Нұр-Сұлтан қаласы Экономикалық тергеу департаменті екінші тергеу бөлімі бастығының бұрынғы орынбасары, халықаралық іздеуде жүрген Дастанбек Қайырбеков ұсталды, – деп хабарлады Қаржылық мониторинг агенттігі.
"Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Қаржылық мониторинг агенттігінің елордалық департаменті іздеудегі аумақтық департаменттің тергеу басқармасы басшысының бұрынғы орынбасары Д.Қайырбековті ұстады. Оған қатысты лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдалану фактісі бойынша қылмыстық іс тергелуде", – делінген хабарламада.Қазіргі уақытта күдікті Нұр-Сұлтан қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Бұған дейін оны тауып берген адамға сыйақы жарияланғаны туралы жазған болатынбыз.