Қазақстандағы автожол саласы: мүмкіндіктер мен жетістіктер
Қазақстандағы автожол саласы: мүмкіндіктер мен жетістіктер
©www.drive2.ru

Тәуелсіздік алған жылдардан бастап еліміз көлік байланысын дамытуды бірінші кезекке қойғаны белгілі. Сондықтан Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі тозығы жеткен жолдарды қалпына келтіруде қыруар жұмыс тындырды деуге болады. Бұған қала мен қаланы жалғап жатқан тақтайдай түзу жолдар, жанға жайлылық әкелетін автобандар дәлел. Отыз жыл ішінде облыстық және аудандық маңызы бар жолдардың 3 мың шақырымы салынып, 27 мың шақырымы жөндеуден өткен. Қазір бір­талай ауқымды бағдарлама іске асырылды, көлік қызметтерін көрсе­те­тін қолайлы бәсекелестік орта қалыптасты, құқықтық негіздің іргесі қаланды.

Мемлекетіміз аумағы бойынша әлемдегі тоғызыншы орында тұр. Оның үстіне, байтақ жерді мекендейтін халық саны да көп емес. Қалалар мен елді мекендердің арасы да алшақ. Міне, осы факторлар мен жаһанданудың үдемелі процестері автожол саласын дамудың басым бағытына, өзекті мәселесіне айналды.

Автожолдарды кеңейту төңірегінде қабылданған алғашқы бағдарлама­лар­дың бірі автожол саласын дамытудың 2001-2005 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы болды. Құжатқа сай 15 мың шақырым жол қайта қалпы­на келтірілді. Ертіс және Жайық өзен­дері үстіне жаңа көпір­лер салынды. Оңтүс­тік Қазақстан облы­сын­дағы Бағыс – Атамекен және Қызыләс­кер – Асықа­та автожолдарының инфра­құры­лымы жа­салып, оның бойын­да ірі жаңа нысан­­дар пайда болды. Ел үшін маңыз­ды рөл атқаратын Астана – Алматы автома­гис­тралі да қайта жаңартылды. Тіпті, 2009 жылы елімізде алғашқы «Астана – Бурабай» автобаны ашылды. Сонымен қатар, Қазақстан мен Қытай арасында ынтымақтастық байланысы нығая түсті. Себебі, 2004 жыл­ғы келісімі бойынша құрылған Ше­кара бойындағы ынтымақтастықтың «Қорғас» халықаралық орталығы Шығыс Азияға ашылғаны қақпа іспетті болды.

Екінші бір дүние –  теңіз порттарына шығу жолдарын ашу. Соның арқасында  Ақтау халықаралық теңіз портын қайта қалпына келтіру жолға қойылды. Бұл дегеніміз – Қазақстанның Каспий теңізі арқылы халықаралық көлік маршруттарына қосылуына мүмкіндік береді деген сөз. Осылайша, Қазақстан үшін Каспий арқылы Қара теңіз – Жерорта теңізіне және Балтық бассейндеріндегі Парсы шығанағы мен Оңтүстік-Шығыс Азиядағы порттарға төте жол ашылды. Әрі  транзит жүк ағыны үшін қолайлы жағдай туып отыр.

2000 жылдардың ортасында  Қа­зақстан Каспий және Қара теңіз ара­лы­ғында кеме жү­зе­тін «Еуразия» каналы құ­ры­лыс­ының жобасын ұсынды. Ал 2006 жылы ұлттық көлік жүйесін еуразиялық көлік дәліз­де­ріне кіргізуді басты бағыт етіп белгілеп, осы бойынша ауқымды жос­пар 2015 жылға дейінгі Көлік стра­тегиясында енгізілді. Кейінірек «Нұрлы жол» бағдарламасы қа­был­данды да, елдегі жол сапасын жақсарту, инфрақұрылымдық саланы индустриалды дамумен бір мезетте өркендету және осы бағыттар арқылы жаңа жұмыс орындарын ашу қолға алынды. Мұның нәтижесі де жоқ емес. Жібек жолы жобасы да қар­қынды дамып, Шығыс пен Батыс арасындағы тран­зиттік көпір­ге айналды, бұл Қазақ­стан эко­номикасының дамуына тың сер­­пін береді.

Елбасы­ бұл орайда: «Біздің та­ри­­­хымыз­да қазіргі кездегідей шет­сіз-шексіз дала­мыз­­ды қам­ты­ған жолдар салынған емес. Бүгінгі күні Шымкенттен Алма­ты­ға жылдам келуге болады. Шымкенттен Ақтө­­беге, одан әрі Ресейге Астана мен Бура­байдың арасындағы жолмен жүр­ген­дей, көзді ашып-жұмғанша жетіп барамыз. «Нұрлы жол» бағ­дарламасы бойынша Қазақ­стан аймақтарына автожолдар жан-жаққа қым-қи­ғаш тарам бо­лып салынып жатыр. Бұл – ұр­пақ­тан ұрпаққа жететін игі іс» деген еді. Расында да, «Нұрлы жол» бағдарламасының сәтті жобалардың біріне айналғанын көз көрді.

