Тәуелсіздік – біздің дәуіріміз!
Тәуелсіздік – біздің дәуіріміз!
Нұрсұлтан Назарбаевтың «Тәуелсіздік тағы­лымы» мақаласын оқи отырып, ой-қиялыммен өткен ғасырдың 90-жылдарына қайта орал­ғандай болдым. Бәрі күні кеше болғандай... Кеңес Одағы дейтін атының өзі алты құр­лықты алуан-алуан ойға жетелеп, қырық түрлі күйге бөлейтін тарихи дәуірдің күнгейлі, кө­леңкелі сәт-сағаттары көз алдымнан тіз­бек­теліп өте бас­тады. 30 жыл ішіндегі ел Тә­уелсіздігін орнық­тыру жолындағы атқарылған ұлан-асыр істер, халқымыздың тағдыр-талайын ұстара жүзіне іліктіргендей күйге салған күрделі кезеңнің көріністері көңіл елегінен өтті... Жасыратыны жоқ, уақыт атты қатал, қатыгез сыншының шапшаң жүрісі ұмыттырып бара жатқан өткен дәуір ақиқаттарына қайта оралған сайын, атамыз қазақтың «Тәубә! Алла Тағаланың осы күнге жет­кізгеніне шүкір!» дейтін қанағатшыл мінезі жиі-жиі сана төрінде бас көтеріп отырды. Неге дейсіз? Ойымды ортаға салып көрейін... Сонда... Елбасы айтып отыр­ған «Тәуелсіздік тағылымы» дейтін қа­наты кең, кемел ұғымның жа­ра­ты­лысын тани түсеріміз анық. Тани отырып, кешеден бүгінге жеткен азаттық дей­тін аяулы сөз бен тә­уелсіздік дейтін бедерлі ұғымның осынау Ұлы даланың кешегі тағдырын қалай анықтап, бүгінгі өмір сүру қабілетімізді таразы басына қалай қойса, ертеңгі ұлт пен ұрпақ бо­лашағының баяндылығын да қамта­масыз етері солай күмәнсіз еке­нін ұмытпауымыз керек. Бұл «кеше – бүгін – болашақ» дей­­тін уақыт кеңістігі ұсынар ұлттың өмір сүру қабілетін анықтар киелі, қасиетті ұғымдар. Елбасының мил­лион санды алып аудитория алдында айтып отыр­ған әңгімесі төркінінде жатқан шын­дық – осы. Осы шын­дықтың қадірі мен қасиетін оймен саралап, жүре­гімен безбендеу биігіне көтерілген ұлт, ұрпақ өзінің мәңгі­лігін қамтамасыз етері хақ. Мақалада ұлт тарихы мен ел бо­лашағы кеңінен сөз болады. Нақты тарихи оқиғаларға сүйене отырып, ел тағдырын шешкен шешімдердің өмірге қалай келгені айтылады. Иә. Өзінің ұлт, мемлекет болып қа­лыптасу жолын тарихтан терең та­мыр­лы қатпар-қойнауларынан алар Ұлы даланың басынан не өтпеді? Біздің халқымыз нендей қиын-қыстаулы күндерді басынан кешпеді? Тұңғыш Президенттің мақаласын оқи отырып, Алтай мен Атырау, Қыр мен Сыр, Қаратау мен Алатау ара­сында жатқан ежелгі жұртымыздың соңғы 30-35 жыл аралығындағы аса күрделі, қиын кезеңдерді басынан қалай кеш­кенін, әлі де қалай кешіп келе жатқа­нын ойладым. Бұл, жалғыз менің ғана ойым емес, тәуелсіз қазақ елінің бо­лашағын қамтамасыз етуді жан-жүре­гімен қолдайтын, көксейтін мыңдар­дың, миллиондардың ойы мен мақсат-мұраты деп ойлаймын. «Тәуелсіздікке барар қиын жол­дар­дағы сансыз көп шайқастар мен көтерілістерде қаншама қаһарман