Жеңіске жеткізетін жеті тұғыр
Жеңіске жеткізетін жеті тұғыр
©yvision.kz
290
оқылды
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Nur Otan партиясы Саяси кеңесінің отырысында «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын таныстырған болатын. Бұл жеті қағидатты Қазақстанның Тұңғыш Президенті «отыз жылдық белесті елмен бірге өткерген Елбасы ретіндегі менің жас ұрпаққа жолдар үндеуім деп қабылдаңыздар» деді. Сондықтан біздің ендігі мақсат Елбасы атап өткен осы жеті қағидатты жастардың бойына сіңіріп, соны басшылыққа алуға үндеу болмақ. жеті тұғыр Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, Қазақстан «отыз жылда айтулы жетістіктерге қол жеткізді». Соның арқасында елдігіміз қайта жанданып, ынтымақ-ымыраны ту еткен қуатты елге айналдық. Алайда біз мұнымен тоқтап қалмауымыз керек. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктерімізді әлі де еселеп, береке-бірлігімізге сызат түсірмеуіміз қажет. Ол үшін әрине, сабақтастық болғаны маңызды. Еңбекке араласып, елдің болашағына алаңдайтын жастарымыз отыз жылда жасалған осы жетістіктерді әрі қарай жалғауы тиіс. Сонда ғана Тәуелсіздігімізді баянды боларына алаңсыз сенуге болады. Бүгінде Тәуелсіздік құрдастарының жасы отызға келді. Олар өз отбасын құрып, қоғамның бір бөлшегіне айналды. Тіпті бірқатары елеулі еңбегімен, өнер-білімімен, түрлі жетістігімен көзге түсіп, тіпті жетекшілік қызметтерді де атқарып келе жатыр. Еліміздің келешегі – санасы азат, ойы озық осындай жастардың қолында. Осы жастар Елбасы ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығына зер салып, зерделей білсе, қоғам үшін қажетті мол қазынаға ие болады. Елбасы алғашқы қағидат ретінде қастерлі құндылығымыз Тәуелсіздікті атап, оны «көздің қарашығындай қорғау – әрбір қазақстандықтың міндеті» екеніне басымдық берді. Шынында, біз осынау табыстың бәріне Тәуелсіздіктің арқасында қол жеткіздік. Ендеше, Тәуелсіздік ең қастерлі құндылық емей немене? Егер Тәуелсіздік болмаса, қазақтың осынау арман-мұраты орындалар ма еді? Әрине, жоқ. Олай болса, біздің дербес ұлт болып, Тәуелсіз мемлекет құруымызды маңдайымызға жазған Жаратқанға тәубе етіп, осы күнге жеткізген бабалар ерлігіне – тамыры терең тарихымызға құрметпен қарап, егемендігімізді нығайта түскеніміз абзал. Себебі Елбасы айтқандай, «Тәуелсіздікті нығайту – экономиканы нығайту». Ал қарыштаған экономика еткен еңбек, төккен термен ғана келеді. Елбасы екінші қағида ретінде бірлік пен келісімді атап, бұларды елдігіміздің мызғымас тұғырына балады. Расында, ынтымақ-бірлігіміз – біздің артықшылығымыз. Отыз жыл бойы жүргізілген дұрыс саясаттың арқасында еліміз береке-бірлігін сақтап келеді. Береке-бірлік ұлттық құндылықтарды сақтау, Ана тілін жақсы білу, Ата Заңды құрметтеуден басталады. Ендеше егемендігіміз мәңгілік болсын десек, осы аталған құндылықтарды бойға дарытып, сүйекке сіңіру үшін жұмыс істеуіміз керек. Елбасы тоқталған үшінші қағидат – біздің қастерлі жеріміз. Нұрсұлтан Назарбаев: «Жер – ата-баба мұрасы, халық қазынасы. Жерден қасиетті ешнәрсе жоқ. Қазақ үшін ел мен жер – тұтас ұғым. Тарихымыздағы соғыс атаулының бәрі ел мен жерді қорғау үшін болған», – дей келіп, адамзат тарихында жер үшін болған түрлі қантөгістерді мысалға келтірді. Иә, қазақ үшін жер қашан да қасиетті. Осындау ұлан байтақ жерді бабаларымыз жанын салып қорғап, бізге аманаттады. Демек ұлы аманатты біз де қорғап, жас ұрпаққа мирас етуіміз қажет. Тұңғыш Предидент айтқан төртінші