Ералы Тоғжанов: Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық
Ералы Тоғжанов: Тәуелсіздігіміздің тұғыры –  тұрақтылық
228
оқылды
Биыл Қазақстан халқы біраз сынақты бастан кешірді. Пандемияның салдары жойылған жоқ. Нарықтағы баға шарықтады. Осы себепті көптің көкейінде Үкіметке біраз сауал жинақталып қалды. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында әлеуметтік салада қордаланған сұрақтарды Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжановқа қойдық. – Ералы Лұқпанұлы, пандемия отан­дық экономикаға оңай соқпады. Талай үлкенді-кішілі бизнес ошақтары жабылды, шетелден тауар жетпей, біраз кәсіпорын тұралап қалды. Биыл 11 айда қанша жұ­мыс орындары ашылды? – Иә, пандемия тек біздің халқымыз үшін ғана емес, бүкіл әлем үшін күтпеген жағдай болды. Жаңа вирус тез арада ғаламдық қатерге айналды. Тарихта әлемді шарпыған қаншама індеттің бол­ғанын білеміз. Алайда адамзат дәл осын­дай қатермен бірінші рет кездесіп отыр. Алғаш рет мемлекеттер арасындағы барлық көлік қатынастары тоқтап, адам­дар әлеуметтік қашықтық сақтауға мәж­бүр болды. Тұтас елдер, қалалар, мега­по­листер «локдаунға» жабылды. Дамыл тап­­пайтын өндірістер, орта және шағын бизнес қарқынын төмендетті. Алпауыт елдердің өзі абдырап қалғанына куә болдық. Осындай күрделі кезеңде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы коронавируспен күрес жұмыстарын ұйымдастыруды тікелей өз бақылауында ұстап, кезек күттірмейтін өзекті мәсе­ле­лерді шешуге ерекше мән беріп, басқа­руды талап етті. Міне, осының арқасында панде­мия кезеңінде денсаулық сақтау жүйе­сін­де атқарылған шаралардан басқа халыққа әлеуметтік қолдау көрсетілді және мем­лекет тарапынан барлық әлеуметтік міндеттемелер толық орындалды. Біріншіден, төтенше жағдай, сондай-ақ шектеу іс-шаралары кезеңінде бар­лығы 4,6 млн адам жалпы сомасы 476,3 млрд теңгеге әлеуметтік төлем алды. Екіншіден, көмекке мұқтаж 1 мил­лионнан аса адам ай сайын азық-түлік­пен, сонымен қатар аз қамтылған отба­сын­­да­ғы 217 мың бала мектепке қажет­ті киім және құралдармен қамтамасыз етіл­ді. Бұл мақсатта 24,6 млрд теңге жұмсалды. Үшіншіден, қабылданған жұмыспен қамту шаралары жұмыссыздықты 4,9% деңгейінде ұстап тұруға мүмкіндік берді. Пандемияның жалпы экономикаға әсе­ріне келер болсақ. Экономиканы қал­пына келтіру мақсатында 2020 жылы 700 мың кәсіпкер 1 трлн теңге көлемінде са­лықтан босатылды. 40 мың бизнес-жоба 2,6 трлн теңгеге қаржыландырылды. Несие алушылардың 80%-ының төлем мерзімдері кейінге шегерілді. Биылғы 10 айдың қорытындысы бо­йынша, 1,2 млн адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 684 мың адам тұрақты жұмысқа орналасты. Бүгінде ұлттық экономиканың көрсет­кіштері пандемияға дейінгі деңгейге жетті және сенімді түрде қалпына келтіру динамикасын көрсетуді жалғастыруда. Осы жылғы 11 ай қорытын­дысы бойынша жал­пы ішкі өнімнің өсімі 3,8%-ға көтерілді. – Биыл жалақысының төмендігіне налып, айлығымыз шайлығымызға жет­пейді деп біршама кәсіпорын қызметкері наразылық танытты. Әсіресе, аймақтарда. Олардың арызы Үкіметке жетті ме, сұ­ранысы орындалды ма? Жалпы, респуб­лика бойынша жалақы көлемінің өсімі байқалды ма? – Негізінен мұнай сервистік