Шыны зауыты іске қосылды
Шыны зауыты іске қосылды
370
оқылды
Құрылысы басталмай жатып шуға іліккен Қызылорда облысындағы шыны зауыты іске қосылды. Есте­ріңіз­де болса, 2018 жылы бұрынғы Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев шыны зауытының құры­лысы­нан 1,2 миллиард теңге жым­қыр­ды деген айыппен 10 жылға сот­талған еді. Содан кейін сақалды құры­лысқа айналған зауыттың ісі алға баспаған болатын. Жыр болған зауыт­тың құрылысын аяқтау қазіргі әкім Гүлшара Әбдіқалықоваға бұ­йырыпты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жыл­дығына арналған мерейтой қар­саңында алып өндіріс орнының пеші жағылды. Зауыттың іске қосылуы өндіріс орнынан шыны бірден шыға келеді деген сөз емес. Негізінен технологиялық талаптарға сай жоғары сапалы өнім алу үшін пешті алдын ала 3 ай бойы қыздыру қажет. Бұл жұмыстар бірнеше кезеңде жүргізіледі. Яғни, келер жылдың қаңтар айында пешті қыздырудың және шыны балқытудың негізгі кезеңі басталады. Ал ақпаннан-наурызға дейін пеш өзінің жұмыс режиміне шығып, пештің жұмыс температурасы 1 600°С жетеді. Зауыттың қазіргі иесі «Орда Гласс ЛТД» мамандарының болжамы бойынша бірінші шыныны 2022 жылдың сәуір айында өндіруді жоспарлаған кө­рінеді. Өндіріс орнының іске қосылу шарасына арнайы келген Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев ел игілігіне бағыт­талған кәсіпорынның жұмысына сәттілік тіледі. Кәсіпорын жылына 197,1 мың тонна, тәулігіне 600 тонна өнім шығара алады. Бұл арқылы сырттан алатын өнімге деген тәуелділік азаяды, сондай-ақ басқа мемлекеттерге деген экспорттың 30%-ын жүзеге асыруға мүмкіндік туады. Зауытта әлемнің жетекші елдері АҚШ, Италия, Бельгия, Финляндия және Қытайда шығарылған заманауи үлгідегі технологиялар қолда­нылады. Кәсіпорында табақ шыны, энергия үнемдейтін шыны, айна, ламинатталған шыны, күйдірілген шыны өнім түрлері өндіріледі деп күтілуде. Облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықованың айтуынша, Тәуелсіздіктің 30 жылдық мерейтойы қарсаңында іске қосылған бұл кәсіп­орынның өңір үшін маңызы зор әрі аймақ экономикасына оң әсер етуге тиіс екен. «Жергілікті шикізаттың 90 пайызы шыны өндірісінде пайдаланылады. Сода күлі шыны құнының 80 пайызын құрайтын негізгі бөлік. Сондықтан Арал қаласында салынатын сода зауыты кәсіпорынның басты жабдықтаушысы болады. Шыны зауыты толық қуатымен жұмыс істеген кезде 226 жаңа жұмыс орны ашылады, қосалқы өндірісте 300-ге жуық тұрақты жұмыс орны іске қосылады, біз бірінші кезекте жергілікті мамандарға басымдық береміз», – деді Гүлшара Әбдіқалықова. Сонымен қатар шыны зауытының айналасында шыныдан бұйымдар шыға­ратын ілеспе өндірістер құрылмақ. Қазірдің өзінде инвесторлар тарапынан екі жобаның жобалау жұмыстары басталған. Бұл жобалар композиттік материалдар мен айна өндірісіне бағытталған. Сенат Төрағасы осы сапары барысында «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында салынған баспаналарды табыстау шарасына да қатысты. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығы мерекесінде қызылордалық 50 отбасы баспаналы болды. Мерейлі сәтте Сенат Спикері Мәулен Әшімбаев пен Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова баспана кілтін табыстап, қоныстой иелерін құттықтады. Апаттық тұрғын үйлерде тұрып жатқан азаматтарға арналған жаңа тұрғын үй облыс орталығының сол жағалау бөлігінде орналасқан. Нысанның құрылысын салған мердігер мекеме – «Дәнекер» ЖШС. Жаңа баспанаға қол жеткен көпбалалы аналардың бірі Алима Алсуева тұрғындар атынан алғыс айтып, ризашылығын білдірді. Қуаныш иесі Алима «Қызылорда Тазалығы» ЖШС аула сыпырушысы болып жұмыс істейді, күйеуі денсаулығына байланысты жұмыссыз, ІІІ топ мүгедегі. Отбасы 2007 жылдан бастап Жетікөл көшесі, 11-үй 2-пәтерде тұрады. Аталған тұрғын үй 2020 жылы апаттық жағдайда деп танылған. «Жалғыз тұрғын үйі Қазақстан заңнамасында белгіленген тәртіппен авариялық жағдайда» деп танылған азаматтар санаты бойынша 2020 жылы 10 наурызда тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Мұнан соң Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев пен облыс әкімі Гүлшара Әбдіқалықова, ауыр атлетикадан төрт дүркін әлем чемпионы Илья Ильин салтанатты түрде 800 балаға арналған жаңа спорт кешеннің лентасын қиды. Кешен құрылтайшысы Мұрат Сәрсен­баев делегаттарға нысанның және Syr Dami спорт-кафесінің жұмысымен таныстырып, алдағы уақытта кешен аумағынан салынатын жобалар туралы баяндады. Тәуелсіздік жылдарында Сыр елінде спорт инфрақұрылымы нысандарының саны 3 есеге, ал денешынықтыру және спортпен шұғылданатындар саны 6 есе артқан. Бұқаралық спортты дамыту мақса­тында өңірде 7 спорт кешені пайдалануға берілсе, 6 спорт кешенінің құрылысы жалғасуда. Сапар соңында Сенат Төрағасы Тәуел­сіздіктің 30 жылдығына арналған салтанатты іс-шараға қатысты. Мәртебелі мейман облыс тұрғындары алдында сөз сөйлеп, Қазақстанның өткен кезеңдегі негізгі жетістіктеріне тоқталды. Тәуелсіздік жылдарында біздің мемлекеттілігіміз толық қалыптасты. Іргеміз бекіп, шекарамыз біржола шегенделді. Мемлекеттік институттардың берік негізі қаланды. Ескірген жоспарлы экономикадан уақыт талабына сай жаңа экономикалық модельге көштік және оны нығайта түстік», – деді Сенат Төрағасы Мәулен Әшімбаев. Салтанатты іс-шара барысында М.Әшімбаев ел Президентінің атынан еліміздің және өңірдің дамуына ерекше үлес қосқан қызылордалықтарға мемлекеттік наградаларды табыс етті.

Қызылорда облысы