Азаттықтың әр күні қадірлі – Жүсіпбаев
Азаттықтың әр күні қадірлі – Жүсіпбаев
283
оқылды

Тәуелсіздігіміздің отыз жылдығымен, тұғырлы мемлекетіміздің тағы бір белестен асуымен құттықтаймын!

Өткеніңді қорытындылап, саралап, болашағыңды бағдарлауға арналған дөңгелек жыл іспетті. Тарих үшін отыз жылды көп уақыт емес деп жатады. Әйтсе де, азаттықты қанша ғасырлар армандап қолы жеткен ел үшін азаттықтың әр таңы мереке, әр күні қадірлі. Отыз деген тым аз жыл болғанда  әлемнің дамыған отыз мемлекетінің қатарына енеміз деп талпына алар ма едік?! Отыз деген жыл аз болғанда әлемге астанамыз Нұр-Сұлтанның атын мәшһүр етіп, Елбасымен бірге әлемдік, халықаралық ұйымдарға төрағалық етер ме едік?! Спортшыларымыз олимп шыңын бағындырып, көк байрағымыздың астында Әнұранымызды шарықтатқан азаматымыздың қуанышына қуанып, бірге толқып тұрар ма едік?! Бастысы, шекарасы шегеленген, халқы қуатты, жастары мұратты, бірлігі бекем, берекесі бүтін елге айнала алар ма едік?! Сондықтан, тарих үшін аз ғана жыл болғанымен, отыз жыл – енді азаттығын алған мемлекет үшін өте жауапты отыз жыл болды. Ал, осынау уақытты еліміз бірлік пен ынтымақтың, ерлеріміз бен Елбасымыздың сындарлы саясатының арқасында жолында кездескен қиындықтарды еңсере отырып абыроймен өткерді. «Қой біреу болса да, қозы егіз» дегендей, бағындырған төбемізден бөлек, алсақ деген асуымыз да, жетсек деген межеміз де жоқ емес. Шаңырағымызды биік ұстап тұру – біздің ел саясатының басымдық берген негізгі тұсы. Ертеңгі ұрпақ мақтанатындай межені бағындырып, Тәуелсіз шаңырағымыздан шашау шығармау – біздің міндетіміз, парызымыз.

Нұрсұлтан  ЖҮСІПБАЕВ, Түркістан қалалық мәслихатының депутаты