Талшықты-оптикалық желі. Sharing. SmartCity. 5G байланыс. BigData. «Бұлтты» технологиялар. Бұл мақтану үшін айтылатын сәнді сөздер емес, мақтанышпен айтылатын мәнді терминдер. Бүгінгі заманауи коммуникациялар технологиясының еліміз байрақ байлаған бір-бір биігі. Тәуелсіздіктің 30 жылында «Қазақтелеком» АҚ-ның шыққан асқар шыңы. Жаңа жаһандық талаптармен даму даңғылына бет бұрған ұлттық телекоммуникация операторы цифрлық трансформацияда өзіндік сара жолын сала алды. Ендеше мерейтойлы датада ақпарат және байланыс саласындағы межелі жетістіктерді бір саралап шықсақ.
«Оптика» – цифрлық трансформация көпірі
Кеңес Одағының телекоммуникация байланысындағы мұрасы – телеграфтық желілер мен аналогтік спутниктік байланыс болса, оның өзінде де бұл инфрақұрылым еліміздің аумағын толық қамтымаған еді. Тәуелсіздік алған беттен-ақ ақпараттар ағыны қарқыны қатты өзендей заманға күмп берген Қазақстан үшін жаңа ортада бірінші кезектегі міндет – ескі қайықпен қалт-құлт еткен адамдай ақпарат айдынына батып кетпеу болды. Оның үстіне, еліміздегі қай саланың да даму қуаты телекоммуникация секторымен тығыз байланысты еді. Қазақстан географиялық жер көлемі мен урбанистік шоғырлану сипаты жағынан елді мекендері бір-бірінен шалғай орналасқан мемлекет болғандықтан, мұндағы телекоммуникациялар желісі негізінен трассалық сипатқа ие. Сондықтан халқының жартысына жуығы (45%) ауылда тұратын әрбір тұрғынға байланыс игілігін жеткізу қыруар қаражатты қажет ететін ауқымды іс болатын. Оның аясында ескі желілер мен жүйелерді жаңғырту жұмыстары мен жаңа технологияларды енгізу бастамасы қатар жүрді. Соның алғашқысы – жаңа үлгідегі талшықты-оптикалық желілер тарту жұмыстары. Осылайша, «оптиканы» пайдалану – байланыс жылдамдығын арттырудың бірден-бір жолы болды. Еліміздің телекоммуникация байланысы өзінің жаңа бір тарихи белесіне қадам басты. Талшықты-оптикалық байланыс – цифрлық трансформация көпіріне айналды. «2017 жылы 12 желтоқсанда «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды. Онда басты бағыттардың бірі ретінде «ауыл мен қала арасындағы цифрлық теңсіздікті жою» міндеті айқын көрсетілді. Соның аясында бұрын-соңды интернеті болмаған 4,8 млн адам тұратын 1 200 ауылға талшықты-оптикалық байланыс желісін жүргізу көзделуде. Мұндағы негізгі жұмыстар 2018-2020 жылдар аралығында жүріп, біздің компанияның жинақтаған тәжірибесі мен инфрақұрылымының арқасында 1 200 ауылдың 828-не «оптика» тартылды. Шақырымдар тілімен айтар болсақ, бұл – қарастырылып отырған жалпы 20 мың шақырымның 15 мыңы, яғни Қазақстан мен Жаңа Зеландияның арасындай қашықтық. Елді мекендерді ғана емес, экономика мен қоғамдық байланыстардың дәнекері. Айта кетер маңызды жайт – ауылдарға интернет тартуға арналған бұл жобаға ел бюджетінен бір тиын да жұмсалған жоқ. Мұндағы жұмыстарды оптиканы тартқан компания өз қаражатынан 31,1 млрд теңге шығарып, «Қазақстан Даму банкінен» 13 жылға 26,7 млрд теңге несиеге алып жүзеге асыруда», – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев. Екі жыл үздіксіз жүрген бұл жұмыстар кезінде небір қызықты оқиғалар да болған екен. Еліміздің әр өңірінің өзіне тән табиғи, географиялық ерекшеліктеріне сәйкес жер қазу, желі тарту жұмыстары барысында тау-тасты, ну орманды, егістік алқапты, өзен-көлдерді көктей өткен трассалық бағыттарда мамандарға түрлі әдіс қолдануға тура келіпті. Сондағы бірінші көзделген мақсат қоршаған ортаға зиян келтірмеу болыпты. Мәселен, Түркістан облысының ең ірі, әрі халқы тығыз