Қазақстан полицейлері Ресейде 21 жыл бойы іздеуде жүрген ер адамды Көкшетауда ұстады. Осы уақыт ішінде егде жасқа келіп қалған ол солтүстік көрші аумағында адам зорлады деген күдікке іліккен. Ақмола облысында көші-қон процестерінің криминогендік жағдайға қолайсыз әсерінің ықтимал тәуекелдерін төмендету үшін 6-12 желтоқсан аралығында өңір аумағында «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы өткізілді. Өткен кезеңде криминалдық полиция құрылымдарының қызметкерлері қылмыс жасағаны үшін мемлекетаралық іздеуде жүрген 5 қылмыскерді ұстады. Атап айтқанда, облыс орталығының аумағында 2000 жылдан бастап Ресейдің ішкі істер министрлігінің Сургут қаласы бойынша басқармасы зорлау ісі бойынша іздестіріп жүрген қылмыскер – Қазақстанның 52 жастағы азаматы ұсталды. Сондай-ақ Есіл ауданының аумағында Ресей ІІМ-нің Набережные-Челны қаласы бойынша басқармасы РФ Қылмыстық кодексінің 158-бабының 2-бөлігінде көзделген қылмыс жасағаны үшін іздестіріп жатқан қылмыскер – Ақмола облысының 37 жастағы тумасы анықталды. Жыл басынан бері ақмолалық жедел уәкілдер 71 қылмыскерді іздестірді.
Ерік ЕРДЕНОВ