компа­ния­ларда (31 еңбек дауының 27-і) еңбек даулары болды. Осыған байланысты Үкімет жанынан жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы мен мүдделі мемлекеттік органдар, ұлттық компаниялар бірлесе жұмыскерлердің наразылығын тудырған мәселелер анықталып, мұнай сервистік компаниялардағы мәселелерді реттеу бойынша іс-қимыл жоспары бекітілді. Сондай-ақ кәсіпорындарда туын­­даған еңбек саласындағы мәселелер Үкімет жанындағы әлеуметтік әріптестік жөнін­дегі үшжақты комиссиялардың 3 оты­рысында, ал әкімдіктер тарапынан 224 облыстық (қалалық) және 1 145 аудандық комиссияның отырысында қаралды. Осы жылдың 10 айында жұмысшылар үшін қосымша жеңілдіктер мен өтем­ақыларды көздейтін 8,5 мыңнан астам жаңа ұжымдық шарттар жасалды. Жыл басынан бері елі­міздің 911 кәсіп­орнын­да 600 мыңнан астам жұмысшының жалақысы орта есеппен 25%-ға артты. 1 000-ға жуық кәсіпорындағы 23 мың қызметкердің 5,2 млрд теңге жалақысы өтелді. Бұл жыл басынан бері болған барлық еңбек дауларының толы­ғымен (31 еңбек дауы толығымен шешіл­ді) шешілуіне өз септігін тигізді. Жалпы алғанда, жыл басымен салыс­тырғанда орташа жалақы мөлшері 4 пайызға немесе 233 мың теңгеден 243 мың теңгеге өсті. Бюджет саласының 883 мың қыз­меткерінің жалақысы 25%-тен 50%-ға дейін көтерілді. Сондай-ақ 591 мың аза­маттық қызметшілердің жекелеген са­наттарының жала­қысы 2022-2025 жыл­дар аралығында ор­таша есеппен жыл сайын 20%-ға өседі. – Үш ауысымды және апатты жағ­дайдағы мектептер мәселесінің айтылып келе жатқанына сан жылдың жүзі болды. Соңғы жылдары жекеменшік, мемлекет­тік-жеке әріптестік аясында мектептер ашылды. Аталған қос мәселе толық шеші­мін табуы үшін әлі қанша уақыт керек? – Жаңа мектептер құрылысы – елі­міз­дегі ең өзекті мәселелердің бірі. Сон­дықтан Мемлекет басшысы 1 000 мектеп салу туралы тапсырма берді. Қазір елі­мізде 168 үш ауысымды және 35 апатты мектеп бар. Елімізде 266 мың оқу орны тапшы. Де­мографиялық өсімді ескерсек, нақты шаралар қабылданбаса, 2025 жылы 1 млн-ға дейін оқушы орны аз болуы мүмкін. Бұл бағытта жаңа мектептерді салуда мемлекеттік жеке әріптестік арқылы салу, жеке мектептер құрылысы және мем­­лекет есебінен шешу тә­сіл­дері қол­данылады. Жаңа 2 000 орындық мектеп салуға басымдық беріледі. Бұл – мәсе­лені ше­шудің тиімді тәсілі. Нұр-Сұлтан қала­сында бұл жоба басталып кетті. Жыл соңына дейін барлығы 311 мек­теп пайдалануға беріледі, оның ішінде 145 мектеп мемлекеттік бюджет есе­бінен, 4 мектеп мемлекеттік жеке әріп­тестік есебінен, 162 – жекеменшік мектеп. 1 000 мектептің құрылысы шеңберінде мемлекеттік жеке әріптестік тетігін қол­дану арқылы 101 мектептің құрылысы қам­тамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы, апатты және үш ауысымдағы мектептердің мәселелерін шешу, сондай-ақ оқушылар орнының тапшылығын жою мақсатында министрлік облыс­тар­дың, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шым­кент қалаларының әкімдіктерімен бірле­сіп, 2021-2025 жылдарға арналған мектеп салу жоспары әзірленді. Сол жоспарға сәйкес, 2021-2025 жыл­дар аралығында оқушылар орнының жетіспеушілігін жабу және үш ауысымда оқыту мәселесін шешу үшін 1 080 мектеп салу жоспарланған. – Пандемия өрши бастағанда дәрі тап­шылығын қатты сезіндік. Дәрінің ай­мақ­тарға жеткізілуі қиындады. Осы са­лаға жауаптылар «адалмыз, бәрі экс­портқа байланысты» деп ақталды. Бүгінде шет­елдік өнімге тәуелді болмас үшін отан­дық фар­мацевтиканы дамыту қолға алынды ма? – Дәрілік заттар мен медициналық мақсаттағы бұйымдардың жеке өндірісін дамыту – Үкімет үшін маңызды ба­сым­дылық. Бүгінде біз өзімізді дәрі-дәр­мекпен 17% ғана қамтамасыз етіп отыр­мыз. 2025 жылға қарай 50% деңгейіне жетеміз. Ол үшін Үкімет деңгейінде арнайы фармацевтика индустриясын дамыту жөніндегі кешенді жоспар қабылданды. Жамбыл облысында «Отарбиофарм» биофармацефтикалық зауыты салынды. Бүгінде отандық вакцинаның 2 млн дозасы шығарылды. Қазақстан бүгін әлем бойынша ко­ронавирусқа қарсы вакцина шығарған алты мемлекеттің – АҚШ, Ресей, Ұлы­британия, Израиль, Швеция, Қытай қатарына енді. Фармацевтикалық өндіріс саласын дамыту функциясы Индустрия министрлігінен Денсаулық сақтау ми­нистрлігіне берілуде. Осы салада өндірісті дамыту үшін BigPharma қатарына жататын ірі өнді­ру­ші­лерді елімізге алып келу бойын­ша жұ­мыс­тар жүргізілуде. 2025 жылға қарай дәрі-дәрмек өндірісін ұлғайтуға, 2 мыңнан ас­там жоғары білікті ма­ман­ды даярлап, олар үшін тұрақты жұ­мыс орнын ашуға мүм­кіндік беретін 30-дан астам жаңа ірі фар­мацевтикалық өнер­кәсіп іске қосылады. Ең бастысы, пандемия еліміздің қа­зіргі заманғы биологиялық қауіптерге қарсы тұруға дайын болудың маңызын көрсетті. Сондықтан Қазақстан тарихында бірінші рет «Биологиялық қауіпсіздік туралы» заң жобасы әзірленді. Еліміздің биологиялық қауіпсіздігін болжамдаудың Ұлттық жүйесі құрылады. Бұл биологиялық қатерден қорғау бо­йынша жұмыстарды өткізуге жүйелік негіз болады. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, санитарлық-эпидемиоло­гия­лық жүйе қалпына келтірілді. Жалпы, санитарлық-эпидемиоло­­гия­лық лабораториялардың жабдық­та­луы қа­зіргі 61%-дан 90%-ға дейін артты. – Карантин, пандемия бүгін біздің тұрмысымыздың бір бөлігіне айналғандай. Елді енді ревакцинация күтіп тұр. Ай­тыңызшы, коронавируспен күресудің ке­лешектегі жалпы стратегиясы анық­талды ма? Әлде күрес әдісі инфекцияның таралу деңгейіне байланысты өзгеріп отыра ма? Мүмкін бетперде режимі, ірі шараларды өткізбеу, арақашықтық сақтау біздің қо­ғамға қалыпты жағдайға айналып кете ме? – Иә, пандемия кезеңіндегі әлемдегі өзгерістер халықтың көңіл күйіне, тұр­мысына, тағдырына оңай ти­меді. Ке­неттен туған жағдайды түсіну де, қа­был­дау да қиын болды. Алғашқы локдаун жарияланған кезде біздің қоғам тығылып қонаққа барып, мейрамхананың артқы есігінен кіріп, той жасап, бетперде тағуды қажет деп са­намай, талаптарды орындамады. Соның кесірінен қаншама адам қайтыс болып кетті. 2020 жылғы 27 қаңтарда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралуын тежеу жөніндегі ведомствоаралық комис­сия құрылды. Жалпы, коронавирусқа қарсы шара­ларды тұрақты түрде қабылдап, іске асы­ру жолдарын және орындалу тәртібін анықтап отырған, міне – осы комиссия. Бүгінде Үкімет тарапынан ревакци­нациялау, сонымен қоса балаларды, жүк­ті және бала емізетін әйелдерді Pfizer вак­цинасымен вакциналау туралы ше­шім қабылданып, іске асырылып жатыр. Pfizer вакцинасын коммерциялық сегментке ақылы түрде алуға мүмкіндік берілді. Қазақстанда биыл 22 қара­шада ре­вакцинация басталды, ол екі кезеңде жүргізіледі. Бірінші кезекте тәуекел тобындағы адамдар егіледі. Биыл жыл соңына дейін медициналық-әлеуметтік ме­кемелердің, жабық балалар ұйым­дарының, әлеуетті құрылымдардың ме­дицина қызмет­кер­лері, педагогтері, персоналы мен контин­генті қайта вак­цина алуы керек. Сондай-ақ ревакци­нацияға тексеруден өткен және коро­навирусқа қарсы антиде­нелерге теріс тест нәтижесі бар 60 жастан асқан адам­дар жіберіледі. Ревакцинацияның екінші кезеңі 2022 жылдың 1 қаңтарында басталады. Екінші кезеңде алғашқы вакцинацияны аяқтаған республиканың барлық тұр­ғындары вакцинацияның толық курсы­нан кейін 6-9 айдан кейін қайта вакцина салғызды. Бірінші кезеңде 1 миллионға жуық адам­ды, екінші ке­зеңде 6,2 миллион адамды ревакцинациямен қамту жос­парланған. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ­ұйы­мы осы жылдың сәуір айында СOVID-19-ға қарсы күрес стратегиясын жаңарт­ты. Біздің елімізде инфекцияның тара­луына жол бермеу мақсатында эпиде­миологиялық жағдайды ескере отырып, эпидемияға қарсы шаралар анықталды және Қазақстан Үкіметі коронавирус ин­фекциясына қарсы іс-қимыл жөнін­дегі 2021-2022 жылдарға арналған жедел іс-қимыл жоспарын бекітті. Сөз жоқ, пандемия бүкіл әлемде са­наның өзгеруіне ықпал етті. Біздің қоғам да уақыт өте өзгере бастады. Мысалы, пан­демияға дейін бетперде киетін адам өте сирек еді. Қазір бетпердемен жүру күн­делікті талапқа, тіпті дағдыға айналды. Бұрындары халқымыз 300-500 адам жинап, ұлан-асыр той өткізетін. Қазір 30-50 адам жинап қана өткізе беретін болдық. Бәріміз де онлайн және офлайн деген сөзді жиі қолданатын болдық. Жұмысты қашықтан істеуге, мемлекеттік қыз­метті онлайн алуға, сау­даны онлайн жасауға да бейімделдік. Мұның барлығы бас-аяғы 2 жыл­дың ішінде пандемияның нәтижесінде қа­лыптасқан жаңа мәдениет, жаңа қарым-қатынас. Бұдан бөлек, адамдардың жауапкер­шілігі артып келеді, ең әуелі өз денсау­лығына деген көзқарас өзгерді. Енді науқас адамның жұмысқа келуі және жұмыс істеуі «батырлық» болып саналмайды, керісінше басқаларға қауіп төндіретін жауапсыз әрекет болып саналады. Саналы қоғамға қарай қадам басып келеміз. «Вакцина алу немесе алмау» деген тақырыптағы пікірталастың өзі адамдардың ғылымға назарын аудартты, көзқарасын өзгертті деп ойлаймын. Бұл Елбасының «интеллектуалды ұлт» қалыптастыру туралы ойының іске аса бастағанының дәлелі, дағдарысты даму үшін қолданудың бір көрінісі. Саналы қоғам қалыптастыруға әр азамат өз үлесін адал әрекетпен қосуы керек деп ойлаймын. – Соңғы жылдары әлемнің бірқатар елінде білім мен ғылым саласын бөліп, екі мекеме ету үрдісі байқалады. Еуропа елдері, Ресей осы тәжірибеге көшті. Бізде әзірге балабақша, мектеп, бала құқығы, колледж, ЖОО, ғылым, тіл салаларына бір министрлік жауапты. Бізге де әлемдік тәжірибеге көшетін уақыт жетпеді ме? – Ғылымды дамыту әрқашан мемле­кеттік саясаттың негізгі басымдықта­ры­ның бірі болып келді және болып қала береді. Бүгінде «Биологиялық қауіпсіздік проблемалары ҒЗИ» QazVac корона­ви­русқа қарсы отандық вакцинасы – қазақстандықтардың денсаулығы мен қауіпсіздігін қорғайтын құрал ғана емес, экономиканы дамытудың тетігі, қазақ­стандық ғалымдарымыздың әлеуеті мен жетістігінің дәлелі. Ғылымды республикалық бюджеттен қаржыландыру соңғы екі жылда екі есе өсті және 2021 жылы 83,1 млрд теңгені құрады, 2016 жылмен салыстырғанда 20 млрд-қа жуық артып, олардың жалпы ішкі өнімдегі үлесі 0,13%-ға жетті. Қазір 1 300-ден астам ғылыми-зерт­теу­лер іске асырылуда, оның ішінде 315 жобаны жас ғалымдар орындап жатыр. Әлемнің жетекші ғылыми орталықта­рында тағылымдамадан өту үшін ғалым­дарға 500 грант бөлінді. Жыл сайын жас ғалымдарға ғылыми-зерттеулер жүргізуге 1 000 грант бөлінеді. Сонымен қатар қазіргі проблемалар шын мәнінде елеулі реформаларды талап етеді. Мемлекет басшысы өз Жолдауында «Жинақталған проблемаларды шешу үшін жыл соңына дейін Ғылым туралы заңнамаға өзгерістер енгізуді» тапсырды. Бұл тапсырманы Үкімет қысқа мер­зімде Парламентпен өзара іс-қимыл жа­сай отырып орындады. Биыл 15 қара­шада Президент Қ.Тоқаев заңға қол қойды, онда «Ғылым туралы» заңнамаға бірқатар өзгеріс енгізілді. Енді жетекші ғалымдардың жалақысы 2022 жылдан бастап базалық қаржы­ландыруға қосылады. Іргелі зерттеу­лер­мен айналысатын ғылыми институттар тікелей қаржыландырылатын болады. Гранттық қаржыландыру мерзімі 5 жылға дейін ұлғайтылады. Ғылыми кеңестердің шешімдерін қарайтын апелляция инс­титуты құрылады. Бұл – ғалымдарымыз көптен күткен өзгерістер. Бұдан басқа да ғылымды реформалау бойынша жүйелі шаралар әлі де қабылданады. – Биыл – тәуелсіздігімізге 30 жыл. Бұл мерзімде атқарылған іс аз емес. Қазақстан азаматы ретінде тәуелсіздігіміздің ең басты жетістіктері деп нені атар едіңіз? – Тәуелсіздік – бұл жеңіс! Ащы термен келген тәтті жеңіс. Ұрпаққа өсиет етілген ұлы мақсаттың, қайтпас жігердің отымен келген ұлы күн. Тәуелсіздігіміздің тұғыры – тұрақтылық. Елбасының осы тұрақтылық стратегиясы біздің бүгінгі жетістіктеріміздің, мемлекет дамуының негізіне айналды. Тұрақтылықты, халқымыздың бейбіт өмір сүруге мүмкіндігін арттыруды қам­тамасыз ету үшін атқарылған ең үлкен жұмыс – шекарамызды бекітіп алғаны­мыз. Бұл тарихи деректің ар жағында Елбасының мықты саяси жігері, ұлтқа адалдығы, терең дипломатиясы жатыр. Бұл – бірінші. Тұрақтылықтың негізінде қоғамы­мыздың келісімі, халқымыздың ауыз­бір­шілігі, ұлтымыздың ұлылығы жатыр. Нұрсұлтан Әбішұлының бастамасымен конституциялық институт ретінде құ­рылған Қазақстан халқы Ассамблеясы Назарбаевтың келісім моделі ретінде әлем елдеріне таратылды. Бұл – екінші. Біздің жарасымды бірлігіміздің ­ар­қасында елімізге деген сенім артты. Сол сенім Отанымызға ірі инвес­тор­лардың келуіне жол ашты, экономи­­камыз­ды дамытуға сеп болды. Бұл – үшінші. 30 жылдың ішінде әлем бізге «достық елі» деген ат беріп, «келісім көпіріне» айналдық. Әлемді ядролық қарудан арылтуды да Нұрсұлтан Назарбаев бастады. Бұл пла­нетарлық мәселе адамзаттың тағдырына әсер етті. Бізді әлем таныды, мойындады. Бұл – төртінші. 30 жылда Қазақстан тәуелсіз, еңсесі биік, басқа дамыған мемлекеттермен те­резесі тең, керегесі кең егеменді мемлекет болып қалыптасты. Баға жетпес байлығымыз – тәуел­сіздіктің 30 жылдығы құтты болсын! – Сұхбатыңызға рақмет!