Елімізде желтоқсан айының 15-інен бастап тірі малды, картоп пен сәбізді экспорттауға тыйым салынбақ. Бұл Үкіметтің шешімі. Алайда экспортқа тыйым ішкі нарықтағы бағаның төмендеуіне ықпал ете ме? Өйткені ішкі нарықта ірі қара мал мен ұсақ қара малдың етінің қымбаттауы байқалып отыр.
Бағаны ауыздықтаудың бір шарасы
Өткен қараша айында республика бойынша сиыр етінің 1 келісі орташа бағамен 2 239 теңге болыпты. Жыл басынан бері бұл баға 15%-ға, яки 292 теңгеге қымбаттаған. Ал қой еті 21%-ға қымбаттап (419 теңге), 1 келісі 2 409 теңгені құраған. Бұл ретте ет өңдеуші кәсіпорындар өндірістік қуатының тек 40-50%-ында жұмыс істеп тұр. Биылғы 10 айда 173 мың тонна ет өңделген, бұл барлық ет өндірісінің 18%-ы ғана. Сонымен қатар тірі мал экспортының артқаны байқалған. Соның ішінде – бұқашықтар мен марқалар көп. Мәселен, жыл басынан бергі 10 айда шетелге 161 мың бас ІҚМ жөнелтіліпті. Бұл 2020 жылғы көрсеткіштен 5,6 есе көп. Ал ҰҚМ экспорты 6,7 есеге артып, 112 мың басты құраған. Бұл қарқынмен жыл соңына дейін шетелге жіберілген ірі қара мал саны 200 мың басқа жетуі мүмкін деп болжанған. АШМ бұл жағдайдың соңы тағы да ет пен ет өнімдері бағасының өсуіне алып келуі мүмкін деп отыр. «Картоп пен сәбізге келер болсақ, биылғы жиналған егін мол болды. Ол ішкі тұтынуға да, экспортқа да жетеді. Әйтсе де, көрші елдерде биыл көкөніс өнімдері аз шықты, сондықтан да бұл сұранысты арттырып, ішкі нарыққа салмақ түсіруі мүмкін. Өйткені ондағы баға жоғары болатындықтан, экспортерлер өнімін бірінші кезекте сол жаққа жіберуді ойлап тұрады. Осындай объективті себептер ескеріліп, тыйым салуға шешім қабылданды», – делінген ведомство таратқан хабарламада.«Түбегейлі қарсымыз!»
Еліміздегі 278 мың шаруаның жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүрген Фермерлер одағының өкілдері бұл шешіммен түбегейлі келіспейтінін айтады. Өйткені ол біржақты қабылданған. Ведомствоаралық комиссия шекараны жаппас бұрын жағдайды саралап, тиісті ұйымдармен ақылдасып алуы керек еді. Мұндай белден басқан үзілді-кесілді шешімдермен шаруалар экспорттық нарықтан айырылып қалуы мүмкін. «Бізде қанша өнім өндірілгені, қанша валдық жиын-терін болғаны жөнінде көптеген статистикалық мәлімет бар. Оны халық санына шағып, тұтыну көлемін анықтауға болар еді. Мәселен, мен осының бәрін саралап, белгілі бір миллион тонна өнімді міндетті түрде осындай бағада сату керек деген квота енгізуді ұсынған болатынмын. Сонда ешқандай да азық-түлік қауіпсіздігі туралы мәселе болмас еді. Оған құлақ асқан ешкім жоқ. Екі министрлік бір-бірімен тіл табыса алмады ма, өзара келіспестен, көкөніс сақтау қоймаларына инвентаризация жүргізбестен, бір тарапты шешіммен шекараны жаба салды. Енді, міне Өзбекстан картопты Ираннан, Ресей Беларусь елінен сатып алып отыр. Нәтижесінде, шетелдіктермен форвардтық келісімшарттарын орындай алмай отырған біздің шаруалар ұтылып жатыр. Бұл – дұрыс