Елдігіміздің асқаралы асуы – Тәуелсіздіктің 30 жылдығы тарихи тұрғыдан бағамдағанда бір-ақ сәт болып көрінуі де мүмкін. Алайда керуен көштің соңына ілесу, елді дамыту, сол арқылы тәуелсіздікті тұғырлы ету оңай іс емес. Дегенмен 30 жылдағы жетістіктер ғасырларға татиды. Оны Елбасының «Тәуелсіздік тағылымы» атты мақаласын оқыған жан түсінсе керек.
Сенім мен рух
Тұңғыш Президент – Елбасының таяуда ғана жарыққа шыққан «Тәуелсіздік тағылымы» жазбасы – жүректен шыққан, жүректерге жеткен шынайы мақала. Жоғарыда аталған кездегі қиындықтардың бел ортасында жүргендіктен әр тарихи сәтті қаз-қалпында көз алдыңа әкелетінімен де құнды. «Адамзат тарихындағы ең айтулы оқиғаларға толы ғасырлар тоғысында елімізді басқару маған үлкен сеніммен қатар зор жауапкершілік жүктеді. Мен өзім басшылық еткен 30 жылға жуық уақыт бойына туған халқымның сенімін ақтау үшін бар күш-жігерімді аянбай жұмсадым». Міне, бұл – еш қоспасыз, Елбасы еңбегінің шынайы бағасы. Расында да, ел басқару, тыңнан түрен салып, тұралап қалған елді қуатты мемлекетке айналдыру, ел игілігіне қажетті заманауи жетістіктерді меңгеріп, қолданысқа енгізу – жазуға ғана оңай бастамалар. Оның астарында талай күн мен түнге ұласқан еселі еңбек жатқаны даусыз. 90-жылдардағы елдегі ахуалды көзбен көріп қана қоймай, жаңа жүйеге сай жұмыстар жүргізіп, ұйымдастыру саласында еңбек еткендіктен, сол шақта қиындықтарды бір кісідей білемін. Жоқшылық, мардымсыз электр қуаты, ірі қалаларға ғана тиесілі көгілдір отын, сапасыз байланыс. Біз көрген картина – осындай. Қазіргінің баласына айтсаң, құдды ертегі тыңдағандай әсерде болатыны шын. Осынау кезеңді артқа тастап, қазіргідей қуаты мол, жетістігі зор елге айналғанымыз – сөзсіз, тәуелсіздіктің жемісі.Елбасы мен егемендік – егіз ұғым
Басқаша болуы мүмкін емес. Өйткені ұлт Көшбасшысының қосқан үлесі орасан. Уақыт көші ілгерілеген сайын Тұңғыш Президенттің сіңірген еңбегі айқындала түсетіні де анық. Тұтас ұлтты ертеңгі күнге жетелеп, батыл бастамаларды жүзеге асырғаны, әлемдік деңгейдегі шешімдер шығарғаны ел жадында. Сол бір сәттерде Елбасының көздегені бір-ақ мақсат, бір-ақ мүдде – қазақ елінің ілгерілеуі. Ал алға қарай алшаң басып, еркін қимылдауы үшін, әрине халық сенімі қажет. «Маған батылырақ қимылдау үшін бүкілхалықтық мандат керек еді. Осылайша, 1991 жылдың 1 желтоқсанында ел тарихында тұңғыш президенттік сайлау өткізіліп, онда халықтың 98%-дан астамы қолдау білдірді. Бұл маған қанат бітіріп, еркін қимылдауыма жол ашты». Бұл – Елбасының сөзі. Алып-қосары жоқ ақиқат. Халық сенді, ел сенімі ақталды. Сөзге берік, антқа адал халықтың ұрпағы болғандықтан, бұл жауапкершіліктің де жеңіл жүк еместігін өзіңіз-ақ бағамдарыңыз хақ. Осылайша, ел сенімінен шығу жолында ұлт Көшбасшысы талай іргелі істерге ұйытқы болып, ел мүддесі жолындағы еселі еңбегін көз ілеспес жылдамдықпен жүзеге асыра бастады. Мемлекеттік рәміздер бекітіліп, төл теңгеміз айналысқа енді. Қарулы Күштер құрылып, қандастар атажұртқа ат басын бұрды. Шекарамыз бекітіліп, Ата Заңымыз қабылданды. Көпұлтты Қазақстанның өзіндік соқпағы қалыптасып, Қазақстан халқы Ассамблеясы секілді теңдессіз институт құрылды. Ядролық қарудан бас тартқан ел ретінде жаһандық бейбітшілікті қолдаған ұстанымы әлемге тарады. «Ынтымағы жарасқан елдің табысы тасып, абыройы асады. Берекесі қашқан елдің қуаты кеміп, құты қашады. 