30 жылдық маңызды белес

30 жылдық маңызды белес

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Егемендігіміздің биылғы мерейлі датасына орай: «Биыл қастерлі Тәуелсіздігімізге 30 жыл толады. Бұл қайта жаңғырған қазақ мемлекеттігінің, ата-бабаларымыз аңсаған азаттықтың тұғыры нығая түскенін әйгілейтін маңызды белес», деген болатын. Қазақ халқының танымында да отыз жас маңызды белес саналып, жігіт баласына қарата «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмайсың» деп бекер айтпаған.

Орда бұзу – белгілі бір жетістіктерге қол жеткізу. Қазақстан Республикасының Егемендікті алғаннан кейінгі өмірін қарасақ, өткен уақытты сараласақ, Тәуелсіздіктің 30 жылында ел тарихында үлкенді-кішілі көптеген жұмыстар атқарылғанын: экономикамыз қарқынды дамып, әлеуметтік салаларда бұрын-соңды болмаған жетістіктерге қол жеткізгенімізді көреміз. Сонымен қатар мәдени-рухани өмірімізде де елеулі өзгерістер орын алды. Отанымыздың әлем елдері арасындағы беделі артып, көптеген беделді халықаралық ұйымдардың мүшесі атанды. Түрлі жылдарда ЕҚЫҰ, ИЫҰ, АӨСШК, ШЫҰ сияқты еңселі ұйымдарға төрағалық ете отырып, БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінің тұрақты емес мүшесі болғанда әрдайым әлемде бейбітшілік пен тұрақтылық орнатудың жаршысы болды. Бұл және басқа да жетістіктердің бастауын елдегі өскелең ұрпақты білімді де дарынды етіп тәрбиелеу шараларын дер кезінде қолға алумен байланысты деп білемін. 1993 жылы 5 қарашада «Болашақ» халықаралық стипендиясы тағайындалды. Бір ғана 2021 жылдың өзінде  бағдарлама аясында әлемнің үздік оқу орындарында білім алуға жағдай жасалып, 1500 ден астам стипендия бөлінді. Оның ішінде 555 стипендия магистратура, резидентура, докторантура және тағылымдама бағдарламалары бойынша бөлінген. 500 стипендия тағылымдаманың «ғалымдар» жаңа санаты бойынша берілді. Болашақтықтардың алғашқы легі бүгінгі таңда мемлекеттің барлық өңірлерінде, сан салада еңбек ете отырып, елеулі нәтижелерге қол жеткізіп жатқаны мақтанышымыз. Назарбаев зияткерлік мектептері мен халықаралық деңгейде мойындалып үлгерген Назарбаев университеті білімді жастардың ордасына айналды. Жастар біздің болашағымыз. Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан – дарынды жастар мекені. Ертең еліміздің абыройын асыратын да – осы талантты ұл-қыздар. Біз олардың өрісін ашып, қарым-қабілетін шыңдау үшін бар мүмкіндікті жасауға тиіспіз», – деген болатын. Қазақстан тәуелсіздігі дегенде бірден Қазақстан халқы Ассамблеясы ойға келетіні бар. Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті Н.Ә. Назарбаевтың Қазақстан халқы Ассамблеясының XIV сессиясында сөйлеген сөзінде   Ассамблея «көпшілік білмейтін құрылымнан ауқымды өкілеттігі бар конституциялық органға айналды». Қазақ халқының топтастырушы рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық азаматтық бірегейлікті және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде Қазақстан Республикасында этносаралық келісімді қамтамасыз етіп отырған ортақ ұйымымызға көптеген көрші елдердің қызығушылығы артқаны баршаға мәлім. Ішкі этносаралық ынтымақты сақтаумен қоса көрші елдермен достық қарым-қатынастарын жолға қоя алғаны Қазақтанымыздың тағы бір жетістігі. Ең алдымен ел шекарасын бекітіп, көрші елдер басшыларымен делимитация-демаркация келісімдері жасалды. 1994 жылы Қытай халық Республикасымен ортақ шекарамыз бекітілген болса, 2006 жылы Ресей федерациясымен соңғы келісімдер жасалды. Осылайша шекара мәселесі түбегейлі шешіліп, бұл мәселеде алаңдаудан құтылдық. Шекара мәселесінде туындаған араздықтардың нәтижесінде қырғыз-тәжік, әзербайжан-армян халықтарының арасында қарулы қақтығыстардың болғанын, бүгінгі таңға дейін шешімін таппағанын көріп отырмыз. Бүгінгі экономикалық тоқыраулар мен дағдарыстар орып алған, коранавирус пандемиясы бүкіл адамзатқа қасірет болған  ауыр кезеңде шекара мәселесі туындайтын болса жағдайымыз не болатын еді? Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың көрегенді саясатының арқасында шекара мәселесі дер кезінде шешімін тапты. Тәуелсіздің төл жемісі дегенде Ерке Есілдің жағасында орналасқан, жаңа ғасыр ғажабынан жаралған ертегідей елорда, әлемдегі ең жас қала – астанамыз Нұр-Сұлтанды атамауға болмас. Асыл тастан тұрғызылған асқақ қаламыз кең даладағы жай қала ғана емес, саяси ерік-жігер, үкілі үміт, көркею, тәуелсіздік көрінісінің нышанына айналды. Тарихқа бай Сарыарқаның ұлан-байтақ жерінде, қазақ жерінің қасиетті орталығында мемлекетіміздің жаңа астанасының бой көтеруі, жаңа бір мәдени-ғылыми, саяси ортаның шоғырлануы, Отанымыздың көркем, сәулетті, қуатты ордасының дүниеге келуі – игіліктің нышаны деп білеміз. Жаңа астана құру арқылы күллі жаһанға есігіміз ашылды. Елімізде көптеген халықаралық іс-шараларды өткізе алатын алаң пайда болды. Сонымен қатар, ЭКСПО-2017  көрмесін жоғары деңгейде ұйымдастыра отырып, еліміздің қауқарын жержаһанға мәлімдедік. Осы орайда Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің басты жетістігіміз – тәуелсіз Қазақстанды құрғанымыз. Елдің жаңа елордасы – Астананы салдық. Бұл заманауи қала біздің бойтұмарымыз бен мақтанышымызға айналды. Біз еліміздің мүмкіндігін әлемге көрсету үшін оның әлеуетін пайдалана алдық. Дәл сол себептен де халықаралық қауымдастық Қазақстанды ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу орны ретінде таңдады.» деп жоғары бағасын берген болатын. Халықаралық аренада «Астана процесі» деп аталып, Сирия жеріндегі соғыстар мен бейбіт тұрғындардың қанының төгілуін тоқтату бойынша келіссөздердің біздің елімізде өтуі де көп сұраққа жауап болды. Қазақстанның халықаралық және аймақтық қауіпсіздікті сақтап әрі оны нығайтудағы ықпалы  Астана процесі арқылы арта түсті. Бүгінде араағайындық, бітімгерлік бастамаларының, осы бағыттағы батыл қадамдары мен іс-қимылдарының жасампаз тарихын қалыптастырудағы қазақстандық моделді әлем елдері мойындады. Қазақстан әлемдік қоғамдастықтың ажырамас бөлігі бола отырып, өз дамуының жаңа кезеңіне қадам басты. Жаңа әлемдік тәртіптің қалыптасу жағдайында еліміз серпінді экономикасы, тұрақты саяси институттары және дамыған азаматтық қоғамы бар мемлекет ретінде біртіндеп орнықты даму жолына түсуде. Саясат алаңындағы соңғы өзгерістар, саяси ұйымдардың деңгейін арттыра келе олардың әлауқатын тұрғындардың игілігі жолында пайдаланумен ұштасады. Осы бағытта «Nur Otan» партиясының алар орны ерекше.  2025 жылға дейінгі «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы қабылданып, бүгінгі таңға дейін көзделген межелердің бір қатары еңсерілді. Жыл басында өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу жөніндегі Мемлекеттік комиссияның алғашқы отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздіктің 30 жылдығын тек мерейтой деп санауға болмайды. Ең алдымен, бұл тарихи оқиғаға идеологиялық тұрғыдан қарауымыз керек» деген болатын.  Бұл өте дұрыс ұйғарым. «Тәуелсіздік – ең басты құндылығымыз және ол бәрінен қымбат! Біздің міндетіміз – кейінгі ұрпаққа кемел және қуатты Қазақстанды аманаттау», – деп Қасым-Жомарт Тоқаев бекер айтпады. Тәуелсіздігімізді қастерлеуіміз қажет. Патриоттық тәрбие мен бәсекеге қабілетті жастарды тәрбиелеу маңызды.  Ұлттың сапасы оның азаматтарының жеке қасиеттерінен тұрады. Бұл дегеніміз - өзгермелі жағдайларға тез бейімделу, адами және әлеуметтік капиталды арттыру және оның сапасын жақсарту, азаматтық, патриотизм, білімділік, салауатты прагматизм және ел тағдыры үшін жауапкершілікті көрсету. Мемлекет басшысы айтқандай біз ел дамуына жас таланттарымыздың белсене араласуына баса назар аударуымыз керек. Олардың әрқайсысы Отанымыз жеткен жетістіктерге қатысы бар екенін сезініп, табыстарын мақтан тұтуы керек. Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын!

Ф. Қаратаев, Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжісінің депутаты, «NurOtan» партиясы Фракциясының мүшесі