Ел қуатының еселенгені – тәуелсіздік жемісі
Ел қуатының еселенгені – тәуелсіздік жемісі
290
оқылды
Елдігіміздің асқаралы асуы – Тә­уелсіздіктің 30 жылдығы тарихи тұр­ғыдан бағамдағанда бір-ақ сәт болып көрінуі де мүмкін. Алайда керуен көштің соңына ілесу, елді дамыту, сол арқылы тәуелсіздікті тұғырлы ету оңай іс емес. Дегенмен 30 жылдағы жетістіктер ға­сырларға татиды. Оны Елбасының «Тә­уелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқыған жан түсінсе керек.

Сенім мен рух

Тұңғыш Президент – Елба­сының таяуда ғана жарыққа шық­қан «Тәуелсіздік тағылымы» жаз­басы – жүректен шыққан, жү­ректерге жеткен шынайы мақала. Жоғарыда аталған кездегі қиындықтардың бел ортасында жүргендіктен әр тарихи сәтті қаз-қалпында көз алдыңа әкелеті­німен де құнды. «Адамзат та­рихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен 30 жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұм­садым». Міне, бұл – еш қоспасыз, Елбасы еңбегінің шынайы ба­ғасы. Расында да, ел басқару, тың­нан түрен салып, тұралап қал­ған елді қуатты мемлекетке ай­налдыру, ел игілігіне қажетті заманауи жетістіктерді меңгеріп, қолданысқа енгізу – жазуға ғана оңай бастамалар. Оның астарында талай күн мен түнге ұласқан еселі еңбек жатқаны даусыз. 90-жылдардағы елдегі ахуалды көзбен көріп қана қоймай, жаңа жүйеге сай жұмыстар жүргізіп, ұйымдастыру саласында еңбек еткендіктен, сол шақта қиындық­тарды бір кісідей білемін. Жоқ­шылық, мардымсыз электр қуа­ты, ірі қалаларға ғана тиесілі кө­гілдір отын, сапасыз байланыс. Біз көрген картина – осындай. Қа­зіргінің баласына айтсаң, құд­ды ертегі тыңдағандай әсерде болатыны шын. Осынау кезеңді артқа тастап, қазіргідей қуаты мол, жетістігі зор елге айнал­ғанымыз – сөзсіз, тәуелсіздіктің жемісі.

Елбасы мен егемендік – егіз ұғым

Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені ұлт Көшбасшысының қосқан үлесі орасан. Уақыт көші ілгерілеген сайын Тұңғыш Пре­зиденттің сіңірген еңбегі айқын­дала түсетіні де анық. Тұтас ұлтты ертеңгі күнге жетелеп, батыл бас­тамаларды жүзеге асырғаны, әлемдік деңгейдегі шешімдер шығарғаны ел жадында. Сол бір сәттерде Елбасының көздегені бір-ақ мақсат, бір-ақ мүдде – қазақ елінің ілгерілеуі. Ал алға қарай алшаң басып, еркін қимылдауы үшін, әрине ха­­лық сенімі қажет. «Маған ба­тылырақ қимылдау үшін бүкілха­лықтық мандат керек еді. Осы­лайша, 1991 жылдың 1 желтоқ­са­нында ел тарихында тұңғыш пре­зиденттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты». Бұл – Елбасының сөзі. Алып-қосары жоқ ақиқат. Халық сенді, ел сенімі ақталды. Сөзге бе­рік, антқа адал халықтың ұр­па­ғы болғандықтан, бұл жауапкер­шіліктің де жеңіл жүк еместігін өзіңіз-ақ бағамдарыңыз хақ. Осылайша, ел сенімінен шығу жолында ұлт Көшбасшысы талай іргелі істерге ұйытқы болып, ел мүддесі жолындағы еселі еңбегін көз ілеспес жылдамдықпен жү­зеге асыра бастады. Мемлекеттік рә­міз­дер бекітіліп, төл теңгеміз ай­на­лыс­қа енді. Қарулы Күштер құры­лып, қандастар атажұртқа ат басын бұрды. Шекарамыз бе­кі­тіліп, Ата Заңымыз қабылданды. Көпұлтты Қазақстанның өзіндік соқпағы қалыптасып, Қазақстан халқы Ас­сам­блеясы секілді тең­дессіз инс­титут құрылды. Ядро­лық қарудан бас тартқан ел ре­тінде жаһандық бейбітшілікті қолдаған ұстанымы әлемге та­рады. «Ынтымағы жарас­қан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуа­ты кеміп, құты қашады. 30 жыл ішін­де біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып ай­тар табыстарымыз да аз емес», – дейді Елбасы. Расында да же­тіс­тіктерді санап тауыса алма­сы­мыз анық. «Қазақ­стан-2030», «Қазақ­стан-2050» бағдар­лама­лары әлем­дік саясаткерлер мен сарапшылар тарапынан «Қазақ­стан жолы» де­ген жоғары бағаға ие болған, ұлт да­муының даңғыл жолының өзегі­не айналған – қос стратегия. Әр та­рау, тармағында елдік мүддені көз­де­ген құнды құжаттарды іске асыру аясында да іргелі бастамалар сәтті, нә­тижелі жобалар жүзеге асты.

