Жарнаманың тілі «қисайып» тұр
Жарнаманың тілі «қисайып» тұр
Алматыдағы мемлекеттік тілдің ақсап тұрған бір тұсы – көшедегі жар­намалар. Бұл тақырып бұған дейін де сан рет айтылып, жазылып жүрсе де, мәселе түбе­гей­­лі шешілген жоқ. Оған кім жауапты?

Мемлекеттік тілді менсінбеушілердің кесірі

Алматы көшелерін араласаңыз, өз ана тіліңіздегі жарнамаларды тү­сіну үшін «аудармашы» қажет сияқ­ты. Амалсыз орыс тіліндегі нұс­қасын оқуыңызға тура келеді. Тіпті, кейбір жерде жарнамасы мен атауы тек орыс тілінде жазыл­ған жайттарды кездестірдік. Мә­се­лен, Желтоқсан көшесінде орна­лас­қан әйелдерге арналған шұлық сататын дүкеннің маңдайшасында тек «Мир Колготок» деген жазу ілін­ген. Ол аздай осы мекемемен бір шаңырақ астында орналасқан та­ғы бір кеңсе өз атауын «Налоговые услуги» деп, орысшасын жо­ғары жаққа жазып, заңда көрсетіл­ген талапты бір бұзса, соның астына «Салық есептіліктері» деп ма­ғы­на жағынан сай келмейтін аударма мә­­тін жазып қойған. Сол дүкеннен сәл ғана төмен түссеңіз, перделер сататын орыннан «Ролл Шторы Жалюзи» деген тек орысша жазыл­ған маңдайшаға жолығасыз. Бір қара­ғанда, бұл жеке сектордың, яғни белгілі бір кәсіпкердің меншігі деп қарауға да болатын шығар. Бі­рақ кім болса да, Қазақстан же­рінің ауасын жұтып, суын ішіп жат­қан соң осы елдің заңын қас­тер­леп, соған бағынуы керек емес пе? Бұл туралы «Тіл туралы» заң­ның 21-бабында «Ілінген жарнама қа­зақ және орыс тілінде болуы ке­рек. Жарнама мен мекеме атауы­ның қазақ тіліндегі мәтіні бірінші не­месе жоғары жағына орналастырылып, орыс тіліндегі мәтін қарпі­мен бірдей болуы тиіс», – делінген. Яғни, барлық ескерілуі тиіс жайттар заңда тайға таңба басқандай жазылып тұр. Мұның астарында мемлекеттік тілді менсінбеу­шілік немесе оған немқұрайды қарау жатқан секілді. Жекеменшік нысандардағы атаулар мен жарнамалық нұсқау­лардан қазақ тілінің халіне қарны­мыз ашқаны аздай, қала орта­лы­ғындағы кейбір көше атаулары да тек орыс тілінде жазыл­ғанын кім түсіндіріп бере алады? Мысалы, қа­лалық Ұстаздар үйі деген мекеме «Ул. Толе би 298» деген мекенжайда орналасқан. Бөлек қазақ тілін­де­гі нұсқасы атымен жоқ. Дәл сон­­­­дай олқылықты « ул. Желтоксан 111» деген мекенжайдан да кез­­дес­тіруге болады. Бұған қарап, мемлекеттік тілді менсінбеу­ші­лер­дің ке­сірі демеске амал жоқ.

Талап төмен

Ал аттап бассаң, алдыңнан шы­ға келетін орфографиялық, стилис­тикалық, грамматикалық қателер туралы айтудың өзі артық. Ол қателер туралы айту үшін заң­ның кейбір тұстарын пысық­тап алуымыз керек секілді. Жо­ғары­­­да айтқан «Тіл туралы» заңда орфографиялық, стилистика­лық, грам­матикалық қателер туралы ар­найы бап қарастырылмаған. Сон­дықтан сот, прокуратура, қала әкім­­дігі ешкімді дәл осы мәселе үшін жауапқа тарта алмайды. Қате жі­бергендер, керісінше ол туралы қай заңда, қандай норма бар екенін көрсетуді талап етіп шығатын кө­рі­неді. Тіл жанашырлары мен мамандар мұндай жағдай бірнеше рет болғанын БАҚ беттерінде жазып жүр. көше атауы Кейбір жарнама авторлары со­ған жүгінеді. Содан қазақ тіліне нем­құрайды қарауға жол беріліп отыр.

