Қазақстанда заманауи және қауіпсіз «Тальго» пойызы екі бағдар бойынша жіберілді. Енді Нұр-Сұлтаннан Арқалыққа, сондай-ақ Алматыдан Маңғыстау облысына (және кері бағытта) жолға шыққан жолаушылар қалаған елді мекенге жедел және неғұрлым ыңғайлы жағдайда жетуге мүмкіндік алды. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, №603 «Нұр-Сұлтан-Нұрлы жол – Арқалық» жолаушылар пойызы Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол стансасынан алғаш рет рейске шықты. Жылжымалы құрам маршрутының қашықтығы – 609 шақырым, жалпы жүру уақыты 12 сағат 49 минутты құрайды. Пойыз екі құрамнан құралған және күн сайын қатынайтын болады. Олардың әрқайсысында 348 орындық «Турист» санатты, 2 «Бизнес» санатты, 1 «Гранд» санатты, 1 «Гранд PMR» санатты (мүмкіндігі шектеулі жолаушылар үшін) вагондары, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана тіркелген. Ұлттық тасымалдаушы мереке қарсаңында Тальго вагондарынан құрастырылған «Алматы-2 – Маңғыстау» бағыты бойынша тағы бір №111 пойызын жіберді. Оның жалпы жүру уақыты 41 сағат 49 минутты құрайды. Ол да екі құрамнан тұрады және жұп күндері жүреді. Жылжымалы құрамның әрқайсысында 324 орындық «Турист» санатты вагондар, сондай-ақ вагон-бар және вагон-мейрамхана қарастырылған. Аталған бағдар жолаушылар пойыздарының жаңа кестесіне сәйкес 12 желтоқсанда іске қосылды. Осы кесте бойынша, Қазақстанда 118 жұп пойыз жүретін болды. Оның ішінде 95 жұп пойыз «Жолаушылар тасымалы» АҚ-қа (оның ішінде қала маңындағы тасымалдарды қоса алғанда – 61), ал қалған 23 – жеке тасымалдаушыларға тиесілі. Тальго пойызының жолаушылары жол жүру кезінде ішкі сымсыз желі арқылы мультимедиялық ресурстарды пайдалана алады. Әуетасымалдаушыларындағы сияқты жолаушылар өздерінің жеке құрылғыларының (ұялы телефондар, гаджеттер, портативті компьютерлер) көмегімен серверде алдын ала орналастырылған ойын-сауық бағдарламаларын, фильмдерді, ойындарды және тағы басқасын көре алады. Сонымен қатар компания мерекелік күндері өздерінің туыстары мен жақындарына барып шығуды қалайтындардың жайы туралы да ойластырған. Осыған орай желтоқсан мерекесі күндері – ҚР Тәуелсіздік күні мен Жаңа жылда «Нұр-Сұлтан – Нұрлы жол – Шымкент», «Нұр-Сұлтан–Нұрлы жол–Алматы-1» және «Ақтөбе–Қызылорда» маршруттары бойынша қосымша үш жолаушылар пойызы жіберілетін болды. Айта кетейік, осы күзде теміржолшылар «Алматы – Өскемен» және «Алматы – Маңғыстау» бағыттары бойынша купе вагондарға әйелдерге арналған билеттерді сату жобасын іске қосты. Егер оған сұраныс жоғары болып жатса, тасымалдаушылар бұл тәжірибені басқа бағыттарға да таратуды көздейді. «Әйелдер вагоны» жобасы теміржол билеттерін сату жүйесі мен процестерін әрі қарай дамыту және жетілдіру бойынша Жол картасы аясында жүзеге асырылады. Әйел жолаушыларға кәдімгі немесе жеке «әйелдерге арналған» вагонда жүруді таңдау құқығы беріледі. Бұл вагондар сыртқы кейпі бойынша да, сапар құны бойынша да қарапайым, стандартты вагондардан ерекшеленбейді. Билет рәсімдеу кезінде «ЖН» (әйелдердікі) қарпінің бар болуы ол вагонның тек әйел жолаушылардың