Еліміздегі автожолдардың жалпы ұзын­дығы – 96 мың шақырым. Оның 25 мың шақырымы – рес­пуб­ликалық маңызы бар күре жолдар болса, 71 мың шақырымы – жергілікті жолдар. 2021-2025 жылдар ара­лы­ғында автожол саласында рес­публикалық ма­ңызы бар 12 мың шақырым автожол салынып, ре­конструкцияланады. Жыл са­йын орта есеппен алғанда 200 мың адам жұмыспен қамтылып жатыр. Бүгінге дейін елдегі республикалық ма­ңыз­ға ие жол­дар­дың негізгі бөлігі күрделі жөн­деу­ден өтіп, 13 мың шақырым автожол қайта жа­ңар­тылған. [caption id="attachment_174794" align="alignnone" width="1200"]жол ©www.zakon.kz[/caption] Ең тиімді бағдарламаның бірі – «Нұрлы жол». Ол 2014 жылы Ел­басы­ жариялаған «Нұрлы жол – бо­лашаққа бастар жол» атты Жол­дауынан бас­тау алған еді. Екі үлкен бөліктен тұра­тын құ­жаттың бірінші бағыты – инфра­­құ­ры­­лымды дамыту. Бұл блог­тағы жоба­л­­ардың өзі 7 ба­ғыттан құралған. Оның бірін­шісі – көліктік-логистика инфра­құ­ры­лымын дамыту. Бұл ретте 2015-2020 жылдары «Орталық-Оңтүстік», «Орталық-Шығыс», «Орталық-Батыс» секілді ірі авто­жол жобалары іске асы­ры­лу көзделді. Нәтижесінде, 2019 жылға қарай бірыңғай көліктік және энер­гетикалық жүйе құрылды. Бірден «Нұрлы жол» ая­­сында 7 мың шақы­рым көлік жолын қалпына келтіру жұмыстары қолға алынды. Оның ішінде «Ор­талық – Оңтүстік» (Нұр-Сұлтан – Қарағанды – Алматы), «Орта­лық – Шығыс» (Нұр-Сұлтан – Павлодар – Өскемен) және «Ор­талық – Батыс» (Нұр-Сұл­тан – Ақтау) жол тораптарының маңыздысы деуге болады. Тіпті, Балқаш көлі арқылы өтетін көпір құры­лысының арқасында астанадан Ал­ма­­тыға дейінгі аралық 200 шақы­рым­ға қысқарды.

Сонымен қатар «Нұрлы жол» мемле­кет­тік бағдарламасы бойынша 2025 жылға дейін 24 мың ша­қы­рым жолды, яғни республикалық жол­дың бәрін қайта жаңарту және жол бойындағы қызмет көрсетуді қамта­ма­сыз ету міндеті тұр. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-ның мәліметінше, 12 мың шақырым жолдың 3,6 мың шақырымы – ауыспалы учас­ке­лер. Ал жалпы алғанда 2022-2023 жылдары Қы­зылорда – Жезқазған – Қарағанды, Жез­қазған – Петропавл, Қарағанды – Аягөз, Семей – Өскемен, Атырау – Орал  секілді 8,4 мың км жаңа жол пайдалануға берілуге тиіс.

Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке: «Нұрлы жол» мемлекеттік бағ­дар­ламасын іске асыру аясында көлік логистикасы жүйесінің тиімділігін арттыруды және елдің транзиттік әлеуетін одан әрі дамытуды тапсырды. Бүгінде 400 мыңнан астам адам жұмыс істейтін көлік саласы ел экономикасының сер­пін­ді даму драйверіне айналды. Қазақстан көлік саласын және көлік дәліз­дерінің тран­зит­тік әле­уе­тін дамыту үшін зор күш-жігер жұмсауда» деген еді. «Алыс жүрсек те жолмен» жүретін елдің көші түзу болсын! Қазақта «ауыр жол атанды сынайды» деген тәмсіл бар. Бастысы, ауыр жолда сынамайық.  Елдің экономикалық және саяси өмірінің маңызды саласына айналған көлік қатынасы автожолдарға тікелей байланған. Ендеше, бұл салада атқарылып жатқан ауқымды істердің бәрі ел игілігі үшін істеліп жатқанын сөзсіз.