Қазақтың араға ғасырлар салып, азаттыққа қол жеткізіп, тәуелсіздік жариялағанына 30 жыл толды. Ғасырдың үштен біріне жуық уақытта Қазақстан толыққанды егемен елге айналғаны баршаға аян. Әдетте тәуелсіздікті баянды ететін және оның ажырамас атрибуты саналатын институттар болады. Солардың бірі – Қарулы Күштер. Ел қорғайтын ер, самсаған қол болмаса, азаттық ауылының алыстайтынын бабалар да білген, бүгінгі ұрпақ та жадынан шығарған жоқ. Сол себепті заманауи армия жасақтау өмірлік мұрат еткен Қазақстан ықшам, жақсы қаруланған, кәсіби армия жасақтай білді. Тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде Қазақстан қуатты армия жасақтай білді. Рас, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың 7 мамырында Қарулы Күштерді құрып, Қорғаныс министрі етіп генерал Сағадат Нұрмағанбетовті тағайындайтын Жарлыққа қол қойған кезде Қазақстан жерінде 200 мыңнан астам әскер бар еді. Бұл әскерлер КСРО Қарулы Күштері құрлық әскерлерінің 40 армиясы, Әскери әуе күштері дивизиялары, әуе қорғанысы күштері корпусы бөлімдерінде қызмет ететін. Оның үстіне, Қазақстан жерінде ядролық қарумен қаруланған стратегиялық мақсаттағы зымыран әскерінің, стратегиялық бомбалаушы ұшақтардың дивизиялары да орналасқан болатын. Әскерилердің де көңілі алаудаулы еді. Туған елдеріне кетіп жатқандар да көп болды. Қазақстанның болашағына деген сенім де төмен еді. Міне, осындай сәтте Қазақстан армиясы жасақталды.
Мобильді армия жасақталды
Жалпы, Қазақстан Қарулы Күштерінің тарихына үңілген адам Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та армияның заманауи, жедел әрекет етуге қауқарлы құрылым болғанын құптайтынын байқайды. Әрі кәсіби әскер жасақтау да ешқашан назардан тыс қалған емес. Айталық, 1992 жылы Қазақстан аумағында орналасқан бөлімдерде әскери қызметшілер саны 200 мыңнан асса, қазір Қарулы Күштер мен өзге де күштік құрылымдардың жеке құрамы 110 мың шамасындағы сарбаздан құралған. Алғаш рет 1995 жылы келісімшарт негізінде әскери қызмет өтеу жүйесі сынақтан өтіп, кейін тұтас енгізілді. Бүгінде Қарулы Күштер жеке құрамының 75 пайызы келісімшартпен қызмет ететін сарбаздар мен офицерлерден құралған. Қазақ сарбаздары дүниенің түрлі аймағында бітімгершілік операцияларға қатысып келеді. 1992-1995 жылдары ТМД сыртқы шекарасын қорғау мақсатында Тәжікстанға жіберілген әскери бөлімдердің сарбаздары ерен ерліктің үлгісін көрсеткені де тарихта қалды. 2000 жылдардың басында Иракқа жіберілген әскерлеріміздің аталған ел аумағын миналар мен жарылғыш заттардан тазалауға атсалысып, онда де ерлік жасаған азаматтардың болғаны есте қалыпты. Сонымен қатар тәуелсіздік алғаннан бергі жылдар ішінде тарихта тұңғыш рет әскери теңіз флоты да құрылды. Қазақ тарихында бұрын-соңды флот болған емес еді.Тіпті, түбі бір түркі халықтарының ішінде де әскери теңіз күштерін жасақтағандар сирек еді. Алайда Қазақстанның Каспий теңізіндегі мүдделерін қорғау үшін 1997 жылы Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен әскери теңіз күштері жасақталды. Шекарашыларымыздың да күзет катерлері Каспийде жүзіп жүр. Жалпы, Қарулы Күштер үнемі реформаланып, жетілдіріліп келеді. Аумақтық қолбасшылықтар, бригада үлгісінде жасақталған әскери құрылым, арнайы мақсаттағы күштер дейсіз бе, қазақ армиясында ХХІ ғасыр талаптарына сәйкес келетін өзгеріс көп. Былтырдан бері Жоғарғы Бас қолбасшы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен шабуылдаушы-барлау топтарының да қатары өсті. Тұтқиылдан төнуі мүмкін қатерге қарсы тұруға даяр болу мақсатында жыл сайын әскери жаттығулар өтетіні бар. Тек 2021 жылдың өзінде ел ішіндегі жаттығуларда айтпағанда қазақ сарбаздары 20 халықаралық оқу-жаттығуға қатысқан. Ал қорғаныс саласына жауапты мамандар 450 халықаралық шараға барған. Әлемнің түрлі аймағында болып жатқан қақтығыстардағы әскери тактиканы, қолданылған техниканы зерттеу де назардан тыс қалған емес. Біздің пайымдауымызша, мұндай шаралардың барлығы Қарулы Күштердің қуатын арттыру үшін қажет.Жаңа техника – қауіпсіздік кепілі
Негізі, армияны құру бөлек те, оны қаржыландыру, қару-жарақ және техникамен қамтамасыз ету басқа. Армия генералы, Халық Қаһарманы Мұхтар Алтынбаев 90-жылдары Қазақстан Қорғаныс министріне бағынғысы келмеген бұрынғы кеңес офицерлері атажұртына ұшақтарды айдап әкеткенін де жазғаны бар. Сондай қиын-қыстау сәтте Нұрсұлтан Назарбаев Ресеймен және басқа да елдермен келісе отырып, әскери техниканың Қазақстанда қалуына қол жеткізді. Тіпті, стратегиялық бомбалаушы ұшақтарды Ресейге қайтарып, орнына ұшқыштар айдап әкеткен технканы, оған қоса жаңа ұшақтарды алған едік. Сөйтіп, 90-жылдардың ішінде Су-27, МиГ-29, Су-25, Л-39 ұшақтарына ие болдық. Кейін, 2010 жылдан соң заманауи Су-30СМ ұшағы да армиямыз қолданатын техникалар қатарына қосылды. Тіпті, МиГ-31 ұшағына да ие болдық. Егер МиГ-31 дің тек Ресей мен Қазақстанда ғана бар екенін ескерсек, Елбасы саясатының жемісті болғанын аңғару қиын емес. Ал бүгінде Қарулы Күштерде Ресейдің ғана емес, АҚШ, Қытай, Түркия, Франция, Израиль, Беларусь, Украина қатарлы көптеген елдің техникалары, Қазақстан қорғаныс өнеркәсібі зауыттарында құрастырылған жабдықтар мен қару-жарақтар бар. Әскер ынтымақтастықта да көпвекторлы бағыт қалыптасты. Бірлескен кәсіпорындар жұмыс істеп тұр. Мәселен, 1997 жылы әскери теңіз күштері құрылғанда алғашқы бірнеше катерді Түркия сыйға тартса, қазір катерлер мен шағын кемелерді отандық зауыт құрастырады. 90-жылдары қорғаныс өнеркәсібінің 1 ғана зауыты жұмыс істеп, өзгелері банкрот болудың аз-ақ алдында қалса, қазір 24 зауыт өнім шығарады.Әскери мамандар отандық оқу орындарында даярланады
КСРО кезінде қарулы күштерде қазақ ұлты өкілдерінің жоғары лауазымға жетуі сирек еді. Нұрсұлтан Назарбаев 1991 жылдың 25 қазанында ҚазКСР қорғаныс жөніндегі комитеті құрылғанда оны басқаратын генерал табудың өзі қиын болғанын жазған еді. Елбасы сол кезде жалғыз Сағадат Нұрмағамбетовті тапқанын айтқан. Сөйтіп, оны алдымен комитет басқаруға, кейін жаңадан құрылған Қорғаныс министрлігін басқаруға тағайындапты. Бұл армия жасақтау кезінде офицерлердің, білікті кадрлардың тым тапшы болғанын байқатады. Қарулы күштерде еңбек етіп, кейін отставкаға шыққан көптеген офицер де бұл жағдайды мойындайды. Содан да болар, әскери білімге Қазақстан айрықша көңіл бөлді. Кеңес кезінен қалған оқу орындарын заманға бейімдеді, жаңа оқу орындарын құрды. Бүгінде офицерлер даярлайтын бірнеше сатылы білім беру жүйесі бар. Олардың қатарына «Жас ұлан» мектептері, кадет корпусы, Құрлық әскерлерінің Әскери институты, Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Т.Бигелдинов атындағы Әуе қорғаныс күштерінің Әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты, Тұңғыш Президент – Елбасы атындағы Ұлттық қорғаныс университеті қатарлы білім ордалары кіреді. Осынау оқу орындарының нәтижесінде Қазақстан Қарулы Күштерге қажет маман тапшылығын түгел жойды. Сонымен бірге кадр тапшылығын жою үшін шетелдердегі әскери оқу орындарына да көптеген офицерді жіберген. Бүгінде Түркияда, Ресейде, Қытайда және басқа да мемлекеттерде білім алған офицерлер армия сапында қызмет етіп жүр. Ал отандық оқу орындарын бітірген кадрлар тіптен көп. Мәселен, 1970 жылы құрылған Құрлық әскерлерінің Әскери институты 13 мыңнан астам офицер даярласа, олардың 80-нен астамы Қазақстанда және шетелдерде генерал шеніне дейін жетіпті. Әлбетте, институтты бітірген 13 мың офицердің барлығы аталған оқу орнында Қазақстан тәуелсіздік алған соң білім алды деуге келмес. Бірақ құрылғанына 50 жылдан астам уақыт болған институттың Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейінгі қызметі де қарқынды болғанын ескерсек, 13 мың түлектің жартысынан көбі өз офицерлеріміз болуы бек мүмкін. Демек, Қазақстан армияны тұрақты түрде елдің жалпы ішкі өнімінің 1 пайызы көлеміндегі қаржымен ұдайы қамтамасыз етіп, сапалы кадрларды даярлай отырып дамытып келеді. Бірақ Қарулы Күштерді өзгеге сес көрсетіп, сұқтану үшін емес, тек қорғану мақсатында пайдаланып келеді. 30 жыл ішінде қабылданған 5 әскери доктринаның барлығында елге төнуі мүмкін қатерлердің алдын алу мәселесі ғана қарастырылған. Стратегиялық мақсаттағы шабуылдаушы қару-жарақпен қарулану мақсатымыз емес. Қарулану жарысына да қатыспаймыз. Бірақ мемлекет басшылығы, Жоғарғы Бас қолбасшы кез келген қауіп-қатерге қарсы тұруға даяр болуды талап етеді. Сондықтан кибер және ақпараттық қауіпсіздік, гибридті соғысқа қарсы күрес тәрізді жаңа бағыттар да назардан тыс қалған жоқ. Айталық, өткен күзде бекітілген «Қарулы Күштерді, басқа да әскерлер мен әскери құрылымдарды құрудың және дамытудың жаңа тұжырымдамасында» алғаш рет әуе-ғарыштық және зымыран шабуылына қарсы қорғаныстың тиімді жүйесінің элементтерін қалыптастыру жоспарланған. Бұл дегеніңіз – армия қуатын ғана емес, елдің қорғаныс қабілетін арттырудың жаңа сатысы. Ендеше тәуелсіздіктің сақталуына кепіл болатын қадамдар жыл сайын өзгеріп, жетіліп отыруы да заңды. Өйткені әлем өзгеріп келеді. Құбылған дүниеде армияның да ыңғайлы болғаны керек.Амангелді ҚҰРМЕТ