қоныстанған Келес ауданында мердігерлер 140 шақырымдық талшықты-оптикалық желіні тарту үшін бастапқы жобаны өзгертуге мәжбүр болған. Келес өзенінің өзіне тірелгенде, арнасы кең, жағалауы биік жарқабақ боп келетін су бассейнінің астынан желі тарту ыңғайсыз болғандықтан, оны әуемен тартуға шешім қабылданған. Ол үшін Ораз ата елді мекенінде 22 темірбетонды бағаналар орнатылып, 1 шақырым талшықты-оптикалық желі осы бағаналар бойымен тартылады. Ал Шығыс Қазақстан өңіріндегі Үбі өзенінде, керісінше жағасы жайдақ, табаны таяз тұсынан К-700 ауыр техникасы су астынан траншея қазып, екінші көлік оптикалық желіні салып, артынша көміп отырған. Өзен табанында ірі тастар кезігіп, жұмысты едәуір қиындатқанымен, жобаны мамандар кешіктірмей тапсырды. Осылайша, әлемдік телекоммуникацияның асыл үлгісіне және ажырамас бөлшегіне айналған талшықты-оптикалық желі тарту жұмыстарының бірінші негізгі кезеңі абыроймен аяқталды. Әлі де жалғасып жатқан бұл жұмыстарды «Қазақтелекомның» соңғы жылдары іске қосқан аса маңызды әрі ірі жобаларының бірегейі деуге болады.«Sharing – 250+» – игілікті бөлісу
Цифрлық трансформацияның көпіріне арналған талшықты-оптикалық байланыс желісі ауылға интернет әкеліп қана қоймай, жаңадан ірі жобаларды қолға алуға мүмкіндік берді. Соның бірі – ауыл тұрғындарының 93,5%-ын мобильді интернетпен қамтамасыз етуге арналған «Sharing - 250+(плюс)» жобасы. Оның аясында халқының саны 250 адамнан асатын ауылдарда әртүрлі ұялы байланыс операторларының базалық стансалары орнатыла бастамақ. «Шындығына келгенде, оптикалық желі тартылмай бұл жобаны жүзеге асыру мүмкін емес еді. Өйткені ұялы байланыс операторлары өз стансаларын кез келген жерде тұрғыза алмайды. Оған себеп елді мекендер тым алшақ орналасқандықтан, «оптика» инфрақұрылымындағы тіректі нүктелерсіз станса тұрғызу мүмкін емес. Ал мұндай тіректі нүктелердің арқасында тағы да 2 мыңнан астам ауылды кеңжолақты интернетпен, ұялы байланыспен қамтуға мүмкіндік бар. Жобаның схемасы қарапайым: сигнал кабель арқылы ауылға жеткізіледі, осы нүктеден мобильді байланыс компаниялары іліп алып, радиосигнал арқылы жақын ауылдарға кеңжолақты интернетті жеткізеді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қуанышбек Есекеев.Өз мерзімінде қабылданған шешім
Ұлттық оператордың өз уақытында жүргізген жұмыстары – интернетке сұраныс еселей әрі күрт артқан пандемия мен локдаун кезеңінде дер кезіндегі таптырмас шешім болды деп сеніммен айтуға болады. Өйткені интернет – коммуналдық игіліктердің ажырамас бөлшегіне айналып кетті. Сондықтан да телекоммуникация байланысы үй құрылысы басталған беттен-ақ жобасында бірге қарастырылуы тиіс инженерлік инфрақұрылымға жатқызылды. Бұл –уақыт талабы. Енді құрылыс компаниялары болашақ бой көтеретін нысанына телеком операторды таңдап, келісімшартын бекітіп, интернетті бірден қостыру жағын пысықтайтын болды. «Бұл бастама – телекоммуникациялық интеграцияның адам өміріне тереңдей еніп келе жатқанының айғағы. Цифрлар сөйлер болса, жыл басынан бері 500-ге жуық көпқабатты тұрғын үйді жүйрік интернетпен қамтылғанын айтар еді. Жаңадан салынған үйлер GPON технологиясы арқылы жоғары жылдамдықты интернет желісіне қосылуда. Жаңа үйлерді жүйрік интернетпен бірге тапсыру дәстүрінде оңтүстік өңір көш бастап тұр. 10 ай ішінде мұнда 100-ден астам көпқабатты тұрғын үй осы тәсілмен тапсырылған, ал бұл дегеніміз – 10 мыңдаған адамның жаңа пәтерінде ғаламдық желіге еш кедергісіз кіруіне жағдай жасалды деген