қағидат – отбасы мәселесі. «Отан отбасынан құралады» демекші, Отанның беріктігі отбасының беріктігіне байланысты. Біз жұмыс бағытымызда әрқашан осыны ескеруіміз қажет. Отбасылардың кикілжіңі, әлеуметтік жағдайының төмендігі, басқа да түрлі мәселелер – түптеп келгенде елдігімізге сын, мемлекетіміздің дамуына тұсау. Сондықтан Отбасы институттарының қалыптасып-жандануына күш салуымыз керек. Отбасы құндылықтарын көбірек дәріптеп, үлгілі отбасыларды үнемі насихаттап, салт-дәстүрімізді жаңғырту – бізге міндет. Елбасы айтқандай, «Отбасы институты әлсіреп, салт-дәстүріміз ұмытылса, ел болып қалуымыз екіталай». Сол себепті елдігіміздің тірегі саналатын отбасын қолдауды ешқашан ұмыт қалдырмауымыз қажет. Бесінші қағидат ретінде Елбасы ұлттық мәдениетті атады. Отбасы секілді, ұлттық мәдениет те – халықтың рухани тірегі. Сондықтан біз әрдайым мәдениетімізді жаңғыртып, рухани-мәдени мұраларымызды түгендеп, тарихымызды таразылап, содан сабақ алып, рухани байлықтың маңыздылығын түсінуіміз керек. Мәдениет адамға білім, ізденіс арқылы қонады. Кім өз тарихына құрметпен қараса, оны өзге жұртқа насихаттаса, соның айы оңынан туғалы тұр. Біздің мәдениетімізде өзге елдер қайран қалатын, өзіміз ескере бермейтін қаншама құндылықтар бар. Соны зерттеп-зерделеп, өзіміз бойымызға сіңіріп, өзгелерге де көрсете білуіміз тиіс. Біздің қазіргі уақыттағы ең белсенді жұмысымыз да осы болғаны абзал. Хәкім Абай он сегізінші қара сөзінде: «Тегінде, адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрселермен озбақ. Онан басқа нәрсеменен оздым ғой демектің бәрі де – ақымақтық», – дейді. Ендеше бүгінгі таңда біз де басқа жұртты білім-ғылымымыз, мәдени мұраларымыз, көркем мінезіміз, ақыл-парасатымыз арқылы мойындата аламыз. Алтыншы қағидат – білім мен еңбек. Бұл екеуі – Елбасы айтқандай, бақуатты өмірдің кілті. Ер еңбегімен еленеді. Қазіргі уақыт – еңбегіңмен өзгелерді мойындататын уақыт. Мұндай жастар ортамызда жетерлік, әлемнің маңдайалды ірі мекемелерінде қызмет істеп жүрген жастарымыз да жоқ емес. Олар бұл жетістігіне білімі мен еңбегі арқылы жетті. Ендеше, осындай жастарды қолдап, олардың ел үшін қызмет етуіне мүмкіндік беру маңызды. Себебі елімізді көркейтетін, дамытатын, Тәуелсіздігімізді баянды ететін талантты, еңбекқор, мінезді жастар. Сондықтан елімізді жастары белсенді замандастарынан үлгі алып, мақсат-мұратына жету жолында аянбай білім алып, жалықпай жұмыс істегені абзал. Елбасы түйіндеген жетінші қағидат бәсекеге қабілеттілік, яғни прагматизм ұстанымы болатын. Бұл қағидатты қатаң ұстанған жан қиындық атаулыны оңай еңсеріп, қиындықтың өзін жеңілдікке айналдырып, ауырлықтың өзін мүмкіндік деп біліп, жұмысының нәтижелі болуы үшін барын салады. Жастар ұлттық құндылықтарды, соның ішінде адами қасиеттерді берік ұстанса, жетпейтін жеңісі болмайды. Әрине жеңістің жолы ауыр. Дегенмен жігерлі жас көздеген мақсатына жетпей қоймайды. Еліміздің барлық жастары осындай ұстанымға бекісе, еліміздің ертеңі жарқын, егемендігіміздің келешегі кемел боларына сенім мол. Біз біргеміз! Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ұсынған «Елдіктің жеті тұғыры» қағидаттар жиынтығын басшылыққа алу, еліміздің барлық азаматының, соның ішінде Nur Otan партиясы мүшелерінің басты бағдарына айналуы тиіс. Сонда ғана Елбасы жүктеген жауапкершілік үдесінен шығып, Тәуелсіз Қазақстанның болашағын баянды етуге еселі үлес қоса аламыз.

Замзагүл КАРСАКОВА, Атырау облыстық мәслихатының депутаты