Елордада Nur Otan партиясының қолдауымен ҚР Мәдениет және спорт министрлігі мен Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Тәуелсіздік – қасиетім, қастерлім!» атты «Алтын домбыра» республикалық ақындар айтысы басталды. Екі күнге созылатын аламан ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылып отыр.
Дүбірлі думанда сөз алған Nur Otan партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек ел Тәуелсіздігінің мән-маңызы мен ұлт мәдениетін өркендетудегі ықпалына кеңінен тоқталды.«Біз қысқа уақытта ғасырға татитын жолды жүріп өттік. Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың басшылығымен қол жеткен табыстарымыз орасан. Ең бастысы, Тәуелсіздігіміздің тұғырын нығайтып, елдігімізді орнықты еттік. Мемлекеттілікті баянды етер ауқымды істер жолға қойылды. Айтыстың ұлттық өнер ретінде сақталуы, руханиятымызға еркін жол ашылуы да – Тәуелсіздіктің арқасы. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы уақытында «Мәдениет – ұлттың бет-бейнесі, рухани болмысы, ақыл-ойы, парасаты» деп атап көрсетіп, өркениетті ұлт өзінің төл мәдениеті арқылы ғана басқа елдерге танылатынын айтты. Тәуелсіздік алған сәттен бастап ұлт мәдениетіне ұдайы қамқорлық танытып, мемлекеттік қолдау көрсетті. Арнайы «Мәдени мұра» бағдарламасын ұсынып, оның аясында қаншама құнды жәдігерлер, жазба деректер жинақталып, рухани қазынамызды байытты, көптеген мәдени ошақтар жаңғыртылды. Елбасының бұл ауқымды жобасы кейіннен «Рухани жаңғыру», «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламаларына ұласқанын Өздеріңіз жақсы білесіздер. Жақында Елбасымыз «Елдіктің 7 тұғыры» атты қағидаттар жинағын жариялады. 30 жылдық дамуды қорытындылаған, келер ұрпаққа аманат ретінде айтылған бұл Жеті тұғыр – «Мәңгілік Ел» болуға бастайтын нақты қағидаттар», – деді Бауыржан Байбек.
Өз кезегінде, биыл мерейлі жетпіс жасқа толып, айтыстың абызы атанған Жүрсін Ерман ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған бұл аламанның бұрынғы айтыстан жөні бөлек екенін жеткізді.«Киелі мерекеміздің қарсаңында елордамызда екі күн бойы өткізілетін асыл қазынамыз, ақындардың жыр додасына қош келдіңіздер! Ғасырдан ғасырға жалғасып келе жатқан халқымыздың киелі айтыс өнерін құрметтеп, жаңғырту, оны кейінгі жас ұрпақтың санасына сіңіру – біздің міндетіміз. Халықтың рухани қазынасына айналған бүгінгі жыр додасы – ақындардың талантын шыңдайтын үлкен өнер жарысы. Биылғы Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығы, жыр алабы Жамбыл атамыздың 175 жылдығы сияқты айтулы мерекелер ақиық ақындарымыздың шығармаларына шабыт қосып, салмақты да, ойлы сөздермен өріледі деген сенімдемін. Бүгінде мәдениет саласында да төл өнерімізді, ұлттық мәдениетімізді сақтап, кейінгі ұрпаққа мирас ету бағытында үлкен жұмыс атқарылып жатыр», – деді министр.
«Көк туымыз төбемізде желбіреп тұрғалы 30 жыл болды! Бұл 30 жыл – тарих үшін қасқағым сәт болғанымен, Қазақстан үшін ғасырға бергісіз уақыт. 30 жыл бұрын картадан әрең табылатын Қазақстан, қазір әлем санасатын, елдің бәрі білетін, осында келіп келісім табатын, халықаралық айрықша шаралардың астанасына айналған уақыт болды. Бұл жылдардың ішінде Қазақстан өзінін тәуелсіздігін ғана жариялап қойған жоқ, рухани, әлеуметтік, экономикалық дербестігін де алып, қарыштап дамып келе жатыр. Оны көргісі келген адам көреді. Қазір Қазақстаннын халықаралық абыройына ешкім күмән келтіре алмайды. Осы 30 жылдықтың қарсаңында еліміздің әр жерінде үлкен-үлкен шаралар өтіп жатыр. Солардың бірі – бүгінгі «Тәуелсіздік – қастерлім, қасиетім» деп аталатын «Алтын домбыра» айтысы. Бұл аламанға биыл өңірлерде өткен айтыстардың жеңімпаздарын жинадық. Бәрі де жыр аламандарында елдің рухын көтеріп, басын біріктіріп, жақсылықты жырлап жүрген нағыз шашасына шаң жұқпаған жүйріктер», - деген Жүрсін Ерман аламанға түсетін ақындарды жеке-жеке таныстырды.Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай ұйымдастырылып отырған аламан айтыста еліміздің түкпір-түкпірінен келген 22 айтыскер ақын өзара сайысқа түсуде. Олардың арасында халықаралық және республикалық айтыстардың жеңімпаздары, «Алтын домбыра» иегерлері Бекарыс Шойбеков, Рүстем Қайыртай, Аспанбек Шұғатаев, Жансая Мусина, сонымен қатар айтыс ақтаңгерлері Еркебұлан Қайназаров, Серік Қуанған, Шұғайып Сезімхан және т.б. бар. Додада топ жарып, «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шыққан» жеңімпаздар ертеңгі ақтық сайыста анықталатын болады.