Алматыдағы «ҚДСЖМ» Қазақстандық медициналық университетінде елімізге белгілі дәрігер, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ардагері, «Белсенді ұзақ өмір» қоғамдық қорының президенті – Гүлшара Ғазизқызы Урмурзина «Көшбасшылық» тақырыбында актілік дәріс оқыды.
Саналы ғұмырын денсаулық сақтау саласына арнаған белгілі дәрігер-педиатр медицина қызметкерлері үшін білімді жетілдіру мәселесіне баса назар аударуға шақырды. 40 жылдан астам уақыт түрлі деңгейде басшылық қызметін атқарған Гүлшара Ғазизқызы алғашқы «Хоспис» мемлекеттік қайырымдылық мекемесін, Алматыдағы соматикалық балалар санаторийін, мейірбике күтімі ауруханасын құрған кездегі қызықты оқиғаларын айтып, жас әріптестерімен тәжірибесімен бөлісті.Актілік дәріс Урмурзина Гүлшара Ғазизқызының 80 жылдық мерейтойы аясында ұйымдастырылып, шараға Алматы қаласы әкімдігінің, Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық басқармасының өкілдері, «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Алматы қаласы бойынша филиалының басшысы, әріптестері мен замандастары, шәкірттері: Әбілдаев Т.Ш., Ахметов В.И., Султангазиева С.Е., Ержанов К.Д., Куракбаев К.К., Мадеева Ж.А., сондай-ақ Университеттің магистранттары мен докторанттары қатысты.«Басшы болу, әсіресе денсаулық сақтау саласында қызмет ету мамандыққа деген адалдықты талап етеді. Барлығы теориядағыдай оңай емес, кей кездері қалыпты емес шешім қабылдап, бірінші орынға әрдайым науқастың мүддесін кою үшін жұмыс істеу міндетті. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары отандық денсаулық сақтау саласында қызмет ету ешкімге де оңай болмады, қызметіне шын адал жандар ғана қадам басты. Содан да болар, ардагерлер бүгінге дейін тынбай еңбек етіп келеді. Бүгінде дәрігер боламын, қоғамдық денсаулық сақтау саласында қызмет етіп, менеджер атанамын деген әрбір жанға айтар кеңесім – қызметіне адал болып, үздіксіз білімін жетілдіру мәселесіне баса назар аудару керек. Себебі денсаулық сақтау саласына білікті басшы керек!» – деді Гүлшара Ғазизқызы.