Халық санағының мәліметтері мәлім болды. Алайда Ұлттық науқанның онлайн мен офлайн кезеңіне де қатыспағандар санақтың қорытындысына күмәнмен қарайды. Оның үстіне, арғы жылдармен салыстырғанда адам басына шаққандағы шығын азайтылғанымен, санаққа бөлінген сома артқан. Бұдан бөлек, көпшіліктің қытығына тиген түсініксіз сұрақтың қандай тиімділігі болғанын жұрт түсінбей дал. Биыл 1 қыркүйек пен 30 қазан аралығында жүргізілген Ұлттық халық санақтың алғашқы нәтижелері бойынша, қазақстандықтардың жалпы саны 19 169 550 адамға жетті. Сөйтіп, елдегі қазақтардың үлесі 70,18 пайызға жеткені сүйіншіленгенімен, санақтың нәтижесіне күмән тудырғандар да бар.
Халық санағы не үшін қажет?
Ұлттық санақ халықтың нақты саны, жасы мен жыныстық құрамын, урбанизация дәрежесін, тексерілген, негізделген басқарушылық шешімдер қабылдау үшін аса қажет. Яғни, елдің жынысы мен жасы, неке жағдайы, ұлттық құрамы, азаматтығы, ұстанатын діні, білім деңгейі, тілдерді меңгеруі, отбасылардың саны мен көлемі, тұрғын үй жағдайлары секілді халықтың демографиялық және әлеуметтік-экономикалық дамуы 10 жыл ішінде қандай өзгеріске түскенін көрсетеді. Халықтың тұрмыстық жағдайындағы өзгерістерді үй шаруашылықтарының жағдайларын, некелік-отбасылық қатынастарды жақсарту, мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмірін, халықтың тұрғын үй жағдайларын жақсарту бойынша мемлекеттік бағдарламаларды әзірлеу үшін қосымша сұрақтардың да қойылуы маңызды. Алдыңғы санақпен салыстырғанда интервьюерлердің саны үш есе қысқарғанымен, биылғы науқанның шығыны да көп. Наурызда Ұлттық санаққа 8,2 млрд теңге қарастырылғаны мәлімделген. Кейіннен саяси науқан бюджеті 9 млрд 100 млн теңгеге ұлғайтылды. Өйткені халық саны өскендіктен, жүктеме де артады. Екіншіден, «Халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы оның себебін онлайн сауалнамаға байланысты болған өзгерістермен де түсіндіреді. Өйткені санақ басталмас бұрын алдымен аумақтық статистика бөлімшелерінің қызметкерлері оқытылыпты. Одан кейін қыркүйек айында уақытша санақ персоналын іріктеп-оқыту ұйымдастырылған.Қаржы қайда жұмсалды?
19 миллион қазақстандықты түгендеуге бөлінген 9,1 млрд теңгенің 1 млрд 85 млн 600 мыңы 27 412 планшет сатып алуға, 4 млрд 702 млн штаттан тыс қызметкерлер мен санақ персоналының еңбекақысына, қалғаны бағдарламалық қамтамасыз етумен коммуникациялық жабдықтармен қамтуға жұмсалды. «Теңгеге шаққанда артық жұмсалып жатқаны рас. Бірақ адам басына шаққандағы шығын бойынша 2009 жылы бір адам басына 2,9 доллар, ал биылғы санақта 1,1 доллар шықты. 12 жылдың ішінде теңгенің қандай өзгеріске ұшырағанын білесіздер. Керісінше, адам басына шаққанда санаққа жұмсалған қаржы арзан болды. Осыған қарамастан неге арзан шықты? Өйткені интервьюерлер қағаздың орнына планшетті пайдаланды. Халықтың 42 пайыздан астамы онлайн өтті. Біз бөлінген қаржыны мамандарды оқытуға, технологияларды сатып алу мен бағдарламалық қамтамасыз етуге жұмсадық. Бірақ бұл интервьюлерге босқа ақша төленген дегенді білдірмейді. Себебі олар онлайн өткен адамдардың да мәліметтерін жүйеден қарап, отбасында басқа да санақтан өтпегендер бойынша сұрау жүргізді», – дейді Олжас Сайлаубекұлы. Ал шалғай ауылдардағы адамдардың да санақтан өтуі үшін ковидке қарсы екпесі бар 18 жастан асқан, планшеттің тілін білетін кез келген адамды ақылы негізде интервьюер болуға шақырылған. Оларға санақ жүргізу үшін аудандық статистика бөлімдеріне қатынас құралдары да берілген.Сансыз сауал сапаға әсер етеді
