Еліміздің астанасы ресми ауысқан күн
Еліміздің астанасы ресми ауысқан күн

Біреу білер, біреу білмес, бірақ көпшілік үшін 10 желтоқсан да ұмытылмас күн. Бүгін – Қазақстан астанасының ресми ауысқан күні. Естеріңізде болса, 1997 жылы 10 желтоқсанда елдің жаңа бас қаласы жарияланды.

Еліміздің заманға лайық жаңа астанасын салу идеясы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевқа тиесілі екені баршаға аян. Сол кезде, 1994 жылы 6 шілдеде Елбасының ұсынысымен Қазақстанның Жоғарғы кеңесі елорданы Алматыдан Ақмолаға ауыстыру туралы шешім қабылдады. Араға үш жыл салып, 1997 жылы 20 қазанда Нұрсұлтан Әбішұлы астананы ауыстыру туралы жарлыққа қол қояды. Сөйтіп, 1997 жылдың 10 желтоқсанынан бастап Ақмола Қазақстанның астанасы құқығын иеленді. Елорданы ауыстыру туралы шешім қабылданған кезде, сол кездегі Ақмола қаласында 290 мыңдай ғана халық тұрған.

Осы өзгерістер жайында Елбасы өзінің «Еуразия жүрегінде» атты кітабында былай дейді: «Ақмола Қазақстанның географиялық орталығы деуге болатын, Қазақстан экономикасының өрлеуінде жетекші де өскелең нүктелері болып отырған маңызды шаруашылық өңірлерге жақын орналасқан. Қала ірі көліктік арналардың қиылысында, тоғыз жолдың торабында тұр. Бұдан басқа, қала Қазақстан үшін көптеген шет елге шығудың мейлінше төте жолы – трансеуроазия арналарына таяу қоныстанған», – деп жазған Нұрсұлтан Әбішұлы.

Жаңа астананың ресми тұсаукесер тойы 1998 жылдың 10 маусымына белгіленді. Бұл күн 2006 жылға дейін астананың туған күні ретінде аталып келді. Кейін парламент депутаттары заңға тиісті түзетулер енгізіп, мемлекеттік мейрамның датасын 6 шілдеге ауыстырды. Сонымен қатар бұл дата Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың туған күнімен тұспа-тұс келді. Сол жылдың 6 мамырында Президент жарлығымен Ақмола қаласының атауы Астана болып өзгертілді. Тіпті, сол жылдары елорда атауына қатысты түрлі ұсыныстар айтылды. [caption id="attachment_174752" align="alignnone" width="1200"]астана ©sputnik.kz[/caption] «Бір жолы түнде, дәлірек айтсам, сағат түнгі екіде Астана деген атау ойыма сап етіп, көкейіме қона кеткені. Астана дегеніміз – астана! Қазақша әдемі естіледі. Қысқа да нұсқа, әуезді. Орысша да, ағылшынша да солай естіледі. Бұл атауда батылдық, мығымдық және айқындық реңк бар. Астана! Біздің жалпы көңіл ауанымызды және астананы көшіруден күтерімізді бейнелейтін өте ауқымды әрі қысқа ұран сияқты. Бірақ бұл атауды қазақша пайдаланудың жаңылтпаш сияқты өзіндік ерекшелігі болғалы тұр. Мысалы, астанамыз Астана! Бірақ әлемдік тәжірибеде мұндай да мысалдар жетіп артылады. Мысалы, Бразилияның астанасы Бразилия. Міне, осылай! Сөйтіп, түн ортасында келген ой – Қазақстан астанасының жаңа атауы Астана көкейге біржолата ұялады», – деп жазды Елбасы сол бір естелігінде. Расымен, тәуелсіздік алғаннан кейінгі жасалған саяси, стратегиялық, тарихи қадам өз нәтижесін берді деуге болады. Себебі қала еліміздің экономикасының, саясатының локомотивіне айналды. Бұл ойымызға айтыскер, ақын, ҚР Мәдениет саласының үздігі, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Серікзат Дүйсенғазин де келіседі. Оның айтуынша, астана Арқаға көшкен кезде ол студент болған.

– Астанамыздың Арқаға көшкен күні әлі есімде. Ол кезде студентпін. Сол кезде академик ұстазымыз Зейнолла Қабдоловтың бата бергені бар. Содан бері көзді ашып, жұмғанша 24 жыл уақыт өте шығыпты. Біздің елордамыз, бүгінгі Нұр-Сұлтан қаласы адам танымстай өзгерді. Еуропаның, Азияның қалаларымен тайталаса алатындай көркем, сәулетті ғимараттар тұрғызылып, көрікті қалаға айналды. Елорда – біздің тәуелсіздігіміздің символы. Елорда арқылы жүргізіліп отырған Қазақстанның идеологиясы, мәдениеті әлемдік өркениеттің көшіне ілесіп, дамыған елдердің қатарына қосылсын деп тілеймін,  – дейді Серікзат Дүйсенғазин.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 2019 жылы 20 наурызда ұлықтау рәсімінде ел астанасын республиканың Тұңғыш Президентінің құрметіне Нұр-Сұлтан деп атауды ұсынды. Тоқаевтың бұл ұсынысын парламент пен қалалық мәслихат депутаттары бірауыздан қолдады. Осылайша, үш күннен кейін мемлекет басшысы тиісті жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, елорданың жаңа атауы Нұр-Сұлтан болып өзгертілді. Қалай десек те, елорданың Тәуелсіз Қазақстан тарихында орны бөлек.