Досмұхамбетов орынбасарға жарымай жүр
Досмұхамбетов орынбасарға жарымай жүр
Атырау өңіріне басшы болғанына 2 жыл толған Махамбет Досмұ­хам­бетовке орынбасар шақ келмей жатыр. Таяуда ғана Бақытгүл Хамено­ва­ның ұсталғаны туралы ақпарат желдей гуледі. Қалай шақ келмеді демейміз, себебі 2 жылдың ішінде әкімнің 3 орынбасары жемқорлық бойынша күдікті ретінде танылды. Әуелгі кезде «қылмысы дәлелденсе, орным­нан кетемін» деп ақталып жүрген әкім бұл жолы қайтпек? Әлде қол астындағылардың қылмысқа жақын жүргенінен секем алмай ма?

Хаменова да «күдікті қайығына» отырды

Абайдың 175 жылдығы қарсаңында Атырауда ақынға ескерткіш орнатуға екі рет ұсыныс айтылған. Облыс әкімі Махамбет Досмұхамбетов пен депутаттар бұл идеяны қолдап, тендерге дайындық жүргізілген екен. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, Атырау облысы әкімінің орынбасары Бақытгүл Хаменова мен Атырау облысы Мәдениет басқармасының басшысы Ақылбек Рысқалиев Абай ескерткішін орнату бойынша 145 миллион теңге сомасына мемлекеттік сатып алу шартын жасағаны үшін алдын ала сөз байласу арқылы ЖШС басшысынан 4,5 миллион теңге көлемінде пара алу күдігіне ілінген. Дегенмен 12 жел­тоқсанда Хаменованы үйіне жібе­ргені мәлім болды. Сот жемқорлыққа қарсы қызметтің оларды екі айға қамауға алу туралы өтінішін қабылдамай, күдікті әйелдің тұрақты тұратын жері барын, қылмыстық қудалау органдарынан жа­сырынбағанын, бұрын сотталмағанын, жалғыз өзі екі баланы тәрбиелеп отыр­ғанын, асырауында қарт анасының барын ескеріп, үйқамақ түріндегі бұлтартпау шарасын қабылдаған. Сондай-ақ іс қозғауға қажетті нақты дәлелдердің жоғы да айтылып жатыр. Ақылбек Рысқалиев те Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қи­мыл департаментіне кінәсін мойындап келгені үшін үйіне жіберіліпті. Қылмыстық істе тағы бір адамның аты аталды. Ол – халық шығармашылығы орталығының директоры Жәнібек Аманиязов. Шенеу­ніктер параны осы кісі арқылы алуы мүм­кін деген болжам бар. Егер тергеу аяқ­талып, сотта күдіктілердің айыбы дәлел­денсе, ҚК 366-бабының 2-бөлігі бойынша 60 еселенген пара мөлшеріндегі айып­пұлдан бастап мүлкін тәркіленіп, 7 жылға дейін бас бостандығынан айырылады. Осылай Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовтің үшінші орынбасары күдікке ілінді. Бірақ соңғысы да, алдыңғы екеуіне де қатысты сот үкімі шыққан жоқ. 2020 жылы күзде Атырау облысы әкімінің бірінші орынбасары Нұрлан Таубаев пен өңірдің Құрылыс басқармасының басшысы Тимур Басаров 182 млн теңге пара алды деген күдікпен ұсталды. Нұрлан Таубаев осы қызметке былтыр мамырда тағайындалған екен. Сол кезде де «Атырау облысының әкімі Ма­хамбет Досмұхамбетов қызметінен кете ме?» деген сауал туындаған. Әкім заңға сай қимылдайтынын айтып ақталған. – Заң бәріне ортақ. Егер орынбаса­рым­ның (Нұрлан Таубаев) қылмысы дә­лел­деніп, сот шешімі шығар болса, өз еркіммен отставкаға кету үшін өтініш жазуға дайынмын. Ал әрі қарай шешімді Мемлекет басшысы қабылдайды, – деген еді әкім. Бірақ Нұрлан Таубаевтың ісі бойынша сот әлі күнге дейін жалғасып жатыр. Бірде денсаулығы сыр бергенін, енді бірде басқа дүниелерді дәйек еткен экс-шенеунік әлі күнге дейін «тағылған айыпты мойында­май­мын» деп отыр. Сол Таубаев қамауға алынғаннан кейін бір жайттың басын шал­ды. Ол өз пікірінде тергеушілер еш­теңе тү­сіндірмей алып кеткенін, Атырау об­лысының бұрынғы әкімі, кейін Энергетика министрі атанып, таяуда Маңғыстауға әкім болып барған Нұрлан Ноғаевпен сы­йыс­пағанын айтқан. Негізі, расымен де Таубаев Ноғаев әкім болып тұрған шақта облыс әкімінің орынбасары қызметін атқарған. 2019 жылдың қыр­күйек айында өз еркімен отставкаға кетуге арыз жазыпты. Өңір басшысы «енді қайтер екен?» деп жүргенде биыл қазанда тағы бір орын­басары Қайрат Нұрлыбаев прокурордың 2021 жылғы 13 шілдедегі қаулысымен қыл­мыстық ісі бойынша күдікті деп танылды. Шенеунікке 83,7 миллион теңге көлеміндегі инвестициялық субси­дияларды «Бұйырғын» ауылшаруашылық өндірістік кооперативіне заңсыз төлеу фактісі бойынша бюджет қаражатын ысырап етті деген айып тағылып отыр. Ол қылмысқа әкімнің орынбасары болып тұрған кезде емес, облыстық Ауыл ша­руашылығы басқармасын басқарып тұр­ған кезде барған. 2019 жылдың 5 мау­сымында басқармаға басшы болып таға­йындалған. Ал облыс әкімінің орын­басарлығына биыл қаңтарда отырған. Бір қызығы, 2020 жылдың соңында ол Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы ретінде БАҚ брифингінде «Биылғы 10 айда облыс шаруашылықтары 216 мил­лион теңгенің субсидиясын алды, жыл соңына дейін шаруагерлерге берілетін субсидияның көлемі 260 млн теңгені құрайды» деп мәлімдеген. Бірақ көріп отырмыз, шикілік шықты. Ал әкімдік шен­діні «орынбасар кезінде қылмысқа бар­мады» деп ақтап алуға тырысты. Нұр­лыбаевқа қатысты істің де алдағы уақытта қалай өрбитіні беймәлім. Бұл тұста да Дос­мұхамбетовке сылтау дайын – қыл­мысты орынбасары болып тұрған кезінде жасамаған. Ал осы жолы қалай ақталмақ?