сөз», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Бөлшек бизнес дивизионының бас директоры Игорь Погребицкий. Gigabit PON технологиясы – «Қазақтелекомның» талшықты-оптикалық байланыс магистраліне қосылудың қазіргі ең тиімді, әрі жоғары сұранысқа ие нұсқасы. Өзгелерден артықшылығы – ол тұтынушы мен магистралды желіні өзара байланыстыратын әрбір пәтер үшін арнайы арна құруды көздейді. «Бір жаңа пәтер – бір дана GPON» деген ұранмен жүріп жатқан бұл жұмыстардың арқасында осы технологияны қолдана отырып, желіге қосылған әрбір абонент жылдамдығы қашанда тұрақты интернетке ие болмақ.Тіркелген сымсыз интернет (FWA)
Цифрлық технологияға қалалық абоненттер GPON технологиясы арқылы қол жеткізсе, дәл сондай жүйрік интернет байланысына қала маңындағы елді мекендер FWA технологиясының негізінде қосыла алмақ. Карантин үйге қамаған шақта Нұр-Сұлтан қаласының іргесінде жатқан Қосшы қаласының халқы сапасыз интернетке сан рет шағымданып, телекоммуникация байланысын сынға алған болатын. Оған сол кезде тіпті профильді министрлік басшысы Бағдат Мусин де араласқан болатын. Бұл күрмеулі мәселе заманауи FWA желісінің арқасында шешілді. Енді жыл соңына дейін Қосшы тұрғындары жаңа технологияның игілігіне қол жеткізетін болады. Тіркелген сымсыз интернет (Fixed Wireless Access, FWA) деп аталатын бұл технология – сапалы интернет байланысы жоқ және сым желілерін заманауи «оптикаға» ауыстыру тиімсіз саналатын қалалар мен қала маңындағы жеке сектор үшін өте қолайлы. FWA арқылы жоғары жылдамдықты интернетке радиобайланыс арқылы қосылуға болады. Мұндай тәсілдің тиімділігі – ауқымды және қымбат құрылыс жұмыстарын жүргізу міндетті емес.5G – «ақылды қала» атрибуты
Көптен бері қоғамдық пікірге арқау болған 5G байланыс желісі шындыққа айналар күн де жақын. Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласындағы Astana Hub халықаралық IT-стартаптар технопаркінің аумағында сынақтан өткізіліп жатқан бесінші буын стансаның Шымкентте құрылысы жүріп жатса, Түркістанда ол жұмысын бастап та кетті. Пилоттық жобаға Түркістан қаласының таңдалып алынған себебі – өңірдің туристік потенциалын алға жетелеуде соңғы технологиялардың рөлі зор болмақ. «5G базалық стансасы қаланы басқаруда жаңа сценарийлерді енгізуге, көлік инфрақұрылымын цифрландыруға және «Ақылды қала» жобасын іске асыруға мүмкіндік береді. 5G технологиялары 4G технологиясына қарағанда өткізгіштік қабілеті жоғары, сигналдың кешігуіне жол бермейді және батарея қуаттылығын сақтайды. Сонымен қатар 5G технологиясы Big data негізінде қызметі толықтай автоматтандырылған, басқарушылық шешімдер қабылдауға, талдауға және «ақылды қала» элементтерін енгізуге жағдай жасайды», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов. Соңғы он жылда елімізде SmartCity, яғни «ақылды қала» жобасы кеңінен жанданып келе жатыр. Қазақстандағы алғашқы мұндай ірі жобаның бірі – 14 000 тұрғыны бар Ақкөл қаласында қолға алынған Smart Aqkol жобасы. Сәтті жүзеге асырылған жобаның арқасында ақылды технологиялар электр энергиясын 40 пайызға дейін үнемдеуге көмектесті. Осыдан бастап ірі қалаларды «ақылдандыру» процесі тұрақты қолға алынды. «Мәселен, бүгінде Ақтау, Арыс, Түркістан қалаларының жұмысын ұйымдастыру интеллектуалды технологиялардың арқасында жаңа деңгейге шықты деуге болады. Соның ішінде Smart Turkistan жобасын жүзеге асырудың белсенді кезеңі жүргізілуде. Ірі байланыс операторы IoT (Internet of Things) желілеріне қосу арқылы суды тұтыну деректерін қашықтан басқаратын құрылғылармен қаланың