Әкімдікте Тіл басқармасы жоқ

Ең қызығы, Алматыда тілдің қол­данылуын тікелей бақылайтын мекеме жоқ. Бұрынғы Тілдерді да­мыту басқар­масы 2019 жылдан бері өз жұмысын тоқтатқан. Оның қан­дай себеппен қажетсіз деп та­был­ғаны тек әкімдіктің өзіне ғана аян. Оның орнына «Алматы қаласы әкі­­мі аппараты тілдерді дамыту жә­не латын графикасына көшу ор­талығы» деген қандай құдіреті шек­­­теулі мекеме ашылған көрі­не­ді. Көзбен көрген олқылықтарды алға тартып, сауалдарымызға жауап беруімізді сұрап, амалсыз осы ме­кемеге жүгіндік. «Біз әкімдік атқарушы орган бо­ла тұра, көшелердегі жарнама­ларға тексеру жүргізу мүмкін емес. Себебі Кәсіпкерлік кодекстің 138-бабы бар. Ол жерде қандай жағ­дай­да кәсіпкерлік ұйымдарды тексеруге болатыны жайлы тізім жасал­ған. Ол тізімде «Мемлекеттік тілдің талаптарын бұзған жағдайда» деген бірауыз сөз жоқ. Одан кейін кез келген тексеріс жүр­гізу үшін құ­зыретті мекеме тексерісті алдымен прокуратурадағы тексерістерді тіркеу жөніндегі бірыңғай жүйеге енгізуі керек. Сол жер бізге тексеру парақшасын береді. Кәсіпкерлік кодексте «тіл туралы заңның талаптарын бұзған жағдайда» деген тар­мақ болма­ғаннан кейін олар бізге ондай тексеру парақшасын бермейді. Сол себепті біз ешқандай жар­нама берушіге тексеріс жүргі­зіп, шара қолдана алмаймыз. Әкім­дік тарапынан тек мониторинг жүргі­зіледі. Оның нәтижесі бойынша әкім­шілік шара қолданылмайды, анықталған кемшіліктерді жою туралы ұсыным ғана бере аламыз», –дейді орталық басшысы­ның міндетін атқарушы Бақыт Қалымбет. Орталықтың бізге берген мә­лі­метінше, қазір арнайы мониторинг тобы құрылған. Сонымен қа­тар Алматы қаласы кәсіпкерлер палатасымен меморандумға қол қойған. «Соңғы кезде қоғамда кәсіп­керлік объектілерде тіл туралы заң­нама талаптарының сақталуына қа­тысты мәселелер болады. Осыған орай өткен жылы Алма­ты қаласы әкімінің тапсырмасымен қалада мемлекеттік тілдің қол­­­данылуына мониторинг тобы құрыл­ды. Оның құрамына жауапты ма­мандар, тіл жанашырлары, БАҚ жә­не үкіметтік емес ұйымдар­дың өкіл­дері енді. Мониторинг топтың міндеті – тіл туралы заңнама талаптарын тү­сіндіру және кемшіліктерді жою жө­нінде ұсыным беру. Осы бағыттағы жұмысты же­тіл­діру мақсатында Алматы қаласы әкім­дігі мен Алматы қаласы кәсіп­кер­лер палатасы өзара ынтымақ­тас­тық туралы меморандумға қол қой­дық. Б.Қалымбеттің айтуынша, Ал­маты әкім­дігінде жарнама эс­киз­­дерінің қазақ тіліндегі мәтінін тек­серіп, келісім беру тәртібі жа­сал­ған. Осы тәртіп негізінде жыл ба­сынан бері 4 мың­нан астам жар­нама эскизіне келі­сім берілді. Со­ның ішінде 1 414 эс­кизге мамандар тарапынан түзетулер енгізілген. Қорыта айтқанда, қала ішіндегі тіл­дік көрініс ғылымда лин­гвис­ти­ка­лық ландшафт деп аталады. Ол – ғимарат, көше, жол, кө­ліктегі, іс-шаралардағы, ақ­парат­тық жар­намалардағы тілдің қол­данысы. Былайша айтқанда, ол қала тұрғын­дары санасының дең­гейі деп айтсақ болады. Қазір Ал­матының лингвис­тикалық ландшафтына қарап отырып, бұл мәселенің әлі де ақсап тұр­ғанын байқауға болады. Қалай десек те, жарнама тілінің "қисаймай", ақсамай тұрғаны маңыз­­ды. Бастысы, жарнама талап­қа сай болып, сауатты жазылса, қанеки! Ендеше, сауатты жарнама үшін жұмылған жұдырықтай болып, бірге атсалысайық.

Алматы