30 жыл ішінде біз ғасырларға бергісіз даму жолынан өттік. Ауыз толтырып айтар табыстарымыз да аз емес», – дейді Елбасы. Расында да жетістіктерді санап тауыса алмасымыз анық. «Қазақстан-2030», «Қазақстан-2050» бағдарламалары әлемдік саясаткерлер мен сарапшылар тарапынан «Қазақстан жолы» деген жоғары бағаға ие болған, ұлт дамуының даңғыл жолының өзегіне айналған – қос стратегия. Әр тарау, тармағында елдік мүддені көздеген құнды құжаттарды іске асыру аясында да іргелі бастамалар сәтті, нәтижелі жобалар жүзеге асты.Астана тарихы: ақиқатқа айналған арман
«Біздің еншімізге тарихымызда өз ауқымдылығы мен қиындығы жөнінен бұрын-соңды болып көрмеген жобаны жүзеге асыру – Сарыарқаның төріне, ерке Есілдің бойына ел қондырып, жаңа да әсем елорда салу мәртебесі бұйырды». Елбасының «Тәуелсіздік тағылымында» айрықша аталған тақырыптың тағы бірі – айшықты астанамыз. Сән-салтанаты келіскен дүниежүзілік шаһарлар деңгейінде тұрған бас қаланың ажары жыл санап айшықтала түсуде. Егемендіке қол жеткізген алғашқы жылдарда жасалған тарихи таңдау өміршеңдігін, дұрыстығын дәлелдеді. Тәуелсіздік өз таңдау жолын ұсынып, 1997 жылғы 20 қазанда Президенттің Қазақстан астанасын Алматыдан Ақмолаға көшіру туралы Жарлығы шықты. Осылайша, уақыт талабы тәуелсіздік тұғырын Сарыарқаның қақ төріне алып келді. Жаңа қаланың күн сайын өсіп, сәулеттене түскеніне бәріміз куәміз. Шаһардың қос жағалауы ерке Есілді бойлай, қатар көркейді. Бүгінде еңсесі биік, дүниежүзілік үлгімен салынған зәулім ғимараттар салтанаты көз тартады. Астана тек сәнімен емес, саяси халықаралық, экономикалық мәселелерді шешетін, жоғары діни қауымдастық шараларын, бизнес, медиа форумдар, спорт, мәдениет мерекелерін және жасампаздық пен бірлік рухының туы көтерілген орынға айналды. Өзіне шығыстың дәстүрлері мен заманауи батыстың ұмтылысын үйлестіретін елорда – мегаполистердің тұрақты дамуының әлемдік трендтеріне бейімделген, тез және тиімді дамушы инновациялар мен смарт-технологиялар қаласы. Бұл орасан жетістіктердің бәріне біз тәуелсіздік арқылы жеттік. Сондықтан Нұр-Сұлтан қаласын тәуелсіздіктің ақ таңымен жеткен басты жетістігіміздің бірі деп айтудың үлкен мәні бар. Уақыттан оза шапқан бүгінгі астана – тұтас еліміздің ертеңге деген үкілі үміті мен сенімінің көрінісі, арманы мен тілегінің кепілі. Өзге өңірлер үшін өз болмысымен-ақ мотиватор болып отырған елорданың ертеңі қазіргіден де жарқын, келісті, перспективалы бола бермек. Менің арманымдағы болашақ бас қала – әлемдік мақсаттарға ұмтылған, қарыстап емес қарыштап дамыған алпауытша алшаң баса бермек.Нұрлыбек ОЖАЕВ, Мәжіліс депутаты