«Тальго» Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа жарты күнде жеткізеді
«Тальго» Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа жарты күнде жеткізеді
271
оқылды
Қазақстанда заманауи және қауіпсіз «Тальго» пойызы екі бағдар бойынша жіберілді. Енді Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа, сондай-ақ Алматыдан Маңғыстау облысына (және кері бағытта) жолға шыққан жолаушылар қалаған елді мекенге жедел және неғұрлым ыңғайлы жағдайда жетуге мүмкіндік алды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабар­лауынша, №603 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Арқалық» жолау­шылар пойызы Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол стансасынан алғаш рет рейске шықты. Жылжымалы құрам маршрутының қашықтығы – 609 шақырым, жалпы жүру уақыты 12 сағат 49 минутты құрайды. Пойыз екі құрамнан құралған және күн сайын қатынайтын болады. Олар­дың әрқайсысында 348 орындық «Турист» санатты, 2 «Бизнес» санатты, 1 «Гранд» санатты, 1 «Гранд PMR» санатты (мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін) вагондары, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана тіркелген. Ұлттық тасымалдаушы мереке қарсаңында Тальго вагондарынан құрастырылған «Алматы-2 – Маң­ғыстау» бағыты бойынша тағы бір №111 пойызын жіберді. Оның жал­пы жүру уақыты 41 сағат 49 ми­нутты құрайды. Ол да екі құрам­нан тұрады және жұп күндері жүреді. Жылжымалы құрамның әрқайсысында 324 орындық «Турист» санатты вагондар, сон­дай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған. Аталған бағдар жолаушылар пойыздарының жаңа кестесіне сәйкес 12 желтоқсанда іске қосыл­ды. Осы кесте бойынша, Қазақ­станда 118 жұп пойыз жүретін болды. Оның ішінде 95 жұп пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-қа (оның ішінде қала маңындағы тасымалдарды қоса алғанда – 61), ал қалған 23 – жеке тасымал­дау­шыларға тиесілі. Тальго пойызының жолау­шылары жол жүру кезінде ішкі сымсыз желі арқылы мультиме­диялық ресурстарды пайдалана алады. Әуетасымалдаушыла­рын­дағы сияқты жолаушылар өзде­рінің жеке құрылғыларының (ұялы телефондар, гаджеттер, портативті компьютерлер) көмегімен сер­верде алдын ала орналастырылған ойын-сауық бағдарламаларын, фильмдерді, ойындарды және тағы басқасын көре алады. Сонымен қатар компания мерекелік күндері өздерінің туыс­тары мен жақындарына барып шығуды қалайтындардың жайы туралы да ойластырған. Осыған орай желтоқсан мерекесі күндері – ҚР Тәуелсіздік күні мен Жаңа жылда «Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Шымкент», «Нұр-Сұлтан–Нұрлы жол–Алматы-1» және «Ақтөбе–Қызылорда» мар­шрут­та­ры бо­йынша қосымша үш жолау­шылар пойызы жіберілетін болды. Айта кетейік, осы күзде те­міржолшылар «Алматы – Өске­мен» және «Алматы – Маңғыстау» бағыттары бойынша купе ваго­н­дарға әйелдерге арналған билет­терді сату жобасын іске қосты. Егер оған сұраныс жоғары болып жатса, тасымалдаушылар бұл тәжірибені басқа бағыттарға да таратуды көздейді. «Әйелдер ва­гоны» жобасы теміржол билеттерін сату жүйесі мен процестерін әрі қарай дамыту және жетілдіру бойынша Жол картасы аясында жүзеге асырылады. Әйел жолаушыларға кәдімгі немесе жеке «әйелдерге арналған» вагонда жүруді таңдау құқығы беріледі. Бұл вагондар сыртқы кейпі бойынша да, сапар құны бойынша да қарапайым, стан­дартты вагондардан