Алтайдағы айтулы істер
Алтайдағы айтулы істер
264
оқылды
Биылғы жылдың ең айтулы датасы – ел Тәуелсіздігінің 30 жылды­ғына да санаулы күндер қалды. Егемендіктің 30 жыл­дық белесі – өткенге көз жүгіртіп, жеткен жетіс­тіктерімізді, бағындырған белестерімізді бағамдайтын мерейлі мезет. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа арнаған Жолдауында: «Тәуелсіздік – біздің ең қастерлі құндылығымыз. Қазақстан Тұңғыш Президентіміз – Елбасының дара саясатының арқасында табысты ел ретінде бүкіл әлемге танымал болды. Ең басты жетіс­тігіміз – біртұтас ел болып, жаңа мемлекет құрдық. Іргемізді бекітіп, еңсемізді тіктедік. Халық­аралық қауымдастықтың белді мүшесіне айнал­дық. Тұрақты қоғам қалыптастырып, орнықты даму жолына түстік. Мемлекеттілігімізді нығай­ту үшін бір ел болып еңбек етіп жатырмыз. Еге­мен­дік дегеніміз – жалаң ұран мен жалынды сөз емес. Біз үшін ең маңыздысы – әр азаматтың тәуелсіздік игілігін сезіне алуы. Оның басты көрінісі – елдегі бейбіт өмір, қоғамдағы тұрақ­тылық пен тыныштық. Сондай-ақ халықтың тұрмыс сапасының жақсаруы және жастардың болашаққа нық сеніммен қарауы» деген еді. Президент атап өткендей, Тәуелсіздік­тің 30 жылында еліміз биік белестерді бағындырып қана қойған жоқ, талай өтке­л­дерден өтті. Қиындықтарды да бастан кешірді. Оны да естен шығармағанымыз ләзім. Біздің Алтай ауданы да ел егемендігімен бірге есейіп, мемлекетіміздегі өзге де мыңдаған ауылмен қатарласа, қанаттаса көркейіп, көгеріп келеді. 30 жыл мұғ­дарын­да ауданымыздың әр саласында, әр ауылында көптеген өзгеріс болды. Өңір экономикасының өрлеген шақтары да, құлдыраған кездері де болғанын жасырмаймыз. 2000 жылдан бастап аудан экономикасы тұрақты даму бағдарын тапты. Әртүрлі мемлекеттік бағдарламаның көмегімен аймақта өндіріс өріс алып, ауыл шаруашылығы, шағын және орта кә­сіпкерлік дамыды. Тәуелсіздіктің 30 жылында Алтай ауданы Шығыс Қазақстан облысының өндірісі өркен жайған өңір­лердің біріне айналды. Бүгінде аудандағы 72 кәсіпорын өндіріспен шұғылданады, оның 67-сі – шағын, үшеуі – орта, екеуі – ірі өндіріс орындары. Әрине, бұл ретте «Қазцинк» ЖШС-ына қарасты «Алтай» тау-кен байыту кешені мен «Бұқтырма цемент компаниясы» ЖШС-ның орны бөлек. Өйткені бұл қос кәсіпорын өңірдегі өнеркәсіп өндірісінің өрлеуіне ғана емес, аудан халқының басым бөлігінің жұмыс­пен қамтылып, екі қолға бір күрек табуына үлкен үлес қосып отыр. Егемендік жыл­дары Алтайда «Фаворит», «ВЕРФ-строй» ЖШС секілді ағаш пен темір өңдейтін кәсіпорындар да аяғынан қаз тұ­рып, қалып­тасқан өндіріс орнына айналды. Аудан экономикасының басым бағы­ты­ның бірі – аграрлық сектор. Аймақтағы ауыл шаруа­шылығы саласының 75 пайызын өсімдік, 25 пайызын мал шаруа­шылығы құрайды. Біздің өңірде өндірілген бидай, күнбағыс пен рапс Қытай, Тәжік­стан, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Иран мен Моңғолияға, басқа да елдерге экспортқа шығарылады. Ауданда мал басы да көбейіп келеді. Қазір Алтайда 20 мыңнан астам ірі қара, 18 мыңға тарта ұсақ мал, 10 жарым мыңға жуық жылқы бар. «Шығыс» шаруа қожалығы «Сыбаға» бағдарламасымен «Аграрлық несие корпорациясы» арқылы Чехия мемлекетінен 100 бас асылтұқымды құна­жын сатып әкел­ді. «Еламан» шаруа қожалығы қазақ­тың асылтұқымды жылқы­ларын өсіруде. Бүгінде қылқұйрықтылардың саны мың басқа жуықтаған. Бес жылдан бері балық шаруа­шылығымен шұғылданып жатқан GrandFish ЖШС өнімдерін еліміздің түкпір-түкпіріне шығарып отыр. Омарта шаруашылығы да бізде жақсы дамыған. Соңғы жылдары өңірде ара ұяла­рының кө­беюі байқалады. 2011 жылдан бері олардың саны екі есе ұлғайып, бал өндіру көлемі жылына 340 тоннаға жетті. Бүгінде аймақта 350-ден астам адам омарта шаруашылығымен шұғылданып, 16 628 ара ұясын ұстап отыр. Ауылдарда бес тауарлы-сүт фермалары жұмыс істейді. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды жандандыру мақсатында Полянский ауылында 1 000 басқа арналған тауарлы-сүт фермасы­ның құрылысы басталды. Іске қосылған кезде жылына 6 500 тонна сүт өндірілетін болады. Құрылыс саласы да қарқынды. Әсі­ресе, әлеуметтік-мәдени нысандардың құры­лысына айрықша мән берілуде. Ауданда балабақша мәселесі толық шешілген деуге болады. 