жүруіне ғана арналғанын білдіреді. Компанияның түсіндіруінше, нәзік болмыс иелері жаңа қызметті лайықты бағалап үлгерді және оны өте қажетті деп тауып отыр. Қалай болғанда да, бұл сегментке сұраныс бар. Сонымен бірге компания тұрақты түрде өз жолаушыларының мүлкінің бүтіндігі мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған шаралар қабылдауда. Мысалы, қазір теміржолшылар мен көлік полицейлері қауіпсіздікті күшейту жөніндегі Жол картасын пысықтауда. Таяуда 2022-2023 жылдарға арналған тиісті құжат жобасы «ҚТЖ» ҰК» АҚ қозғалыс қауіпсіздігі жөніндегі директор Марат Шәкеновтің төрағалығымен өткен кеңесте талқыға салынды. Жиынға құқық қорғау органдарының, «ҚТЖ-Жүк тасымалы» ЖШС және магистралды желі дирекциясының өкілдері қатысты. Теміржолшылардың көліктегі полиция қызметкерлерімен бірлескен жұмысы пойыздардың жүріс қауіпсіздігін жақсартуға, теміржол көлігіндегі құқық тәртібін қамтамасыз ету саласындағы мәселелерді реттеуге мүмкіндік береді. Құжатта кешенді заңнамалық және ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар жазылатын болады. Жол картасы Әкімшілік құқықбұзушылық кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырады. Атап айтқанда, теміржолдар арқылы жүру және өту қағидаларын бұзушыларға, сондай-ақ теміржолдар жанында мал бағушыларға салынатын айыппұл көлемі артады, Бұған қоса, стансалар мен вокзалдарда қосымша бейнебақылау камераларын орнату ұсынылады. Қазірдің өзінде 35 теміржол вокзалында шамамен 3 мың бейнебақылау камералары жұмыс істейді. 2022 жылы олар тағы 22 вокзалда іске қосылмақ. Бейнекамералар сондай-ақ жолаушылар пойыздарындағы мейрамхана-вагондарда да пайда болады. Локомотивтер сыртқы және ішкі бақылау бейнетіркегіштерімен жабдықталады. Бүгінде бейнебақылау жүйесі елордалық локомотив құрастыру зауытының конвейерінен шыққан 150 локомотивке орнатылған. KZ8A сериялы жаңа локомотивтерде бейнетіркеу функциясы бар «Борт» жүріс қауіпсіздігі жүйесін іске қосу жоспарланып отыр. Мұның сыртында құжатта адамдар мен малды басып кету санын азайтуға бағытталған профилактикалық шараларға екпін түсірілген. Азаматтар теміржол өтпелерінен қауіпсіз өтуі үшін әкімдіктермен тізе қоса отырып, елді мекендер ішінде жолаушылар өтпесі немесе көпірлер, өтпежолдар жасақталатын болады. Магистралды желі объектілерінде 82 жолаушылар көпірі, 3 жолаушылар тоннелі, стансалар мен айырым пункттері аумағында 273 жолаушылар төсемі, адамдар жаппай өтетін жерлерде, теміржол өтпелерінде 55 жолаушылар төсемі бар. Жыл сайын 10-15 стансада қосымша жолаушылар төсемі жасалады. Адамдар рұқсатсыз кесіп өте беретін ерекше қауіпті орындарда «Назар аударыңыз, жоғары қаупі бар теміржол аймағы», «Өтуге тыйым салынады», «Назар аударыңыз – қауіпті аймақ», «Назар аударыңыз, электрлі кернеу» деген қауіп туралы ескертетін белгілер қойылады. Шамамен 700 ескертуші белгі жаңартылды. Жол картасына сондай-ақ көлік полициясы қызметкерлерінің барлық жолаушылар пойыздарына ілесе жүруін қарастыратын бөлімді қосу ұсынылып отыр. Құжат биылғы жылдың соңына дейін қабылданады деп жоспарланған.