Елімізде ұлттық санақ әр 10 жыл сайын өткізіледі. Екі жыл бұрын өтуі тиіс санақ дайындау мен өткізуге байланысты бірқатар ұйымдастырушылық мәселе ескеріліп, 2020 жылға қалдырылған. Алайда елдегі коронавирус инфекциясының таралуына және енгізілген шектеулі карантин шараларына байланысты биылғы жылға шегерілді. Сөйтіп, екі жыл кешіктірілген санақ науқанын Президент жанындағы реформалар жөніндегі Жоғарғы кеңестің шешімі бойынша осы жылы алғашында онлайн, кейін онлайн санақтан өтпеген азаматтарды қамту үшін офлайн форматта жүргізілді. Онлайн санаққа қатысқандар алғашында үйде орналасқан жеріне қарамастан виртуалды көмекшінің көмегімен санақты өздері және отбасы мүшелері үшін жауап беруге болатынына қуанғанымен, артынша түсініксіз сұрақтарға келгенде тосылып қалғаны да рас. Дәл осы санақтың сансыз сұрақтарына бола санаққа қатыспағандар баршылық. Санақтан өткендердің айтуынша, 90 сұрақтың тең жартысы түсініксіз. Тіпті, үш айлық баланың да діни наным-сенімі туралы сұратқан санақтың не үшін ұйымдастырылғанын түсінбей дал. «Бесіктен белі шықпаған бала емес, өмірге енді келген баланың діни сенімін қалай білесің? Сосын қабырғаның қанша қабатты екені, тұрғын үйдің қай жылы салынғанын кім біліп жатыр? Тұратын үйіңіздің қабырғасы қандай материалдан салынған?», «Тұрып жатқан баспанаңыздың аумағы қанша?» деген сауалдар болды. Бізге жұмыстан санақтан өтуге міндеттеп қойған соң амалсыз түгел сауалға жауап беруге тура келді. Туыстарым осындай оғаш сауалдарға жауап бергісі келмегендіктен, санаққа қатысқан жоқ», – дейді Алуа Қайсарқызы. Қабырғаның қай жылы тұрғызылғаны былай тұрсын, есту қабілеті төмендерге «аппарат кисеңіз де естумен қиындық бар ма?» немесе «тағы қанша бала туғыңыз келеді?» деген қисынсыз сұрақтар да қойылған. Бірақ бұл санаққа қатыспауға сылтау емес екенін айтқан «Халық санағы-2021» ресми өкілі Олжас Сайлаубекұлы: «Бұл 91 сауалға барлық адам жауап беруі міндетті емес. Мысалы, ер адамдарға әйелдерге қатысты сауалдар қойылмайды. Жүйеде форматтық логикалық бақылау жүйесі бар. Шетелге шықпаған болсаңыз, шетелге шығуға байланысты сауалдар алынып тасталады. Сонда бір адам орташа есеппен 50-55 сауалға жауап береді. Үй иесі отбасы мүшелері үшін бір тіркелген кезде тұрмыстық жағдайға байланысты сауалдарға бір ғана адамның жауабы алынады», – деп түсіндірді. Ал көру қабілетіне байланысты сауалдар осындай санаттағы адамдардың санатына жеке талдау жасау үшін қажет болыпты. Сондай-ақ ресми өкілдің айтуынша, халық санағына онлайн мен офлайнда өтпегендер де автоматты түрде халық санағына кіргізілгенін жеткізді. Анкета толтырмағанымен, олардың мәліметтері мемлекеттік органдардың мәліметтер базасынан алынады. Оның сөзінше, әлеуметтік желілерде жекеленген адамдардың пікірлері айтылғанымен, ресми түрде заңсыз оқиғалар туралы ешкім арызданбаған.Қоғамдық мониторинг кемшін
Әлеуметтанушы Серік Бейсембаевтың айтуынша, санаққа қатыспағандарға бола ұлттық санақтың сапасына күмән келтіру дұрыс емесін айтады. «Кез келген санақта халықты 100 пайыз қамту мүмкін емес. Бірақ халық санағы сенімді болу үшін қосымша объективтік баға беретін қоғамдық мониторинг керек еді. Анкеталық сұрақтар көп болған сайын жауап беру деңгейі де төмендей береді. Сұрақ көп болған сайын жауап алудың да үлесі азаяды. Бірақ бұл жолы сұрақтың саны мемлекеттік басқарудың қажеттіліктеріне байланысты көбейді. Сол үшін қоғамдағы өзекті тақырыпты да қамтуға тырысқан секілді», – дейді Серік Бейсембаев.