2011-2015 жылдары Алтай қаласында үш, Серебрянка шаһарында бір балабақша бой көтерді. 2015 жылы Чапаев ауылында мектеп салынды. 2016 жылы аудан орталығында 530 миллион теңгеге 100 орындық жабық хоккей модулі тұр­ғызылды. 2017 жылдан бастап аудан­дағы жылу құбырлары жаңартылды. Алтайда денсаулық саласына ерекше ден қойылған. 2018 жылы қалада барлық заманауи талаптарға сай келетін инсульттік орталық ашыл­ды. 2019 жылы облыс­тық бюжет қаржы­сына перзентханаға күрделі жөндеу жүргізілді. Екі жыл көле­мінде 357 миллион теңге қаржы бөлініп, мекеме жаңа құрылғылармен жабдық­талды. 2020 жылы қалалық ауруханада ангиог­рафиялық жабдығы бар операция­лық блок жұмысын бастады. 2021 жылы медициналық ме­кемелердің автопаркі ішіне ИВЛ, ЭКГ құрыл­ғылары орна­тылған 8 жаңа «Жеңіл жәр­дем» көлігімен толықты. Денсаулық сақтау нысандарында мамандар жеткілікті. Онға жуық дәрі­гер мен медбике шетелдің үздік клиникаларында білімін жетілдіріп, біліктілігін шыңдап қайтты. Алтай Тәуелсіздік жылдары еліміздің білім саласында көптеген өзгеріс болды. Бүгінде Алтай ауданында 40 мектеп жұмыс істейді, онда 7 525 оқушы білім алады. Ал өңірдегі 10 мектепке дейінгі білім беру мекемесінде 1 757 бүлдіршін тәрбиеленуде. 2018 жылы 10 робот техникасы сыныбы ашылды. 2019 жылы 30 мектепте ІТ сыныптар жұмысын бастады. 2020 жылы «Жұ­мыс­пен қамтудың Жол картасы» бағдарламасы аясында 26 жоба жүзеге асырылып, әлеуметтік нысандардың шатырлары ағымдағы жөндеуден өтіп, жылу жүйелері жаңғыртылды. Биыл қала­дағы 9 мектепке ағымдағы жөндеу жүргізіліп, 9 миллион теңгеге аудандағы 4 мектепке жылы дәретхана орнатылды. Ауылдардағы 5 мектептің жылу қазандықтарын ауыс­тыру­ға облыстық бюджеттен 32 миллион теңге қаражат бөлінді. Әрине, Алтай ауданы туралы сөз қоз­ғағанда туризм саласын айтпай кете алмаймыз. Бүгінде аймағымызда 102 туристік нысан қызмет атқарады. Туристер­дің көпшілігі Бұқтырма жағалауындағы демалыс орындарына келеді. Алты ай қысы бар ауданның климаттық жағдайы қысқы туризмді дамытуға да өте қолайлы. Мәселен, Северный ауылдық округінде жазғы туризм де, қысқы туризм де бар. Демалушылар жазда атқа мініп, балық ауласа, қыста шаңғы тебеді. Ауданда мәдениет саласына ерекше мән беріледі. Өңірде 13 Мәдениет үйі, 27 кітапхана мен Достық үйі бар. Мәдениет үйлерінің екеуі қалада, қалғаны ауылдарда орналасқан. Қазір Серебрянка қала­сында жобалық құны 731 миллион теңгені құрайтын спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар шағын шаһарда көпфунк­циялы мәдени-демалыс кешенін салу жоспарланып отыр. 2013 жылы аудандық «Горняк»  мәдени-демалыс орталығы жаңғыртылып, жаңартылды. 2020 жылы Жаңа Бұқтырма, Парыгино ауыл­дарын­дағы Мәдениет үйлері жөндеуден өтті. Алтайда спорт саласында да ауыз толтырып айтарлық жетістіктер аз емес. Ауданда 177 спорт нысаны, 3 балалар мен жасөспірімдерге арнал­ған спорт мектебі жұмыс істейді. Рио-Де-Жанейро Олим­пиадасының қола жүлдегері, үш дүркін Азия чемпионы, ауыр атлет Денис Уланов – біздің өңірдің мақтанышы. Мүмкіндігі шектеулі болғанына қарамастан, армрестлингтен екі мәрте Азия чемпионы атанған Сергей Андроповты, одан бөлек 20-ға тарта спорт шеберін тәрбиелеп шығарған бапкер Медет Рақымовтың еңбегі еселі. Алматыдағы Спорт академиясын бітірген білікті маман, еркін күрестен жаттық­тырушы Азамат Темірғалиевтің шәкірттері де қазір республикалық, халық­аралық жарыстарда топ жарып, жүлде салып жүр. Алтай қаласындағы ең жас әрі ең табысты спортшылардың бірі – 15 жастағы боксшы Асқар Әлішер. Серік Сембиев пен Иван Сос­новскийдің қарамағында жат­тығатын балғын былғары қолғап шебері Шығыс Қазақстанның 4 дүркін чемпионы, ел чемпионатының екі мәрте қола жүл­де­гері, көптеген республикалық, халықаралық турнирдің жеңімпазы. Айта берсек, Алтайда атқарылған іс көп. Әрине, мұның бәрі мемлекеттің, Үкіметтің, облыс басшылығының тікелей қолдауымен жүзеге асып жатқанын ерекше атап өткім келеді. Алда атқарар, қолға алар істер бұдан да ауқымды.

Қалиқан БАЙҒОНЫСОВ, Алтай ауданының әкімі