ерекшелен­бейді. Билет рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдердікі) қарпінің бар болуы ол вагонның тек әйел жо­лаушылардың жүруіне ғана ар­налғанын білдіреді. Компанияның түсіндіруінше, нәзік болмыс иелері жаңа қызметті лайықты бағалап үлгерді және оны өте қа­жетті деп тауып отыр. Қалай бол­ғанда да, бұл сегментке сұраныс бар. Сонымен бірге компания тұ­рақты түрде өз жолаушыларының мүлкінің бүтіндігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдауда. Мысалы, қазір теміржолшылар мен көлік поли­цейлері қауіпсіздікті күшейту жө­ніндегі Жол картасын пысықтауда. Таяуда 2022-2023 жылдарға арналған тиісті құжат жобасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ қозғалыс қауіп­сіздігі жөніндегі директор Марат Шәкеновтің төрағалығымен өт­кен кеңесте талқыға салынды. Жиынға құқық қорғау орган­дарының, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және магистралды желі дирек­циясының өкілдері қатысты. Теміржолшылардың көліктегі полиция қызметкерлерімен бір­лескен жұмысы пойыздардың жү­ріс қауіпсіздігін жақсартуға, темір­жол көлігіндегі құқық тәр­тібін қам­тамасыз ету саласындағы мәсе­лелерді реттеуге мүмкіндік береді. Құжатта кешенді заңнамалық және ұйымдастырушылық-тех­никалық іс-шаралар жазылатын болады. Жол картасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өз­герістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, теміржолдар арқылы жүру және өту қағидаларын бұзушыларға, сон­дай-ақ теміржолдар жанында мал бағушыларға салынатын айыппұл көлемі артады, Бұған қоса, стансалар мен вок­залдарда қосымша бейнебақылау камераларын орнату ұсынылады. Қазірдің өзінде 35 теміржол вок­залында шамамен 3 мың бейне­бақылау камералары жұмыс істейді. 2022 жылы олар тағы 22 вок­залда іске қосылмақ. Бейне­камералар сондай-ақ жолаушылар пойыздарындағы мейрамхана-вагондарда да пайда болады. Локомотивтер сыртқы және ішкі бақылау бейнетіркегіштерімен жабдықталады. Бүгінде бейне­бақылау жүйесі елордалық локомо­тив құрастыру зауытының кон­вейерінен шыққан 150 локомо­тивке орнатылған. KZ8A сериялы жаңа локомотивтерде бейнетіркеу функциясы бар «Борт» жүріс қауіп­сіздігі жүйесін іске қосу жос­парланып отыр. Мұның сыртында құжатта адам­дар мен малды басып кету санын азайтуға бағытталған про­филактикалық шараларға екпін түсірілген. Азаматтар теміржол өтпелерінен қауіпсіз өтуі үшін әкім­діктермен тізе қоса отырып, елді мекендер ішінде жолаушылар өтпесі немесе көпірлер, өтпежол­дар жасақталатын болады. Магис­тралды желі объектілерінде 82 жолаушылар көпірі, 3 жолау­шы­лар тоннелі, стансалар мен айы­рым пункттері аумағында 273 жо­лау­шылар төсемі, адамдар жаппай өтетін жерлерде, теміржол өтпе­лерінде 55 жолаушылар төсемі бар. Жыл сайын 10-15 стансада қо­сымша жолаушылар төсемі жаса­лады. Адамдар рұқсатсыз кесіп өте беретін ерекше қауіпті орындарда «Назар аударыңыз, жоғары қаупі бар теміржол аймағы», «Өтуге тыйым салынады», «Назар ауда­рыңыз – қауіпті аймақ», «Назар аударыңыз, электрлі кернеу» деген қауіп туралы ескертетін белгілер қойылады. Шамамен 700 ескер­туші белгі жаңартылды. Жол картасына сондай-ақ көлік­ полициясы қызметкерлерінің барлық жолаушылар пойыздарына ілесе жүруін қарастыратын бөлімді қосу ұсынылып отыр. Құжат биылғы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспар­ланған.