Қымбатшылық қысып, баға шарықтап бара жатқанда жалақысын ала алмай зар илегендер де табылып тұр. Ақмола облысы Астрахан ауданының әкімдігі жанындағы коммуналдық шаруашылығында қарапайым жұмысшылар талайдан бері шешілмеген жанайқайларын редакцияға жеткізді. Олардың айтуынша, үш жылдан бері зейнетақы, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандыру үшін қызметкерлерге көк тиын аударылмаған. Алайда қолдарына тиетін бар-жоғы 40 мың теңгенің айналасындағы жалақысынан бұл қаржы тұрақты түрде ұсталып келген. Бұған қоса, жұмысшылар жалақы алмағанына да үшінші айға кеткенін жеткізді. «Мәселе жөнінде облыс әкіміне, тіпті Президент Әкімшілігіне хат жазғанымызбен, еш нәтиже болмады», – дейді олар. Ал аудандағы жергілікті билік өкілдері жалақының уақытында аударылып жатқанын айтады. Бір қызығы, жергілікті билік өкілдерінің айтқан жауабы бір-біріне ұқсамады... Коммуналдық шаруашылық қызметкерлері жергілікті әкімдіктерден еш қайыр болмаған соң хатты Президент Әкімшілігіне жолдапты. Ал олар аталған шаруашылық жекеменшікте болғандықтан, мораторийге сәйкес тексеріс жасауға құқығы жоқ екенін жеткізген жауаппен құтылыпты.
Үш жылдан бері зейнетақы, үш айдан бері жалақы...
«Бұл коммуналдық шаруашылықта екі жылдан бері жұмыс істеймін. Осы екі жыл бойы менің және үш жылдан бері істеп келе жатқан басқа жұмысшыларға зейнетақы, әлеуметтік және медициналық сақтандыруына бір тиын да аударылмады. Бірақ жалақымыздан ұстап отырады. Көпшілік шағым айтуға жұмыстан айырылып қаламыз ба деп қорқады. Бұрынғы басшымыз жұмыстан шығарылған. Жаңа басшы жақында келді. Естуімізше, біздің жалпы осы зейнетақы аударымымызға коммуналдық шаруашылықтың қарызы 10 миллион теңгеден асып жығылған. Оған қоса, жалақы алмағанымызға да үшінші айға жуықтады. Президент Әкімшілігіне жолданған хатқа жекеменшікті тексере алмаймыз деген сипатта жауап келіпті. Біз әкімдік жанындағы мемлекеттік коммуналдық шаруашылық емеспіз бе?! Мұны қалай түсінбекпіз?», – дейді Астрахан ауданы тұрғыны Галина Аянова. Бүгінде халқының саны 5 мыңға жетіп жығылған Жалтыр ауылы бір айдан бері тұрмыстық газдың тапшылығын тартқан. Осыған дейін газ баллондарын толтыратын жанармай құю стансасында енді газ құюға тыйым салынған. Газсыз қалған жұрттың көлігі бары газды 120 шақырым жердегі елордадан құйып келетін болған. Жұртты толғандырған сұрақтардың жауабын іздеу үшін аудан әкімімен тікелей тілдеспек болдық. Бірақ әкім коммуналдық шаруашылық жұмысшыларының зейнетақы және басқа да ұсталымдары жөнінде ешқандай шағым түспегенін айтып ақталды. «Коммуналдық шаруашылықтың жұмысшыларына жалақы осыдан екі күн бұрын толықтай аударылған. Жалақыдан ешқандай қарыз жоқ. Ал зейнетақы, әлеуметтік аударымдар мен медициналық сақтандырулар туралы сізден алғаш рет естіп отырмын. Маған мұндай еш шағым түскен жоқ. Егер жалақы бойынша сауалдары болса маған тікелей шықсын. Ал тұрмыстық газ тапшылығына келсек, Шортандыдағы газ жарылысынан кейін жанармай құю стансасынан газ құюға бірден тыйым салынған. Қазір көшелерде газ тарататын көліктер жүр. Елордадан газ стансасын Астрахан мен Жалтырда орнату туралы келісім жасамақпыз. Бұл мәселе алдағы үш күнде белгілі болады», – дейді Астрахан ауданының әкімі Нұрлан Сейілов. Аудан әкімімен тілдескеннен кейін қарамағындағы орынбасарлары мен бөлім басшыларынан телефон қоңыраулары түсе бастады. Бірақ зейнетақы және басқа да аударымдары жөніндегі жауап бөлек болды. «Коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің жалақыдан қарызы болған жоқ. Ал зейнетақы, әлеуметтік аударым мен медициналық сақтандырудан мәселе бар екені рас. Бірақ үш жыл емес, соңғы бір жыл ғана қарыз. Қаражаттың жетіспеушілігіне байланысты бұл аударымдар уақытында аударылмады. Газ стансасын салмақ болған біреудің құжаттары сәйкес келмеді. Тағы бір жеткізушінің қоймасы бар. Енді келісімшарттар жасап мәселені шешпекшіміз», – дейді тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің басшысы Сағынтай Мұхамеджанов.«Зейнетақы аударымдары төленбегені рас»
Ал салаға жетекшілік ететін аудан әкімі орынбасарының берген жауабы мүлде бөлек болды. «От жағушыларға, сушылардың бәріне жалақы кешіктірусіз аударылады. Өйткені мұндай аз ақшаға жұмыс істейтіндер өте аз. Ал жалақы бойынша тек соңғы қараша айына қарызбыз. Зейнетақы аударымдары бойынша жағдайдың күрделі екенін ашық айтамын. Иә, дәл солай зейнетақы жарналары аударылмай жатыр. Себеп – қаражат тапшылығы. Жұрттың көбі суды ұрлап қолданады. Төлеген қаражат жетпейді. Коммуналдық шаруашылықтың көмірі де бюджет қаражатына алынады. Әсіресе, жаз айларында жалақы төлеу қиынға соққан. Жарыққа ғана 6 миллион теңге шығындалады. Алдағы қаңтар, ақпан айларында қарыздарды толығымен жабамыз. Ешқандай мәселе болмайды», – деп сендірді Астрахан ауданы әкімінің орынбасары Руслан Мұқанов.P.S.
Сонымен, аудандағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын қызметкерлерінің жалақысы мен зейнетақы және басқа да аударымдар айналасында бір қитұрқы шырғалаң бар екені анық байқалды. Ал мәселені жергілікті билік пен тиісті органдар қалай шешетіні алдағы уақыттың еншісінде...
Ақмола облысы