Қазақстан Президенті Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысына қатысты, – деп хабарлады Ақорданың ресми сайты.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің (ЖЕЭК) биылғы қорытынды отырысы бейнебайланыс режимінде өтті.– Биылғы 9 айдың ішіндегі өзара сауда-саттық көлемі 32,5 пайызға артып, 52 миллиард долларға жетті. Бұл пандемияға дейінгі көрсеткіштен 16,5 пайызға жоғары. Одаққа мүше елдер арасындағы экспорт көлемі ұлғайды. Мысалы, Қазақстан экспортының өсім көлемі 39 пайыз болды. Салыстырмалы түрде алғанда Еуразиялық экономикалық одаққа мүше басқа да елдердегі экспорт көлемі артқан, – деді Мемлекет басшысы.
– Мұның бәрі бір күндік жұмыс емес екенін түсінеміз. Дегенмен, қазірдің өзінде олардың кейбірі табысты жүзеге асырылып жатыр, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның төрағалығы барысында атқарылған бірлескен жұмыстардың нәтижелеріне егжей-тегжейлі тоқталып, Еуразиялық экономикалық одаққа мүше елдердің үкіметтері мен Еуразиялық экономикалық комиссияның атқарған жұмыстары үшін ризашылығын білдірді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы жаңа сын-қатерлер жағдайында назар аударуды қажет ететін бірқатар ұсыныс айтты.
– Осыған байланысты үкіметтерімізге ғылыми-зерттеу институттарын қатыстыра отырып, машина жасау саласы үшін микрочиптер мен компьютерлік құралдар шығару жөніндегі бірлескен кооперациялық жобаларды жүзеге асыру мәселесін пысықтауды тапсыру ұсынылады. Кәсіпорындарымыздың қажеттілігін толық қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өндірістік база құру қажет, ал содан кейін экспортты жолға қоюға болады, – деді Қазақстан Президенті.
Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев құрғақтағы тасымал мәселесін дамытуды, «жүрдек» трансқұрлықтық дәліздерді ретке келтіруді және олардың өңірлік және жаһандық бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз етуді өзекті санайды. Осы ретте Президент Еуразиялық экономикалық одақтың тауар өткізу желісін құруға қатысты елдеріміздің бастамаларына назар аударды.
– Қазақстан кейінгі екі жыл бойы Көтерме-тарату орталықтарының ұлттық желісін құру жұмыстарын жүргізіп келеді. Біз Одаққа мүше елдердің тауар өткізу жүйесін қалыптастыруға және интеграциялауға белсенді атсалысуға дайынбыз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы кедергілерді, шектеулер мен алып қоюларды дәйекті түрде қысқартудың маңызды екенін айтты. Биылғы ақпан айында өткен Алқа отырысында Кедергілерді бөлудің әдістемесі бекітілді. Енді кедергілерді қарастырып, жүйелеу үдерісі, яғни олардың түрі мен қолданылу мерзімі бизнеске тиімді болу үшін регламенттелді. Президент шағын және орта кәсіпорындарды еуразиялық интеграция және кедергісіз сауда үдерісіне тарту ісін жалғастыруға шақырды.
– Біз биылдан бастап Еуразиялық интеграцияны дамытудың 2025 жылға дейінгі стратегиясын іске асыруға кірістік. Стратегияның ережелерін қатаң сақтап, Одақтың қазіргі құқығы аясынан шықпау керек деп есептеймін. Біздің жұмысымыз бен Одақтың қызметі жалпы сыртқы серіктес елдердің зор қызығушылығын туғызып отырғанын ескеру маңызды. Бұл бізге үлкен жауапкершілік жүктейді, – деді Мемлекет басшысы.
Жиын қорытындысы бойынша Одаққа мүше мемлекеттердің басшылары Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігіндегі интеграциялық үдерістерді одан әрі нығайтуға бағытталған 20 құжат қабылдады.
- Навигациялық пломбадағы бар ақпаратты қорғаудың бірыңғай шараларын әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын құру туралы.
- Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің 2020 жылғы 11 желтоқсандағы №16 шешімінің орындалу барысы туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2022 жылға арналған халықаралық қызметінің негізгі бағыттары туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақ жанындағы бақылаушы мемлекет мәртебесі туралы Ережеге өзгерістер енгізу туралы.
- Құрылыс саласында қызмет көрсетудің бірыңғай нарығының жұмысын қамтамасыз ету туралы.
- Қызмет көрсетудің бірыңғай нарығының жұмысы аясында бағалау қызметін іске асыру шарттарына арналған ортақ тәсілдер туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2021 жылғы бюджетінің жұмсалуы жөніндегі есеп туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың 2022 жылға арналған бюджеті туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақтың сотына жүгіну кезінде кәсіпорындар төлейтін салық мөлшерін бекіту туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақ органдарына төрағалық ету туралы.
- Қырғыз Республикасындағы мемлекеттік басқару секторының қарыз мөлшерін азайтуға бағытталған бірлескен шаралар туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында жеке секторлар жөніндегі либерализациялау жоспарын іске асыру туралы.
- Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің отырысын өткізу уақыты мен орны туралы.
- Еуразиялық экономикалық одақта тасымалдарды қадағалау үшін навигациялық пломбаларды қолдану жөніндегі келісім.
- Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттама («II Үлкен Хаттама»).
- Еуразиялық экономикалық одақ аясында аудиторлық қызметті жүзеге асыру туралы келісім.
- Кедендік транзиттің кеден рәсіміне сәйкес тауарларды тасымалдау кезінде кеден салығын, салықтарды, арнаулы, демпингке қарсы, өтемдік баждарды төлеу жөніндегі міндеттердің орындалуын қамтамасыз етуді қолдану ерекшеліктері туралы келісім.
- 2015 жылғы 8 мамырда қол қойылған Қырғыз Республикасының Еуразиялық экономикалық одақ туралы 2014 жылғы 29 мамырдағы шартқа қосылуына байланысты Қырғыз Республикасының 2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы Шартты, Еуразиялық экономикалық одақтың құқығына енетін жеке халықаралық шарттарды және Еуразиялық экономикалық одақ органдарының актілерін қолдану жөніндегі шарттар мен ауыспалы ережелер туралы Хаттамаға өзгертулер енгізу туралы Хаттама.