Атырау мамандандырылған тергеу соты жемқорлық жасады деген күдікпен ұсталған облыс әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова неге үйқамаққа ауыстырылғанын хабарлады.
"Сот күдіктінің жалғызбасты әйел екенін, Атырауда тұрғылықты мекенжайы барын, қылмыстық қудалау органдарынан жасырынбағанын және бұрын сотталмағанын ескерді. Ол кішкентай екі баласын жалғыз өзі тәрбиелейді, қарт анасын бағып-қағып отыр", – деп мәлімдеді Атырау мамандандырылған тергеу соты.Осыған байланысты сот Бақытгүл Хаменоваға қатысты үйқамаққа алу түрінде бұлтартпау шарасын таңдау қажет деген қорытындыға келген. Бұған қоса, қылмыстық қудалау органы сотқа Бақытгүл Хаменованың бостандықта істі тергеуге кедергі келтіретінін немесе қылмыстық процесс қатысушыларына қысым көрсететінін дәлелдейтін айғақ ұсынған жоқ. Бұдан бөлек сот күдікті тергеу мен соттан қаша алмайды деп шешті. Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменоваға қатысты іс Қылмыстық кодекстің 366-бабы 2-бөлігі «Қомақты көлемде пара алу» бойынша тергеліп жатыр. Бақытгүл Хаменованы Атырауға Нұр-Сұлтаннан арнайы келген сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігінің бір топ қызметкері ұстағанын жазған болатынбыз.