Астана тарихы: ақиқатқа айналған арман

«Біздің еншімізге тарихы­мыз­да өз ауқымдылығы мен қиын­дығы жөнінен бұрын-соңды бо­лып көрмеген жобаны жүзеге асы­ру – Сарыарқаның төріне, ер­ке Есілдің бойына ел қонды­рып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды». Елбасының «Тәуелсіздік тағылымында» ай­рықша аталған тақырыптың тағы бірі – айшықты астанамыз. Сән-салтанаты келіскен дү­ниежүзілік шаһарлар деңгейінде тұрған бас қаланың ажары жыл санап айшықтала түсуде. Еге­мен­ді­ке қол жеткізген алғашқы жыл­дарда жасалған тарихи таңдау өмір­­шең­дігін, дұрыстығын дә­лел­деді. Тә­уелсіздік өз таңдау жо­лын ұсы­нып, 1997 жылғы 20 қазанда Пре­зи­денттің Қазақстан астанасын Ал­ма­тыдан Ақмолаға көшіру ту­ра­лы Жар­лығы шықты. Осылайша, уа­қыт талабы тәуел­сіздік тұғырын Са­рыарқаның қақ төріне алып келді. Жаңа қаланың күн сайын өсіп, сәулеттене түскеніне бәріміз куә­міз. Шаһардың қос жағалауы ерке Есілді бойлай, қатар көр­кейді. Бү­гінде еңсесі биік, дү­ниежүзілік үл­гімен салынған зәу­лім ғи­ма­раттар салтанаты көз тартады. Ас­тана тек сәнімен емес, саяси ха­лық­аралық, эконо­ми­калық мәсе­лелерді шешетін, жо­ғары діни қа­уымдастық шара­ларын, бизнес, медиа форумдар, спорт, мәдениет мерекелерін және жасампаздық пен бірлік рухының туы көтерілген орынға айналды. Өзіне шығыстың дәс­түрлері мен заманауи батыстың ұмтылысын үйлестіретін елорда – мегаполистердің тұрақты да­муы­ның әлемдік трендтеріне бейім­дел­ген, тез және тиімді да­мушы инно­вациялар мен смарт-технологиялар қаласы. Бұл ора­сан жетістіктердің бәріне біз тәуелсіздік арқылы жет­тік. Сон­дықтан Нұр-Сұлтан қаласын тәуелсіздіктің ақ таңымен жеткен басты жетістігіміздің бірі деп айтудың үлкен мәні бар. Уақыттан оза шапқан бүгінгі астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі. Өзге өңірлер үшін өз бол­мысымен-ақ мотиватор болып отырған елорданың ертеңі қазір­гіден де жарқын, келісті, перс­пективалы бола бермек. Менің арманымдағы болашақ бас қала – әлемдік мақсаттарға ұмтылған, қарыстап емес қарыштап дамыған алпауытша алшаң баса бермек.

Нұрлыбек ОЖАЕВ, Мәжіліс депутаты