы егемендік алған 30 жылдың ішінде дүниеге келген. Елімізде атқарылған көптеген ауқымды жоба мен жетістіктің ішінде Шымкент қаласы мен жұртшылығының алатын үлесі көп. Еліміздің үшінші мегаполисіндегі өз жұмысында «Nur Otan» партиясы шымкенттік әрбір аза-маттың қажеттіліктері мен мүдделерін ескере отырып, қарапайым тұрмыстық мә­селеден бастап, едәуір ауқымды пробле­маларды шешуге ұмтылуда. «Nur Otan» партиясы Шымкент қалалық филиалының 2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында бекітілген Жол картасының орындалуы бүгінде қала тұрғындарының көңілінен шығуда. Ұлттық құндылықтар дәріптелген мегаполисте «Nur Otan» пар­тиясы Шымкент қалалық филиалы шаһарда пар­тияның өңірлік филиалы құрылған жылы 21 мың мүшесі болса, ал қазір 35 мыңға артқан. Республикалық маңызға ие қала атанған Шымкент ендігі жерде еліміздің қаржылық, экономикалық және мәдени орталығына айналуы тиіс. Біз өз қаламызды еңбек ету мен демалуға, өмір сүруге қолайлы, қауіпсіз әрі табысты шаһар еткіміз келеді. Бүгінде Шымкент қаласында 258 мың­нан астам отбасы өмір сүреді. Оның шамамен 25 мыңы көпбалалы отбасылар. Дана хал­қы­мызда «Өз үйім – өлең төсегім» деген тәмсіл бар. Баспана – әрбір отбасының қуанышы мен шаттығының, мәнді де берекелі ғұмы­ры­ның бастауында тұрған құндылық. Сон­дықтан «Nur Otan» партиясы халықты қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуге айрықша назар аударады. Одан бөлек, Тәуелсіздік жылдарында бизнесті мемле­кет­тік қолдау шараларының арқасында 30 жылда қала экономикасына 2 триллион 600 миллиард теңге инвестиция тартылып, шағын және орта бизнес нысандарының саны 87 мыңға жетті. Өз кезегінде бұл 250 мыңнан астам жұмыс орнының құрылуына себеп болған. Салыстырмалы түрде айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде бір жылда 460 миллион теңге инвестиция тартылған болса, биылғы жылдың 10 айы­ның қортындысы бойынша бұл көрсеткіш 325 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есеге жоғары. Жыл соңына дейін қала экономикасына тарты­латын инвестиция көлемі 400 миллиард теңгеге жетеді деп күтілуде. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, адамды қандай қиындықтан да аман алып шығатын құдірет – еңбек екенін ескерсек, еліміздің көркейіп, кемелденуі үшін алды­мызға қойған міндеттерді орындауда жауап­кершілік таныту – әрбіріміздің парызымыз.

Қайрат СҮЛЕЙМЕНОВ, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты