Малдың жайын баққан білер
Малдың жайын баққан білер
364
оқылды
Парламент талқылауына «Қосал­қы шаруашылық туралы заң жобасы түсті» деген әңгіме шыққалы бері ауыл­дағы ағайыннан күндіз күлкі, түнде ұйқы қашқан болар. Егер осы жоба қабылданып, мал басына шектеу қойылса, шалғайдағы ел күн­көрісінен айырылуы мүмкін. өнеркәсібі жоқ, жалақы алмайтын ауылдық жерде халық тек малдың арқасында өмір сүріп отыр. Сон­дық­тан көпшілік жұрт мұндай заң жобасын әзірлеушілердің кәсіби біліктілігіне күмәнмен қарайды.

Заң жобасының көздегені күмәнді

АШ министрінің кеңесшісі Төлеутай Рахымбаев заң жобасы жыл соңына дейін Парламентке енгізілетінін айтты. Құжатқа сәйкес, енді жұрт елді мекеннің ішінде үйірлі жылқы, табынды сиыр, отарлы қой-ешкі ұстай алмайтын болады. Жаңа талап қалалық жерге ғана емес, шалғайдағы ауыл­дарға да міндеттелген. Атқарушы би­лік осылай ауылдардың санитарлық талаптарын күшейтпек. Ауыл шаруашылығы министрлігінің дерегіне сүйенсек, 2020 жылдың қорытын­дысы бойынша Қазақстанда: жылқы – 3,100 млн бас, ірі қара – 7,8 млн бас, түйе – 225 мың бас, қой-ешкі – 22,9 млн тұяқ, шошқа – 822,2 мың және құстың саны 47,3 миллионға жеткен. Жалпы, кейінгі бірнеше жыл бойы республикада мал басы үздіксіз өсіп отырған, бірақ биылғы қуаң­шылықтың кесірінен жұрттың біразы қо­лын­дағы аша тұяқты қара-құраның басын әжептәуір кемітіп алды. Бүгінде ауылдық жерде 8 млн-ға жуық адам тұрады, олардың 500 мыңы ғана тұрақты жұмыспен қамтылған, қалғаны қолдарындағы төрт түліктің арқасында өмір сүріп отыр. Жұмыссыздық 90 пайызға жеткен, ал жұмыс істейтіндердің айлығы орташа көрсеткіштен екі есе төмен. Республикадағы 1 млн 636,2 мың жеке қосалқы шаруашылықтарда (ЖҚШ) кем дегенде 3,5 миллион тұрғын еңбек етеді. Осы саладағы жалпы өнімінің 41,5% үлесі ЖҚШ-ға тиесілі. Былтыр ЖҚШ жалпы сомасы 2,6 триллион теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіріп, елдің азық-түлік қауіпсіздігін нығайтуға сүбелі үлес қосты. «Қазына» агрохолдингінің басқарма төрағасы, Ұлттық қой өсірушілер қауым­дастығының жетекшісі Алмасбек Садырбаев ауылдық жерлерде мал басын шектеу­дің қисынсыз екенін айтады.
«Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен «Жеке қосымша шаруа­шылық жайлы» заң жобасын қабылдау тапсырылған-ды. Әрине, ол кісінің көздеген мақсаты дұрыс еді. Бірақ біздің Үкімет бұл заңды қазақтың шаруасына қарсы қылып шығарды. Неге десеңіз, Ауыл шаруашылығы министрлігі заң жобасын қосалқы шаруашылықтарды қолдау, біріктіру сияқты әдемі сөздермен әрлей келіп, «ауыл ішінде ұстайтын малдың санын шектеу қажет» дегенді қосып қойды. Ендігі жерде ауыл ішінде бір үйдің екі сиыр ұстауына бола ма, жоқ па, мұның өзі үлкен сұрақ болып тұр. Бұл заңның орындалуын әлбетте жергілікті әкімдік қадағалайды. Ертең бір қисық-қыңыр әкім Еуропаға барып келіп, ол жақтың бір қаңсық дүние­сін елге таңсық қып тықпалауы мүмкін. Мәселен, «Еуропада мал жүрмейді екен», «көшеде тезек жатпайды екен» деп ауылды сергелдеңге салмасына кім кепіл?!» – дейді ол.
Оның айтуынша, мұндай заң керек, бірақ қазіргі нұсқасы емес. Заң жобасынан «ауылдың ішінде малды шектеу қажет» деген тұсын мүлде алып тастау қажет. Елімізде ұсақ шаруашылықтарды айт­па­ғанда, шамамен 300 мың шаруа қожалығы болса, соның тек үштен бірі ғана мемлекеттік көмек алады. Ал мемлекеттік қол­дауға қолдары жетпей отырған қарапайым шаруалар өз жыртығын өзі жамауға мәж­бүр.

