Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Мемлекеттік наградалар мен сыйлықтар тапсыруға арналған салтанатты рәсімге қатысты. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады. Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде салтанатты жиынға қатысушыларды Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдығымен құттықтап, бұл мерекенің ұлт мерейін өсіретін ұлық мейрам екенін атап өтті.
– Біз тарих тұрғысынан алғанда қысқа мерзім ішінде жаңа Қазақстанның негізін қаладық. Тұғыры берік, экономикасы қуатты, беделі биік мемлекетке айналдық. Мұның бәрі, ең алдымен, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының жемісі. Сонымен бірге бүкіл халқымыздың ерен еңбегінің нәтижесі. Кез келген халықтың табысқа жетуі азаматтарына байланысты. Бұл – өмірдің заңы. Адам капиталы мықты мемлекет барлық қиындықты еңсере алады. Тәуелсіздік кезеңінде халқымыз елдіктің бірегей үлгісін көрсетті. «Еңбек – ырыстың бұлағы, бақыттың шырағы» деп бекер айтылмаған. Шын мәнінде, біздің бүгінгі жетістігіміз – барша халқымыздың ортақ жеңісі. Жаңа Қазақстанды өркендетуге азаматтарымыздың көбі сүбелі үлес қосты. Бүгінгі мерейлі сәтте еліміздің барша азаматтарына табанды еңбегі үшін зор алғыс айтамын, – деді Президент.Қасым-Жомарт Тоқаев Тәуелсіздіктің 30 жылдығы көпғасырлық мемлекеттілігіміздің маңызды кезеңі және заманауи Қазақстан жылнамасындағы айтулы белес екеніне тоқталды. Оның айтуынша, осы жылдар ішінде еліміз зор жетістіктерге қол жеткізген, күрделі сын-қатерлерді еңсерген үлкен жолдан өтті. Президент экономиканы және әлеуметтік саланы жаңғырту мәселесіне, соның ішінде өнеркәсіптің, ауыл шаруашылығының, құрылыс саласының, қаржы секторының қарқынды дамуына назар аударды. Өңірлерде ірі инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылып жатыр. Білім беру және денсаулық сақтау салаларында кешенді трансформация жалғасуда. Мемлекет зейнетақы, жәрдемақы және еңбекақы көлемін тұрақты түрде арттырып, өзінің әлеуметтік міндеттемелерін орындауда.
– Мемлекеттік басқару жүйесінде ауқымды өзгерістер болды. Мен халықтың тұрмыс сапасын арттыруға және еліміздің бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған 10 ұлттық жобаны бекіттім. Қоғамдық-саяси салада елеулі өзгерістер жасалуда. Мен ұсынған саяси реформалар топтамасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Біз Тәуелсіз Қазақстан тарихында алғаш рет ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткіздік. Биыл маусым айында адам құқықтары саласындағы алдағы шаралар туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат құқық қорғау саласын кешенді түрде жаңғыртуға бағытталған. Қоғамдық диалогті біртіндеп дамыту үшін нақты шаралар қолға алынып жатыр. Мұның бәрі азаматтарымыздың шешім қабылдау және мемлекеттік басқару ісіне белсене қатысуына жол ашады. Біздің мақсатымыз – тиімді мемлекет және әділетті қоғам құру. Бұл стратегиялық бағыт өзгермейді. Алдымызда халықтың әл-ауқатын одан әрі арттыру, қасиетті Тәуелсіздігімізді нығайту жөніндегі ауқымды міндеттер тұр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.Мемлекет басшысы Парламенттің қос палатасының төрағаларына, Премьер-Министрге және Мемлекеттік хатшыға Тәуелсіздік күні қарсаңында жергілікті тұрғындармен кездесу үшін аймақтарға барып, еңбегімен ерекшеленген азаматтарға мемлекеттік наградалар табыстау жөнінде берген тапсырмасы туралы айтты.