Тәуелсіздік тарландары
Тәуелсіздік тарландары
345
оқылды
Егемендік алған 30 жылда қазақ топырағында 9 миллионнан астам адам дүние есігін ашты. Бүгінде олардың жартысынан астамы үлкен өмірге қадам басып үлгерді. Яғни азаттық жылдарында жаңа ұрпақ қалыптасты. Олардың дүниетанымы бөлек, санасы азат. Тың идеялар, креатив, өзгеше көзқарас, жаһандық трендтерге ілесе білу қабілеті де сол буынға тән. Бәлкім содан да шығар, олардың жетістіктері де мол. Біз мерейтой қарасаңында соңғы бірнеше жылда табысқа жеткен жастар өміріне үңілдік. Димаш Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген (толық есімі Дінмұхаммед) 1994 жылы Ақтөбе қаласында туған. Әншінің ата-анасы да танымал әншілер Қанат Айтбаев және Светлана Айтбаева. Ата-әжелері де өнер адамдары. Бірі домбырада ойнаса, екіншісі – күміс көмей әнші.  Осындай өнерлі отбасында тәрбиеленген бала Димаш алғаш рет спектакльде ойнап, таныла бастады. Бес жасында музыкалық колледж сахнасында ән салған. Алты жасында «Айналайын» респуб­ликалық байқауының «Фортепиано» номинациясында жеңімпаз атанады. Осылайша, әнші шығарма­шылықтың алғашқы баспалдағына аяқ басып, бірнеше байқаудың жеңімпазы болып үлгереді. Кейіннен Витебск қаласында өткен XXIV халықаралық эстрадалық ән орындаушылар «Славян базары-2015» байқауының Гран-приін жеңіп алса, 2017 жылы Қазақстанның сүйікті әншісі Димаш Құдайберген Top Chinese Music Awards номинацияның жеңімпазы атанды. Сол жылы Димаш Қытайдағы Singer 2017 жобасында екінші орын алып,  музыкалық сыншылардың таңдайын қақтырған. Бүгінде таңғажайып әншісінің орындауындағы әндерді әлемнің түкпір-түкпірінде сүйсіне тыңдайтын тыңдармандары жетерлік. Жансая 21  жастағы шахматшы Жансая Әбдімәлік 2000 жылы Алматы қаласында туған. 14 жасында әйел гроссмейстері атанған  шахматшы қызымыздың есімі шекара сыртында аса танымал. Өйткені оның осы жасқа дейін жеткен жетістіктерін айтып тауыса алмаймыз. Солардың бірқатары¬ – 2012 жылғы жастар әлем чемпионатының күміс жүлдегері, өз жасы бойынша қыз балалар арасында екі дүркін чемпион атанған. Екі жыл бұрын ғана Жансая Әбдімәлік 20 жасқа дейінгі әлемдегі ең үздік шахматшы атанды. Ол классикалық, рапид (жедел шахмат) және блиц бойынша ЭЛО рейтингінде көш бастап тұрды. Әйгілі қазақстандық шахматшы қызымыз әйелдер арасындағы халықаралық шебер және гроссмейстер ғана емес, шахматтағы Эло рейтингі 2478, ФИДЕ-нің 89-конгресінде мықтылығы мойындалып ер гроссмейстер атағы берілді. Иманбек Павлодарлық Иманбек Зейкенов 2000 жылы Павлодар облысы Ақсу ауданында дүниеге келген. Оның есімі қазір Қазақстанда ғана емес, күллі әлемге танылып үлгерді. Music лейблымен танылған продюсер әрі хаус-музыка ремиксері Иманбек 2019 жылы Saint Jhn-ның Roses әніне өзінің ремиксін жасау арқылы халықаралық деңгейде танымал болды. Алғаш рет 8 жасында әкесі сыйлаған гитарада ойнап, теміржолшы мамандығын таңдаған ол  17 жасынан бастап ремикс жасауды жалғастырды. Америкалық рэпердің Roses әніне жасаған ремиксі бүкіл Еуропадағы, соның ішінде Бельгия, Мажарстан, Нидерланд, Польша, Үндістан және Швециядағы көптеген чартта көзге түсіп, Shazam World-да 3-орынды иеленді. Ремикс кейіннен Аустрия, Канада, Дания, Франция, Германия, Ирландия сияқты басқа елдердің чарттарына шықты. Осылайша, өнері асқақталған қазақтың қара домалағы АҚШ ұлттық өнер және дыбыс жазу академиясының «Үздік ремикс» категориясы бойынша Иманбек Зейкенов «Грэмми» сыйлығын жеңіп алды. Асхат Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің физика пәнінің мұғалімі Асхат Жұмабеков осы қалада туған. Ол 2021 жылы Global Teacher Prize («Әлемнің үздік ұстазы») халықаралық сыйлығы­нан үміткер әлемнің үздік 50 мұғалімінің тізіміне енген еді  Оған дейін, яғни 2018 жылы «Назарбаев зияткерлік мектептері» ААҚ-ның 20 бөлімшесі арасында өткен байқауда «Үздік жыл мұғалімі – 2018» атағын иеленді. Одан кейін дәл осы жылы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің «Үздік педагог – 2018» байқауында топ жарды. Қысқасы, 2018 жыл өмірімдегі айтулы, бетбұрысты жыл болды. Ал оны Global Teacher Prize халықаралық сыйлығына Әлия Назарбаева жетекшілік ететін «Қоғамдық маңызды бастамаларды дамыту» қоры ұсынды. Өйткені ол 2019 жылы аталған қор бастамашы болған «Қазақстан мұғалімі» ұлттық сыйлығының жеңімпазы атанды. Бақтиер Қазақстандық футболшы Бақтиер Зайнутдинов 1998 жылы Тараз қаласында туған. Қазір ресейлік ЦСКА клубы мен Қазақстан ұлттық құрамасының жартылай қорғаушысы. 