Тәуелсіздік күні қарсаңында танымал азаматтар жоғары дәрежелі наградамен марапатталды. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі, белсенді қоғамдық қызметі үшін бір топ азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды. Олардың қатарында өндіріс, бизнес, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері, мәдениет және ғылым қайраткерлері, спортшылар, еңбек ардагерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері бар. «Қазақстанның Еңбек Ері» жоғары атағы әлеуметтік-гуманитарлық, денсаулық сақтау салаларын дамытудағы және өндірістік қызметтегі ерекше еңбегі үшін жазушы Ә.Әшімовке (Тарази), Нұр-Сұлтан қаласындағы «Онкологиялық орталық» МКК бас дәрігері М.Төлетаевқа, Шығыс Қазақстан облысының «Қазмырыш» ЖШС бас директоры А.Хмелевке берілді. Жазушы Әкім Тарази (Әкім Ұртайұлы Әшімов – ред.) - жазушы, драматург, сценарист. Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері (1999). Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының лауреаты (2007). Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры. 1933 жылы 9 қыркүйекте Алматыда туған.Орта мектепті 1950 жылы Жамбыл обылысы Луговой (Рысқұлов) Жаңа тұрмыс ауылында бітірген.- 1957 жылы Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетін бітірген.
- 1968 жылдан Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.
- 1956 жылдан еңбек жолын бастаған. Жамбыл облысының Шу ауданы мұғалім (1956-58), «Ара» журналында фельетонист (1958-59), «Қазақстан пионері» газетінде жауапты хатшы (1962- 70), «Қазақфильм» киностуциясында сценарийлік редакциялық алқа мүшесі, бас редактор болды.
- 1970-71 «Литературная газетаның» Қазақстан бойынша тілшісі.
- 1971-80 жылдары Қазақстан Кинематографиялық одағы басқармасының 1-хатшысы болды.
- 1986- 91 жылдары Қазақстан Жазушылар одағының хатшысы.
- 1991-93 жылдары Қазақстан Ресупбликасы Мәдениет министрлігінің кеңесшісі.
- 1993-95 жылдары «Қаржы-қаражат» журналының бас редакторы қызметтерін атқарды.
- 1995 жылдан Т.Жүргенов атындағы өнер академиясының доценті.
- 2009 жылдан Қазақ ұлттық өнер университетінің профессоры.
Әкім Тарази – Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының иегері. 1994 жылы Құрмет ордені, 1999 жылы – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, 2007 жылы – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығының иегері, 2015 жылы Отан орденін иеленді.