муниципалдық және коммуналдық нысандарын жабдықтай бастады. Одан бөлек, қауіпсіздікті қадағалайтын, деректерді қашықтан жинау мүмкіндігі бар 20-дан астам құрылғы орнатылған. Мысалы, олар – құдық қақпақтарының ашылуын немесе құдықты су басу жағдайларын дереу баяндайтын датчиктер, жалпы үйлердегі суды есептегіштер, сондай-ақ топырақтың ылғалдылығын өлшейтін датчиктер және саябақ аймақтарын суаруға кететін судың негізгі шығынын есептегіш құралдар. Қазір датчиктер арқылы жиналған суды тұтыну туралы барлық мәліметтер нақты уақыт режимінде «Жасыл Түркістан» және «Түркістан-Су» коммуналдық кәсіпорындарына беріліп отыр. Бұл деректер су көлемін тұтынудың деңгейін талдауға көмек береді», – дейді «Қазақтелеком» АҚ Инновациялар жөніндегі бас директоры Нұрлан Мейірманов. Сондай-ақ биыл Түркістан облысында кезекті бұлттық бейнебақылау жобасын жүзеге асырған бір компания облыстағы 349 мектепті жергілікті полиция қызметінің Жедел басқару орталығына қосты. Жыл соңына дейін осы тәсілмен облыстағы барлық 919 мектепті біріктіру жоспарланып отыр. Мұндай тың қадам білім ордаларындағы құқықбұзушылықтардың алдын алуға, бүкіл оқу үдерісін бақылауға, білім беру мекемелерінің аумағын қадағалауға және бөгде тұлғалардың мектеп аумағына кіруіне жол бермеуге көмектеседі.Big data – «бұлтты» технология
Күнделікті тіршілігіміздің виртуалды егізі – Big data, жаңа өмір салтына айналып бара жатқаны жасырын емес. Өзіміз күнде пайдаланатын ақпараттар кеңістігі күн өткен сайын кеңейіп барады. Ал 5G байланыс стандарты толық қуатына көшкен кезде бұл ақпараттар көлемі 100 есе арта түспек. Орасан үлкен көлемдегі деректерді сақтайтын «бұлтты» шешімдер мен дата орталықтар қазірдің өзінде бірінші кезектегі қажеттілікке айналып отыр.Трансформацияның қозғаушы күші
Тәуелсіздік белестерін зерделей келе көзіміз жеткені, «Қазақтелеком» компаниясының телекоммуникациялық оператор деңгейінен де зор миссияны атқарып отырғаны. Реттеушілік функцияға ие ұйым цифрландыру трансформациясының орталығына, әрі қозғаушы күшіне айналып отыр. Түрлі жаңашыл саланың басын біріктіріп, ортақ игілікке айналдыра алып отырған «Қазақтелеком» енді телемедицинаны дамытып, медиа нарықтағы контент қалыптастырушы рөлін де сыннан өткізуде. Биыл наурыз айында сервис каталогіне қосылған «ТВ+» жобасы абонентке эфир уақытын басқаруға мүмкіндік беріп отыр. Қысқа ғана уақытта жаңа жобаны қолданушылар саны 200 мыңнан асты. Аталған тұғырнама арқылы тікелей эфирде өтіп жатқан бағдарламаны тоқтатып қоюға, қайта айналдырып қарауға немесе көшіріп алуға және теледидардан телефонға ауысып тамашалауға болады. Оған қоса, тәуліктің кез келген мезгілінде жоғары білікті дәрігерден үйде отырып-ақ кеңес алуға мүмкіндігіңіз бар. «Аймедикус» қосымшасын бүгінде 50 мыңнан астам тұтынушы жүктеп алған екен. Бұл қосымша, әсіресе қыстың көзі қырауда қар астында қалған шалғайдағы ауылдардың тұрғындары үшін үлкен көмек. Бүкіл ауылға қарайтын бір ғана фельдшердің кеңесімен шектелмей, еліміздегі ғана емес, Мәскеу, Санкт-Петербор секілді ірі қалалардағы 17 жылдық тәжірибесі бар мамандардан бейне немесе аудио байланыс арқылы, қажет болса сараптама қорытындыларын жүктеп, диагноз қоюға, сонымен қатар қойылған диагноз бойынша қосымша кеңес алуға мүмкіндік бар. Ендеше 30 жылдық тарихында аналогтік байланыстан «бұлтты» технологияларға дейін қарыштай дами алған «Қазақтелеком» ұлттық телекоммуникация операторының абыройлы белесі жаңа цифрлық дәуірде де одан әрі биіктей береріне сөзсіз сенім мол!