Кез-келген ел үшін өз тәуелсіздігінен тағылымды, егемендігінен елеулі ешнәрсче бола қоймас. Мемлекеттің тұғырлы да баянды болуы жолында ұстаздар қауымының да еңбегі мен біліктілігі алғашқы орындардан көрінері шындық. Себебі, Тәуелсіздіктің болашағы бүгінгі алғыр да талантты шәкірттің қолында. Ұстаз, шәкірт сөздері біздің халқымызда өте қадірлі, қастерлі ұғымдар. Кішіпейілдік, адамдарға сүйкімділік, қызмет тазалығы, жақсы үлгімен тәрбиелеу – тәрбиенің басты адамгершілік ұстанымы. Мұғалім – оқушы атаулыға үлгі болатын, өмірдің сан алуан жолынан адаспай өтуде оған бағыт беріп, жөн сілтеуші, баланы адамгершілікке, еңбек сүйгіштікке, адалдыққа және басқа да сол сияқты ізгі қасиеттерге баулитын жан. Мұғалім өне бойы өзін сергек, көңілді ұстау керек. Балаға сіздің шаршағаныңыз, көңіл-күйіңіздің жоқтығы сезіліп отырады. Мұғалім біріншіден өте әділетті, шыншыл болуы керек. Бұл жерде Чеховтың «Өзіңді қарапайым жылы лебізіңмен сыйлата білмесең, құр қаталдықтан түк те шықпайды» деген нақыл сөзін ескеру біздерге өте лайықты. Сондай-ақ Ы.Алтынсариннің «Оқушы сабақты білмей қалса оған ұрыспау керек. Оған сабақты білдіре алмаған кемістікті өзіңнен іздеуің керек» деген өсиетін де есте сақтаған артықтық етпейді. Оқушы әрқашан сенің айнаң іспеттес. Сол оқушының алдындағы қадір-қасиетіңді жойып алмас үшін мұғалімнің бой-басы жинақы, қарапайым болуы керек, Кейде мұғалімдер арасында оқушы кінәлі болып қалғанда жазалай бергеннен гөрі оқушының жақсы қылықтарын да ескерусіз қалдырмай, оны дәріптеп, көтермелеп отыру мұғалім мен оқушы арасындағы қарым-қатынасты жақсартады. Шәкірт алдында қаншама сөйлегенмен, ойынан жылу, жанынан жарық шашыратпаған оқытушыдан шәкірт жылу таппайды. Мейірімі мол адам мейірімі мол адамның келбетінің өзі кез келген оқушығы еріксіз бас идіреді, оған шабыт бере отырып, батылдық, адалдық, шыншылдық, қарапайымдылық және игілік арқалаған ұлағатты нәрселерімен еліктіре түседі, Адамда жақсы қасиет болмаса оған бақ та, бақыт та қонбайды. Ал біз педагог болғандықтан біздің білім, тәрбие беріп отырған оқушыларымыз саналы, тәрбиелі болып өссе деп тілейміз. Бүгінгі уақыт желмен жарысқан жүйріктей жылдамдықты талап етеді. Білім саласында да жаңа реформалар қолдалынып келеді. Тәуелсіздігіміздің арқасында жаңа технологиялар дендеп енді. Мұғалімнің теориялық, методикалық, технологиялық біліктілік деңгейін үнемі жетілдіріп отыруы оқушылардың білімге қызығуын, сапалы үлгерімін жоғары көтере алады. Әрине, бүгінде қоғам да, адамда өзгереді. Өркениетті елдердің өнегелі үрдістеріне бет бұрдық. Бұған білім салсының ықпалы өте зор. Бүгінгі ұстаз шәкіртіне ғылым негіздерінен мәлімет беріп қана қоймай, оны дүниежүзілік білім, ақпарат, экономия кеңістігіне шығуға, яғни қатаң бәсеке жағдайында өмір сүруге тәрбиелеуі міндетіне айналды. Ол нағыз ұстаздың ғана қолынан келеді. Қазіргі уақытта мектебімізде стратегиялық жоспарларға сәйкес бірқатар жұмыстар атқарылуда. Оқу, ғылым, әлеуметтік салада біршама жаңалықтар енгізіліп , министрлік тарапына оң бағасын алуда. Осының бәріне де ұстаздардың қосқан үлесі орасан зор. Білімді ұрпақ-ертеңгі еліміздің еңсесін биіктетер азаматтар. Осы жолда жан аямай еңбек етудеміз. Ұстаздық еткен жалықпас, үйретеуден балаға деп Абай атамыз айтқандай, ұстаз еңбегінің қыр-сыры мол, қиын да жауапты, шағармашылық еңбек екендігін баршамыз мойындаймыз. Әрине, ұстаздар жүгі-ауыр жүк. Ұстаздардың әсерлі үнмен, асықпай мәнерлеп сөйлеген сөзінен әрбір оқушыға деген қамқорлық, аналық, әкелік сезімнің дана ойдың ыстық лебі есіп тұрғандай. Иә, адамның жан дүниесін түсініп, ренжітпей, қателігін сездіре білу-бұл нағыз шеберлік емес пе?! Алаш қайраткері Әлихан Бөкейхан «Алты алаштың ардақтысы бас қосса төрдегі орын мұғалімдікі» деген екен. Барлық саланың мамандарын түп негізінде тәрбие беріп қанаттандыратын саланың иелеріне қашан да дендеріне саулық, отбасыларына амандық, қызметтеріне шығармашылық шабыт, шәкірттері атын шығарар тұлға болсын деген тілектемін. Ел ертеңі жастарды тәрбиелеу, оларды білім нәрімен сусындату, елжанды, ұлтжанды ұрпақ қалыптастыру міндеті жүктелген осынау қиын да күрделі жолда тек сәттілік тілеймін.
Сөз соңында барша қазақстандықтарды киелі Егемендігіміздің 30 жылдық мерейтойымен шын жүректен құттықтаймын. Елбасымыз, Нұрсұлтан Назарбаев «Біздің байлығымыз бірлігіміз бен ынтымағымызда»,-деген болатын. Ауызбіршілігіміз берік, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын отандастар.
Нұрила Умарова, Алматы қаласы, Қ.А. Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі