Ресей мектептерінде «Қазақстан тарихы» мен «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндері оқытылуы мүмкін

Қазақстан тарихы
©А.Ахметқазы

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман Скляр мен РФ Үкіметі төрағасының орынбасары Юрий Борисовтың төрағалығымен өткен пленарлық отырыста «Байқоңыр» кешені бойынша 7 үкіметаралық комиссия жұмысының қорытындысы шығарылды.

Келіссөздер барысында тараптар Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының "Байқоңыр" кешенін бірлесіп пайдалану перспективалары мен одан әрі дамытуға, сондай-ақ Байқоңыр қаласының әлеуметтік жағдайын жақсартуға қатысты өзекті бағыттардағы мәселелерді талқылады.

«Оның ішінде, Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде міндетті пәндер ретінде «Қазақстан тарихы», «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселе қаралып, Үкіметаралық комиссияның шешімімен РФ Білім министрлігі мен ҚР Білім және ғылым министрлігіне Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде «Қазақстан тарихы» және «Қазақ тілі мен әдебиеті» пәндерін енгізу туралы мәселені пысықтау жөнінде хаттамалық тапсырма берілді», – деп хабарлайды Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Комиссия отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баяндама жасап, бірлескен жұмыс нәтижесінде Байқоңыр қаласы бойынша бірқатар мәселелердің оң шешімін тапқанын мәлімдеген.

– Байқоңыр қаласында жұмыс істейтін Ресей мектептерінде "Қазақ тілі мен әдебиеті", "Қазақстан тарихы" пәндерін оқытуға қатысты Қазақстан тарапының бастамасын қолдағаны үшін Ресейлік әріптестерімізге ризашылығымды білдіргім келеді. Өз кезегінде Қызылорда облысының әкімдігі мектептерді тиісті біліктіліктегі қажетті педагогикалық құраммен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етуге көмек көрсетуге дайын, – деді Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова.

Екіжақты келісім арқылы Байқоңыр қаласындағы РФ орта мектептерінде білім алатын ҚР азаматтарына өздерінің мемлекеттік тілін дамытуына, патриоттық және рухани-адамгершілікке тәрбиелеу, ҚР заңнамасына сәйкес мемлекеттік білім гранттарын алуға тең қолжетімділікті қамтамасыз ету үшін жағдай жасалатын болады.

Сондай-ақ комиссия отырысында «Байқоңыр» кешеніндегі пайдаланылмай тұрған нысандарды жалға беруден шығару, есептен шығару және кәдеге жарату, Байқоңыр қаласының жылу электр станциясына табиғи газды жеткізу мәселелері бойынша екіжақты тараптардың ұстанымына қарай ортақ шешім қабылданбақ.

Қазіргі таңда, Байқоңыр қаласында 12 мектеп жұмыс істейді. Оның ішінде 5 мектеп ҚР Білім беру стандарттары бойынша, қалғаны РФ Білім беру стандарттары бойынша оқытылады. Жұлдызды қалашықта барлығы 9 232 оқушы білім алады.

Байқау айқын
Байқау айқын
Aikyn.kz | Бүгінгі жаңалықтар. Әлем және Қазақстан жаңалықтары.