2017 жылдың қорытындысы бойынша «Премьер-лиганың үздік жас ойыншысы» атанған ол 2018 жылдың 4 наурызында футболдан Қазақстан суперкубогын жеңіп алды. Рухия Әнші Рухия Байдүкенова  1998 жылы Алматы облысының Талдықорған қаласында дүниеге келген. Биыл 2021 жылғы «Славян базарының» гран-при иегері атанған әнші қыздың бұл алғашқы жеңісі емес. Тоғыз жасынан бастап өнер мектебінде вокалмен айналыса бастаған ол тұңғыш халықаралық жүлдесіне 2010 жылы «Ақ көгершін» байқауында қол жеткізіп, екінші орын алды. Кейін «Бозторғай», «Ғұмырдария»,  «Жас қанат» «Еуразия жұлдыздары», «Астана даусы» секілді байқауларда да топ жарып келген. Давид 1996 жылы Ақмола облысының Атбасар ауданында туған қазақстандық пауэрлифтер-паралимпиадашы Давид Дегтярев биыл Токио Олимпиадасының чемпионы атанған. Парапауэрлифтингпен 2016 жылдан бастап айналыса бастаған ол айналдырған екі жылдың ішінде ғана III Азия Параойынында екінші орын алып, үлкен жетістікке жетті. Былтыр Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында 54 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде алтын медаль тағынса, осы жылдың мамыр айында Тбилисиде салмағы 185 келі штанганы көтеріп, Азия рекордын жаңартты және әлем кубогының жеңімпазы болды. Осы жеңістен кейін Дегтярев Паралимпиада ойындары алдындағы әлемдік рейтингтің көшбасшысы атанды. Биыл Токиода өткен жазғы Паралимпиада ойындарында бірінші рет 54 келі салмақ дәрежесінде 170 келі, екіншісінде — 172 келі, үшіншісінде  174 келіге дейін көтеріп, сынға түсті. Ал жақында ғана Давид Дегтярев Тбилисиде пауэрлифтингтен ерлер арасында 54 келіге дейінгі салмақта әлем чемпионы атанды. Алдияр Отандасымыз 23 жастағы Алдияр Семедьяров болса, әлемдегі ең ақылды адамдардың тізімін толықтырып, атақты ұйымның мүшесі атанды. Осылайша, ол ресми IQ тестін тапсырып, «Менса» ассоциациясы оның интеллект деңгейі Векслер шкаласы бойынша 135-тен асатынын растады. Бұл – әлем халқының 99 пайызының интеллект коэффициентінен жоғары. Осылайша, отандасымыз ақыл-ой деңгейі жоғары адамдардың басын қосатын әйгілі ұйымның мүшесі атанды. Ақназар Ақназар Қажымұрат 2001 жылы 14 тамызда дүниеге келген. Алматылық вундеркинд АҚШ-тағы ACT мен SAT Subject Tests халықаралық емтихандарынан ең жоғары балл жинап, бірегей рекорд орнатқан болатын. ACT емтиханында 36 балдан 36 балл, SAT Subject Tests емтиханында әр пәннен ең жоғары 800 балды жинап, абсолютті 2 400 ұпай алған. Қазақтың жас ғалымына көзі түскен әлемнің ең мықты университеттері  шақырту жіберген. Халықаралық емтихандардан ең жоғары ұпай жинап, рекорд орнатқан қазақстандық вундеркиндтің есімі әлемнің жас дарындары арасында аса танымал. Алайда үкілеген үмітіміз Ақназар Қажымұраттан биыл көз жазып қалған едік. Елдос Елдос Сметов – 1992 жылы  Жамбыл облысында жарық дүние есігін ашқан қазақстандық дзюдошы. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері, Рио де Жанейрода өткен ХХХІ жазғы Олимпиаданың күміс жүлдегері, әлем чемпионы, Жастар арасындағы әлем чемпионы, Азия чемпионы, Халықаралық Grand Prix турнирінің үш дүркін жеңімпазы, Жастар арасындағы Азия чемпионатының қола жүлдегері, Азия ойындарының жеңімпазы секілді бірнеше атағы бар. Ал былтыр дзюдошы Жапонияның Токио қаласында өткен Олимпиада ойындарында тағы қола медаль жеңіп алды. Бүгінде ол халықаралық Дзюдо федерациясы 2017 жылдың қаңтар айында бекіткен тізім бойынша 60 келі салмақ дәрежесінде әлемдік рейтингте 1-орында тұр. Сәкен 24  жастағы  жарқылдаған боксшы Сәкен Бибосынов биыл Сербияның Белград қаласында бокстан әлем чемпионатының жеңімпазы, Токио Олимпиадасының қола жүлдегері атанды. «Чемпион болу үшін адамға ең әуелі шыдамдылық керек» деп ағынан жарылған спортшы жігіт талай қиындыққа қарсы тұрып, бала арманын жүзеге асыруға барын салғанын үнемі айтып жүр. Бүгінде боксшымыз еліміздің көк Туын аспанға желбіретіп, әлем сахнасында Әнұранымызды асқақтатып жүр.