Тағынан түсуді ойламайтын әкім көп

2019 жылдың желтоқсанында «Қа­зақстан Республикасындағы мемлекеттік қызмет туралы» заңға өзгеріс енген болатын. Заңның 60-бабы 3-тармағына сай, жергілікті бюджеттен қаржылан­ды­рылатын атқарушы органның басшысы сыбайлас жемқорлық қылмысын жасаса, облыс, республикалық маңызы бар қала әкімінің орынбасары отставкаға кетуге арыз жазуы тиіс. Ал осы баптың 2-тар­мағында «отставканы мемлекеттiк қыз­мет­керді осы мемлекеттiк лауазымға та­ға­йындаған мемлекеттiк орган не лауазымды адам қабылдайды не уәжді түрде бас тартады» деп жазылған. Бұған қоса, «Мемлекеттік қызмет туралы» заңның 44-бабында қол астындағы қызметкері жемқорлық құқықбұзушылық жасаудың алдын алмаса, «тәртіптік теріс қылық» деп саналады. Ал «теріс қылығы» үшін ескерту, сөгіс, қатаң сөгіс, лауазымын төмендету немесе жұмыстан шығару секілді жаза қолданылатыны көрсетілген. Мемлекеттік қызметші сыбайлас жемқорлыққа барса, оның басшысы 10 күн ішінде отставкаға өтініш беруі тиіс. Бірақ бұл нормалар тек 2019 жылдың 10 желтоқсанынан бері болған жемқорлық фактілерін қамтиды. Ал одан бұрынғы оқиғалар «сен көрмедің, мен білмедім» күйінде қалғандай. Мәселен, 2019 жылы мамыр айында Ұлттық экономика министрі Руслан Дә­ленов Кәсіпкерлікті дамыту департа­мен­тінің директоры Асланбек Жақыповтың ісіне байланысты сот шешімі күшіне енсе, қызметінен кетуге дайын екенін мәлімдеді (дәл осындай жауаппен Досмұхамбетов те орнын сақтап тұр). Асланбек Жақыпов үш жылға сотталды, соңында министр лауа­зымын сақтап қалды. 2018 жылы қарашада Маңғыстау облысы әкімінің бірінші орынбасары Серік Аманғалиев 115 мың еуро пара алған жерінен ұсталып, кейін 10 жылға сотталды. Орынбасары үшін қыз­метін қия қоятын аудан әкімдері ғана іс­петті. Былтыр Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов Рудный қаласының әкімі Бақытжан Ғаязовтың отставка жөніндегі өтінішіне қол қойды. Алайда осы Архимед Мұхамбетовтің өзінің басы дауға қалып жүр. Себебі ол облыс әкімі болып отырғалы бері аудан басшылары жемқорлықтың «аранына» көптеп түсіп жатыр. 2019 жылы Қостанайға қарасты Әулиекөл ауданының әкімі Асхат Қисықов «тендерге көмектесемін» деп мектеп құрылысын жүргізетін кәсіпкерден 7 миллион теңге бопсалап, қолға түсті. Көп ұзамай сот отырысы өтіп, жемқор басшы 2,5 жылға абақтыға қамалды. Сол кезеңде тағы да өңірдегі Федоров ауданы әкімінің орынбасары парамен ұсталған. Заңның сеңі облыс әкімдері мен ми­нистрлерді емес, қала мен аудан әкімдерін соғуға ғана қауқарлы тәрізді. Әйтпесе, заң қабылдаймыз, жемқорлыққа қарсы ұран­датамыз, бірақ нәтижесі шамалы. Не де болса, Досмұхамбетовтің даңқы шығып-ақ тұр.