Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымова журналистердің "несие кешіріле ме" деген сұрағына жауап беріп, 18 мыңнан астам қазақстандық агенттікке несиесін кешіруге өтініш бергенін айтты.
"Әлеуметтік желіде «кредит кешіріледі», «несиеге рақымшылық жасалады» деген жалған ақпарат тараған соң агенттікке 3 күн қатарынан жүздеген адам келді. Барлығы 18 мыңнан астам өтініш түсті. Оның барлығын қаржы ұйымдарына жібердік", – деді Мадина Әбілқасымова Мәжілістің жалпы отырысынан кейін кулуарда.Оның айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен 2019 жылы несиеге рақымшылық жасау шарасы бір рет қана жүргізілген.
"2021 жылдың мамырында қаржылық жағдайы қиындап, қарызын қайтара алмай жатқан адамдар үшін жаңа заң қабылданды. 1 қазаннан бастап ол күшіне енді. Банктер мен микроқаржы ұйымдары адамның қаржылық жағдайы қиындаған жағдайда түрлі жеңілдік ұсынуға міндеттеледі. Егер қарызды төлеу қиын болса, бөліп төлеу, өсімді төмендету, айыппұлды кешіру секілді механизмдер ұсынуға міндетті", – деді Агенттік төрағасы.Бұған дейін әлеуметтік желіде "несие кешірілетіні" туралы хабарламаға қатысты Ұлттық банк мәлімдеме жасаған болатын.