Мал санын шектегенше, жайылымды ұлғайтсын

Жалпы, мамандар қазір үйінде мал ұстайтындарға шектеу қойғаннан гөрі елдегі жайылым жерлерді ретке келтіру керек екенін ескертеді. Бүгінде республикадағы жалпы 272,5 млн гектар жердің 179,9 млн гектары шөлейттеніп кеткен. Сондай-ақ ауылда 300 мыңға жуық отбасы жерсіз қалып отыр. Жайылым жер және мал шаруа­шылығын дамытуға қатысты заң басқа елдерде де бар. Мәселен, Әзербайжан, Грузия, Армения, шаруалары жайылым жерлерді жалға алса, мемлекетке қомақты салық төлейді. Моңғолияда мемлекеттік қызметте жұмыс істейтін шенеуніктерге ірі көлемді жайылым жер берілмейді. Сондай-ақ бұл елде ірі кәсіпкерлер жерден тапқан пайдасын міндетті түрде мемлекетпен бөліседі. Пайдаланған жерін үнемі тың­айтып, күтіп отыруға міндеттелген. Бұл елдерде жерді пайдаланушының да, мемлекеттің де табыс табуы көзделген. Осыған ұқсас заң Өзбекстанда да, Беларусьте де бар, бірақ олардың заңында еш шектеу жоқ: екі елде де қосалқы шаруа­шылық кәсіпкерлік саналмайды және оны мемлекеттік тіркеу талап етілмейді. Үй жанында жеміс-жидек, көкөніс өсіретіндер «өзін-өзі жұмыспен қамтыған» мәртебесін ала алады. Өзбекстандағы заң қатаң реттеу шараларын да қарастырмайды, онда тек жеке үй жанындағы жер учаскелерін қосалқы шаруашылық жүргізу үшін пайдаланатын адамдардың құқы мен міндеті белгіленген. Мәселен, отбасылар өздері өсірген және өңдеген ауыл шаруашылығы өнімдеріне қандай баға қоюы тиіс екенін бірде-бір орган нұсқай алмайды, олардың өнімге тәуелсіз баға белгілейтіні, еркін өткізетіні және алынған кірістерді өз қалауынша жұмсайтыны жазылған. Үкімет шетелдерге жыл сайын 60 мың тонна ет экспорттайтын боламыз деп өзеурейді, бірақ мал басын шектейтін болса, экспорттайтын өнімді қайдан алмақ? Қазірдің өзінде шикізат жетіспегендіктен, елдегі ет өңдейтін зауыттар 50 пайыз қуатымен ғана жұмыс істеп тұр. Өйткені жайылым жер тапшы, мал азығы қымбат. Қазақ соған қарамастан бейнеттеніп, мал өсіріп отыр. Енді келіп олардың мал санын шектесе, онда ішкі нарықта еттің бағасы екі еселеніп, ет өңдейтін зауыттар мүлде тұралап қалмай ма?! Көкшетаулық фермер Ақан Жақыптың айтуынша, ауыл шаруашылығының басты тірегі, негізі – жер. Жерсіз егін егілмейді, шөп шабылмайды, мал жайылмайды. Су да керек. Осы екі нәрсені қамтамасыз етіп берсе, елдің азық-түлік мәселесі де шеші­леді, ауыл жұртына жұмыс та табылады. Сондықтан ол шалғайдағы ағайын үшін ең бірінші жайылым жайын шешіп беру керек деп санайды.
– Ауылдағы халық осы мал үшін отыр емес пе. Мал өсіріп, күн көріп жатыр. Шалғай жерде бір-екі сиыр, бес-алты қоймен күнелте алмайсың. Әр үйде кемі төрт-бес сиыр, 20-30 қой, екі-үш бие керек. Бір малыңды сатып, оның ақшасына екінші бір малыңды асырайсың. Жанармай қымбат болғасын шөп қымбат, астық қымбат болғасын жем қымбат. Қазақстан халқының саны көп емес, егер мемлекет ауылдарда мал ұстауға қолдау көрсетсе, түрлі жеңілдік жасаса, онда импорттық өнімдерді сырттан тасымай, республика халқы өз-өзін етпен, сүтпен, астықпен, көкөніспен толық қамтамасыз ете алатын еді. Тіпті, ауыл шаруашылығы өнімдерін көптеп экспортқа шығара алады. Малды азайтатын бұйрық шықса, онда жұрт ауылда неге отырады? Ертең бәрі де шұбырып қалаға көшеді. Қала кімді жарылқап жатыр еді? Үйсіз-күйсіз қазақтың санын одан сайын көбейтпек пе? – деп ашынады Ақан Жақып.
Атқарушы билік бұған дейін де елді мекендердегі мал бағымын заңмен реттеуге талпынып көрген. 2005 жылғы 31 жел­­тоқ­санда Үкіметтің қаулысымен мақұл­данған «Жеке қосалқы шаруашылық­тар туралы» заң жобасы Парламентке түскен. Бірақ ол депутаттардың қатаң сынына ұшырап, қабылданбай қалды. Сарапшылар шаруа қожалықтарының жер мәселесі шешілмей, ауылдың төңірегіндегі қоғам­дық жайылым реттелмей, қосалқы шаруа­шылықты, мал басын, жер көлемін шектеу дұрыс емес деп санайды. Осыған орай наразы қауым әлеуметтік желіде Үкіметке петиция жариялап, қол жинап жатыр. Олар дәл осы мазмұндағы аталмыш заң жоба­сының қабылданбауын және қоғамға жік салып, билік пен халық арасын бүлдіруге жол берген заң жобасы автор­ларының жазалануын талап етеді.