емес!», – дейді Қазақстан Фермерлер одағының өкілі Игорь Жабяк. Шекараны жапқанмен, баға түседі дегенге шаруалар сенбейді. Өйткені картоп жинау кезінде диқандар картопты 80-120 теңгеден сатса да, базардағы баға 200-240 теңгеден түспеген. Оның сыртында көп фермердің картоп сақтайтын орны жоқ. Үлкен буын, орта буындылары бар, бірақ бірен-саран ғана. Ал кіші буындылары мүлдем жоқ. «Тамақ өнімдерін тұтынудың ғылыми негізделген физиологиялық нормалары бар. Ол бойынша, мәселен картопты алайық, жылына жан басына шаққанда орташа есеппен 100 келі кортоп желінеді екен. Біздің елде 19 миллион халық бар. Сонда жылына тамаққа 2 миллион тонна картоп пайдаланады екенбіз. Ал статистикалық мәліметке сүйенсек, Ұлттық бюро былтыр елімізде 4 миллион тоннадан астам картоп жиналды деген ақпарат таратты. Енді есептеп көрейік, оның жартысы ішкі нарықты қамтуға кетті делік, бір миллионы тұқымдыққа қалсын. Сонда тағы бір миллион өнімді қайда жібереміз? Картоп дегенің тоңазытқышқа салып қойсаң, ұзаққа шыдайтын ет емес. Қыста олар тез үсіп, іріп-шіріп кетеді. Оны сақтай алмасақ, 1 миллион өнімді экспортқа жібермегенде қайда жібереміз?», – дейді Қазақстан Фермерлер одағы басқарма төрағасының орынбасары Ермек Әбуов. Оның айтуынша, бұл тұста тағы да фермерлер зардап шегеді. Онсыз да қарайған шығыннан шығып кету үшін әрбір күнін, әрбір тиынын санап отырған олар бұлай жалғаса берер болса, келер жылы картоп өсіруден бас тартып, картопсыз қалуымыз ықтимал. Сондықтан да экспорттық тыйым мәселесіне біржақты қарауға болмайды.Пайданы алыпсатарлар көреді
Бүгінгі нарықтағы бағаға тоқтала кетсек, шаруалар 1 келі сиыр етін 1 500-1 900 теңгеге тапсырады екен. Әр өңірде әртүрлі бұл диапазон екі жылдан бері өзгермеген. Ал базардағы баға қазір 2 700-3 600 теңгеге дейін шарықтап тұр. Бұдан фермерлерге келетін ешқандай пайда жоқ. «Мұнда таза пайда көріп отырған, ол – алыпсатарлар. Сондықтан да Сауда және интеграция министрлігі бірінші кезекте осыны қадағалауы керек. Біздің тарапымыздан СИМ-ге «неліктен фермерлер еңбегінің жемісін көре алмайды, ал алыпсатарлар неге пайда табуы тиіс?» деген көптеген хат жолданды. Бірақ жауап ала алмай отырмыз. Шаруа 365 күн малдың артынан жүреді, жемшөп, жанар-жағармай қымбат, утильдік алым бар, суармалы судың бағасы көтеріліп жатыр, бәрінің азабын шаруа тартады, ал пайданы алыпсатарлар көреді. Неге? Бұлай жалғаса беретін болса, елімізде шаруа қалмайды. Бағаға Ауыл шаруашылығы министрлігі жауап бермейді. Сондықтан СИМ-нен сұрау керек. Өйткені бұдан фермерлер де, тұтынушылар да, мемлекет те ұтылады», – дейді төраға орынбасары Ермек Әбуов.Өнімі алқапта шіріген шаруа көп