ба­­баларымыз шейіт болды. Оларды еске алу, құрметтеу – біздің пары­зы­мыз. Сондықтан біз жаңа заманда қан­тө­гіске жол бермей, қасиетті ­кие­міз – тәуелсіздікке сабыр мен төзім­ділік, ақыл мен парасат арқылы қол жет­кіздік», – дейді Елбасы өз мақаласында. Бұрын да сан айтылып, миллион­санды аудиторияның таразы-тал­қы­сына түсіп келген осы бір төркінінде қорғасындай салмақты, өмірдің өзін­дей ащы шындық жатқан тағ­дыршешті сөйлемдер тасасынан осыдан 30 жыл бұрынғы Қазақстан ақиқаты мен қа­зақ қоғамының аса ауыр сәт-сағаттары тіл қатқандай болды... Өйткені... Сырт­тың алпауыт күштері мен іштегі өтпелі дәуірдің қоғамды «ала қойдай» дүрлік­тірген бөтен пиғылды мақсат­тары өз елінде өзі 40 пайызға жетпей, «көзімен жер шұқып келген ұлттың» тағдырын тәлкек етуге күш салып жатты. Осы күні Алматы қаласындағы ескі үкімет үйінің колонналы дөң­гелек залы құж-құж... Әркім өзінше мықты... Әркімнің өз айтары бар... Төрде – от пен суға қатар түсіп, ел мен елдік туын ұстаған Президент!.. Елбасының жі­герлі сөздері. Суыры­лып шығып, мін­беден жарыса сөй­леген шешендер... Ара-тұра «Осы бізге Тәуелсіздік керек пе? Енді... Кімнен тәуелдіміз?» деген ке­кесінді дауыстар жетіп жатты... Үзілген уа­қыт ленталарындай болған осы бір көріністер 1991 жылғы 16 жел­тоқ­санды еске салады. Тәуелсіздік тура­лы конституциялық заңның қы­зыл қырғын сайысы. «Тәуелсіздік ел үшін керек!» деген саңқ еткен да­уыс. Назарбаевтың дауысы! Іле-шала зал­дан естілген Салық Зимановтың са­бырлы дауысы. «Президент дұрыс ай­тады! Үш күн талқыға түскен заң Қазақстан үшін керек! Бұл заң бүгін қабылданбаса, ертең әлемнің күллі мемлекеттері біздің мемлекеттігімізді мойындамайды. Бұл заң – әлем ал­дындағы тәуелсіз мемлекет екенімізді дәлелдейтін тарихи құжат!» деген да­уыс құлағымда әлі күнге... Қажыр мен қайратқа толы жаңа дәуірдің лебі ескен сол дөңгелек зал, ойлап отырсам, қазақ үшін, Қазақ­стан үшін нағыз киелі төр екен! Тәуелсіздіктің бастауы болған кезең шынайы демократия мен та­ту­лықтың, жұдырықтай жұмылған саяси бағыттың тегеурінді күш екенін та­нытты. Еркін ой мен ұлт­тық мүд­денің қойын-қолтық та­бысуына Нұрсұлтан Әбішұлының халыққа мейлінше жа­қын жүретін тұлғалық, харизмалық қасиеттері себеп болды. Елбасының ел тұтастығын қамта­масыз ету жолындағы қажырлы ­қай­раткерлік орасан еңбегі – бірте-бірте тұрлаулы тарихтың ұлы төріне айналар ақиқат. Тәуелсіздікті Назарбаевсыз елес­тету мүмкін емес! Аталмыш мақаланы оқи отырып, сол күндердің қазанында қайнаған ұрпақтың бір өкілі ретінде осы сөз­дерді айтуды өзіме парыз санадым. Өйткені... Тәуелсіздік дәуірі – біздің дәуі­ріміз!

Нұрлан ОРАЗАЛИН, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты