Тұрмысы түзелген әлеумет
Тұрмысы түзелген әлеумет
458
оқылды
90-жылдары Қазақстан­да дорба көтеріп сауда жа­сай­тындар, арба итеріп, нә­па­қа таба­тындар аз бол­ған жоқ. Бұ­қа­раның әлеу­меттік жағдайы­ нашар еді. Арада 30 жыл өтті. Бүгінде ха­лық­­тың әлеуметтік жағ­да­йы жақ­сарды, тұрмысы тү­зел­ді. Бұл да азаттықтың ар­қасында жеткен бір белес. Осыдан 30 жыл бұрын әлеу­меттік хал-ахуал расында да қиын еді. Ұлттық валюта айналымға енгенге дейінгі алғашқы кездері тіптен мүшкіл болды. Ақша құн­сызданды. Гиперинфляция эко­номикаға оңай соққы болған жоқ. Халықтың әлеуметтік жағдайы тіптен нашарлай түсті. Елдің көпшілігі күнкөрістің жолына түсіп кетті. Мұғалімдер мен дәрі­герлер жұмысын тастап, базар жағалап, табыс табуға кірісті. «Ала дорба арқалаған» аналардың вокзалда түнеп, вагоннан-вагон кезген кездері де сол кезең еді. Бұл тәуелсіздік алған елең-алаң тұс. ХХ ғасырдың 90-жыл­дар­дың басы. Бұл жылдар – тоқы­рау кезеңі еді. Өйткені халықтың жаңа қо­ғамдық-саяси-экономи­калық жү­йеге бейімделуі оңай болған жоқ. Еңбек нарығы дейтін заңдылықтар сақтала қоймады. Жұртшылық та бас-көзсіз түрлі салаға ұмтылып, нәпақа табудың жолына кірісті. Сондықтан кей салаларда тепе-теңдік бұзылып, дисбаланс жүрді. Байқасаңыз, ал­ғашқы жылдары көпшілікте қар­жы-қаражат эко­номика мен заң­гер мамандықтарда көп бола­ды деген ұғым қалып­тасты. Сон­дай «қажетті» маман­дықтарды оқу­ға тырысты. Бірақ олар қоғам­да бұл мамандықтарға он мыңдап сұра­ныс болмайтынын түсіне қойған жоқ. Сол үшін мұғалімдік, дәрі­гер­лік маман­дық­тардың ала­ңы бос қалды. Мұның бәрі елдің әлеу­меттік дамуына кері әсерін тигізбей қоймады.

Жол картасы қалай іске асты?

Әлеуметтік-экономикалық үрдіс бірнеше жылда қайта қал­пына келді. 2000 жылдардың ба­сында мұнай және басқа да ши­кі­зат бағалары қымбаттап, эконо­микамызда ілгерілеу басталды. Осы жылдары ептеп халықтың әлеуметтік жағдайы да көтерілді. Дүниежүзілік қаржы дағдары­сы алқымнан алған тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Жол кар­тасы» бағдарламасын қолға алып, оның тиімді орындалуын қадаға­лау үшін Үкіметке айрықша тап­сырма берді. Бағдарламаны жү­зеге асыру үшін 2009 жылы 191 мил­лиард тең­ге­ден астам, ал 2010 жы­лы 151 мил­лиард теңгеге жуық қар­жы бөлінді. Алғашқы екі жылда 8 871 жоба іске асып, 392 мыңдай жаңа жұмыс орны ашыл­ды. Сол жылдардағы статисти­калық дерек­терге сүйен­сек, 2009 жылдары жұ­мыссыздар саны 557,8 мың адам болса, 2011 жылы жұмыссыздық дең­гейі қыс­қарып, 481,7 мыңға жет­ті. Сөйтіп, «Жұ­мыспен қамту Жол картасы» бағ­дарламасының жү­зеге асуы елге жаңа серпін берді. Бағдарлама аясында 123 000 адам кәсіби оқуға жіберілген. 2011 жыл­дың өзінде шағын несие алғандар саны 1 411 болса, 2016 жылы бұл сан үш-төрт есе көбейіп, 8 231-ге жеткен. Жұрт­шылық нарықты да игере бас­тады. Еңбек нарығының тұ­рақ­тануына «Жол картасы» бағ­дарламасының аясында салынған әрбір құрылыс­тың да, кез келген жолдың да жа­уапкершілігі ай­тарлықтай жоғары. Білім беру, ден­саулық сақтау, мә­дениет, спорт және әлеуметтік қам­сыз­дандыру нысандары бойынша да осыны айтуға болады. Елбасы бас­тама­сымен қаншама жыл бойы күрделі жөндеу жұмыстары жүр­гізілмеген әлеуметтік нысан­дар жаңартылып, дағдарыс сал­дарынан жұмыссыз қалғандар жа­ңа маман­дықтарды игеріп, от­басын асырады. Атал­мыш бағдарлама аясында 100 мың­нан аса адам мемлекет есебінен тегін екінші мамандық алды. Түрлі қайта даярлау курстарынан өтті. Слесарь, электромонтер, сыр­­лаушы, сылақшы, тас қалау­шы, монтаждау, құрылыс ма­ши­на­ла­рын жүргізуші, ағаш ше­бері, соны­мен қатар шаштараз, аспаз сияқты қосымша мамандықтарды игеріп, 75 мыңнан аса жұ­мыссыз адам жұ­мысқа орналасып, 400 мың­ға жуық жаңа жұмыс орны ашыл­ған. Жол картасының арқа­сында ауылдағы тозығы жеткен ғимараттарға қайта қан жүгірді.

Отандық медицина дамып келеді

Отандық медицинаны дамыту бағытында да кешенді іс-шаралар жүзеге асырылды. Республика бо­йынша көптеген емдеу нысаны бой көтерді. Алғашқы жылдары ден­саулық сақтау саласында да қиын кезеңдер болған еді. Ұлттық статистикалық бюроның дерегі бойынша, 1993 жылы елімізде 64 мың дә­рігер, 189 мың орта буын ме­ди­цина қызметкері жұмыс істе­ді. Ал 1994 жылы ауруханалар саны 1 651-ге азайып, дәрігерлер саны 61 мың, орта буын медицина қыз­меткерлері 177 мың болса, 1997 жылы дәрігерлер саны 54 мыңға жетті. Көрсеткіштерге қарасақ, бес жыл ішінде 12 мың дәрігер мен 67 мың қызметкерге азайған. Оған себеп: дәрігерлердің қаржы табу үшін мамандығын тастап, базарға, сауда-саттыққа кеткені. Тек 1996 жылдан бастап қана ден­саулық сақтау саласын қаржылан­дырудың бюджеттік-сақтандыру моделі енгізілді. Сөйтіп, ХХІ ға­сыр басында медицина саласына да оң өзгерістер ене бастады. 2000 жылы дәрігерлер саны 49 мың болса, орта буын қызметкерлер саны көбейіп, 106 мыңға жетті. Ал арада екі жыл өткенде төрт мыңға көбейді. Осы­лайша, жыл сайын дәрігерлер саны арта берді. «Тәуелсіздік жылдары отан­дық денсаулық сақтау саласы ай­тар­лықтай өзгерістерге ұшы­рады. Елбасы Денсаулық жылы деп жарияланған 2002 жылды санау нүктесін атады. 2002 жылы елімізде халықты алғашқы жап­пай зерттеу жүргізілді. Оның нә­тижелері жа­қын болашақта әйел­дер мен ба­лалардың денсаулығына ерекше назар аудару керектігін көрсет­ті», – дейді Денсаулық сақ­тау ми­нистрі Алексей Цой. Министрдің айтуынша, жал­пы негізгі демографиялық көр­сет­кіш­тердің жақсарғаны байқа­лады, ана мен бала өлімі азайды, 20-дан ас­там инфекцияға қарсы вакцина­ларды тегін енгізумен санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылық қамтамасыз еті­леді, көлік медици­насын жетіл­діру, ха­лықты дәрі-дәрмекпен қам­та­масыз етіледі. Медици­на­лық бі­лім беру саласын­да грант­тар са­нын ұлғайту мақ­сатында мем­ле­кеттік тапсырысты орна­лас­тыру, медициналық кадр­лар­ды оқуға қабылдау және даяр­лау қағида­лары бекітілді. 2025 жылға қарай гранттар саны 5 мың­нан аспақ. «30 жыл ішінде республикада 1 827 денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде: 205 ауру­хана; 1 530 емхана мен дәрігерлік амбулатория; 40 ғылыми орталық; түрлі бейіндегі 52 денсаулық сақтау нысаны. Осы бағыттағы жұмыстар жалғасатын болады, 2025 жылға дейін біз 137 АМСК нысанын, МЖӘ аясында 20 за­манауи ауру­хана салуды және 20 қолданыстағы медициналық ны­санды қайта құруды қарастыр­дық», – дейді министр.

Мұғалім мәртебесі артты

2019 жылы Мемлекет бас­шы­сы Қасым-Жомарт Тоқаев «Педа­гог мәртебесі туралы» заңға қол қойды. Бұл заңның қабылдануына елдегі мұғалімдердің құқығы жиі бұзылып, беделіне нұқсан келуі, жалақысының төмендігі себеп болған еді. Аталған заң ұстаздар қауымының қоғамдағы абырой-беделін арттырып, әлеуметтік тұр­ғыдан қорғалуына бағыт­талған. Мұғалімдер маңызды үш же­ңілдікке қол жеткізді. Педагог мәр­тебесі туралы заңның 12-бабы бойынша оларға баспана, жатақ­хана, жеке үй құрылысы үшін жер учаскелеріне ие болу мүмкіндігі пайда болды. Тағы бір жеңілдік – барлық санаттағы қызметкер­лер 56 күндік еңбек демалысына шыға алады. Одан бөлек, педагогтердің жа­лақысын екі өсеге өсіру мә­селесі де жоспарда тұр. Министр Әсет Ерғалиев: «2025 жылға қарай мек­тепке дейінгі мекемелерде балалар 100 пайыз қамтылады. Барлық бі­лім беру ұйымында инклю­зивті білім беру үшін жағ­дай жасалатын болады. 2025 жылға дейін білім беруге қолайлы жағдай туғызу үшін 800 жаңа мек­теп салынады. Бұл апатты және үш ауысымды мектеп, орын тап­шылығы проб­ле­маларын шешуге мүмкіндік береді» деген еді.

Бақытты ана мен бала

Тұңғыш Президент: «Біз әйел затына – анаға, жарға, қызға де­ген қапысыз құрметті қайта орал­туымыз тиіс. Біз ананы қорғап-қолдауымыз керек. Мені отба­сын­да әйелдер мен балаларға тұр­мыстық зорлық-зомбылық көрсету жайттарының көбеюі алаңдатады. Әйелді құрметтемеу деген болмауы керек. Бірден ай­тайын, ондай зор­лық-зомбы­лық­тың жолы қатаң түрде кесілуі тиіс», – деген еді. Әйелге тауар ре­тінде қарайтын көз­қарасқа ай­рықша қатаң түрде тыйым са­лынып, толық емес отба­сында тәр­биеленіп жатқан бала­ларға көмекті аямау керек екені баса айтылды. Бұл үшін жалғыз­бас­ты аналарға икемді еңбек түр­лерін қалыптастырып, үйде жұмыс істе­уіне жағдай туғызу керек. Мем­лекет пен заң аналардың емін-еркін ең­бек етіп, бала тәр­биесімен айна­лы­суына барлық жағдай жасауы тиіс. Ата-ана үшін ең үлкен инвес­тиция – бала тәрбиесі. Бала жақ­сы білім алып, озық оқу орнына түсуіне жағдай жасау маңызды. Бұл тұрғыда «Балапан» бағдар­ламасы жүзеге асып, зияткерлік мектептер, Назарбаев универ­си­теті, «Бола­шақ» бағдарламасы жұ­мыс істеп жатыр. Ана мен ба­ланы қорғау, от­басы және неке саласындағы заң­намаларға да түзетулер енгі­зіл­ді.Бұған қатысты да  алға қо­йыл­ған міндет­тер жалғасын таба бермек. Бұдан бөлек, көпбалалы ана­ларға жағдай жасау, көпбалалы болуды ынталандыру жүйесін реформалауға да басымдық бе­ріліп келеді. Сондай-ақ бүгінде «Аңсаған сәби» жобасы да сәтті жұмыс істей бастады. Былтыр Қазақстан хал­қы­на Жолдауын жария еткен Пре­зидент Қасым-Жомарт Тоқаев «Аңсаған сәби» ар­­наулы бағдар­ламасын іске қосу­ды тапсырды. «ЭКО» бағдар­ла­масымен квотаны 7 мыңға дейін, яғни 7 есе көбейту міндеті қойыл­ды. Жақында осы жоба өзінің алғашқы жемісін берді. Сәби сүйе алмай жүрген отбасы нәрестелі бол­ды. Алғашқы қуа­нышы – тұң­ғыш перзенті. Лайым, мұндай қуа­ныш әр отба­сында жалғаса бергей!

Айым БЕКТҰР