Алматыдағы «Атамекен» ҰКП алаңында «Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Атомдық және энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Алматы қаласы бойынша аумақтық департаменті» ММ қатысуымен дөңгелек үстел өтті. Жиынға энергия беруші, энергиямен жабдықтаушы ұйымдар, жергілікті атқарушы орган, «Атамекен» ҰКП және өңірдің кәсіпкерлері қатысты. Алқалы басқосуда тұтынушыларды электр желілеріне қосу рәсімін жеңілдетуге бағытталған заңнамалық түзетулер айтылып, иесіз жатқан электр желілер мен тұтынушылар тарапынан келіп түскен өзекті мәселелер талқыланды. Жиынның мақсаты – елдегі кәсіпкерлік қызметті жақсарту, соның ішінде электр желілеріне қосылу үшін мемлекет тарапынан жүзеге асып отырған реформалар бойынша бизнес салалары арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Мәселен, кәсіпкерлердің электр желілеріне қосылу кезінде кездесетін кедергілер туралы мәселелер жиынның өзектілігін арттыра түсті. Дөңгелек үстел барысында Аумақтық департамент басшысы С.Құлбай қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызметті түбегейлі жақсарту және халықаралық рейтингтерде Қазақстанның ұстанымын жақсарту бойынша белсенді жұмыстар жүргізіліп жатқанын, соның ішінде «DoingBusiness» Дүниежүзілік Банктің халықаралық рейтингі және Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексі болып табылатынын тілге тиек етті. ҚР Энергетика министрлігі мен электр энергиясын есептеу аспаптарын пломбылау және электрмен жабдықтау шартын жасау рәсімін біріктіруге, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органдары мен жол полициясы органдарын клиентке хабарлау қажеттілігін болдырмауға мүмкіндік берген бірқатар заңнамалық түзетулер қолданысқа енгізілді. Бұл талап осы электрмен жабдықтау желілерінің құрылыс-монтаж жұмыстарын жүзеге асыратын ұйымдарға жүктелді. Аталған заңнамалық түзетулер электр желілеріне қосылу кезіндегі рәсімдер санын жетіден төртке дейін қысқартуға мүмкіндік берді. Сондай-ақ, дөңгелек үстел барысында монополистер болып табылатын «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ мен «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС өкілдері электр желілеріне қосылу рәсімін жеңілдетуге бағытталған өздерінің пилоттық жобалары мен бағдарламаларын таныстырды. Дәлірек айтқанда, электр желілеріне қосылу және жария-шарт жасасу рәсімі жете түсіндірілді. Жиында Аумақтық департамент, «Алатау Жарық Компаниясы» АҚ және «АлматыЭнергоСбыт» ЖШС-нің өкілдері кәсіпкерлердің өзекті сұрақтарына жауап берді.