Мұндай экспортқа тыйымның елімізде шаруаны шығынға батырған кезі аз емес. Солардың бірі – жамбылдық фермер Медеу Шақанов. 2019 жылы Ресейге 500 тонна жуа сатамын деп жолға шыққан ол шекарада 20 күн тұрып қалып, пайдадан қағылғанымен қоймай, шығынға ұшыраған. «Сол кезде бағаның шарықтап тұрған кезі еді. Орташа бағамен 1 келісін 170-180 теңгеге беретін болып келіскенбіз. Бірақ бізді шекарадан жібермей қалды. 20 күн дегенде зорға өтіп, Мәскеуге жеткенімізде тауарымыз ешкімге керексіз болып қалды. Оны 70-80 теңгеден әрең саттық, онда да жартысын ғана. Бұл біздің тасымал шығынымызды ғана жапты. Қалғаны ысырап болды. Келесі жылы қайта егін егуге тұқымдық жуа алу үшін несие рәсімдеуге мәжбүр болдым. Өйткені тамшылатып суару әдісіне көшіп жатқан болатынмын», – дейді ол. Одан бөлек, пандемия басталған уақытта әлеуметтік желіде шу болып, қоғамдық резонанс тудырған Түркістандағы оқиға қалың жұртшылықтың есінде болар. Онда алқапта пісіп тұрған қырыққабат көкөнісін трактормен таптап жүрген шаруалардың видеосы тараған болатын. Бүкіл әлемде шекара жабылған шақта өнімін өткізе алмасына көзі жеткен шаруалар 250 тонна болатын қырыққабат өнімін жинамастан, алқапты сол күйі қайтадан соқа салып жыртып тастаған болатын. Өйткені ішкі нарық толық, экспорт жабық, қырыққабаттың бағасы 1 келісі 10 теңгеге дейін түсіп кеткен еді. Ол ақша егінді жинау шығынын да жаппайтын. Бұл тұста несиесі жабусыз қалған фермерлер жеңілдікті несие беру үшін кепілге жылжымайтын мүлік сұрайтын Ауыл шаруашылығы министрлігін төтенше жағдай жарияланған қиын кезеңде алдын ала логистикалық мәселелерді шешіп қоймағаны үшін кінәлаған болатын.Статистикаға сенім аз
Бағаны түсіру немесе тұрақты ұстап тұру үшін экспортқа тыйым салып қоя салу аз. Өйткені бұл – кешенді проблема. Әуелі ішкі нарықты етпен толық қамтып алу қажет. Мәселен, статистикалық мәлімет бойынша, қазір ең көп сұранысқа ие сиыр етімен республиканы тек 95% ғана қамтып отыр екенбіз. Қалған тұсын шетелден алдырамыз. Бізге көбіне Беларусь мемлекетінен сапасы төмен ІІ категориялы сиыр еті келеді. Ал сапалы сиыр еті экспортқа жөнелтіліп жатыр. «Біздің позициямыз – сиыр етін экспортқа шығаруға қарсылығымыз жоқ, ол – еліміз үшін тиімді. Бірақ оларды сыртқа жібергеннен гөрі қайта өңдегеніміз дұрыс. Біздегі ет өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру қажет. Қазір олардың жүктемесі 50%-ға әрең жетіп отыр. Көбі қаңтарылып тұр. Егер оларды іске қосса, бюджетке салықтай түсім түсер еді. Жұмыс орындары ашылар еді. Ол үшін Үкімет оларға қаражат бөлуі тиіс. Ет экспортқа өңделген қалпында шығарылсын деген Президенттің де тапсырмасы бар. Оған шектеу болмауы керек. Өйткені сырттан келетін, мәселен Ресейден келетін шұжық өнімдерінің сапасы күмән тудырады», – дейді Ермек Әбуов. Оның айтынша, сол сияқты Ұлттық бюро келтіретін статистикалық мәліметтерге күмән көп. Ішкі нарықты қамту 95%-ға жетпеуі де мүмкін. Өйткені біздегі қара мал етінің импорты жыл сайын 30 мың тоннадан азайған емес. Бұл ішкі нарықтың 5%-ынан көп. Ал бізден сиыр етінің бір келісін 2 100 теңгеге сатып алып отырған өзбектер оны өңдеп, ішкі нарығымен қатар экспортқа да жіберіп жатыр.