Қазақстандықтар банкте ақша жинаудан гөрі, бар жиған-тергенін тұрғын үйге инвестиция ретінде салуды жөн көреді. Елдегі экономикалық ахуал қиындаған сайын бұл үрдіс ұлғаюда, - деп хабарлайды Finprom.kz сайты.
Басылым сарапшылары Қазақстанда жылжымайтын мүлікке инвестиция салудың өте тиімді екенін айтады. Өйткені, дағдарыс кезінде депозит мөлшерлемесі, тіпті, құнсызданған соманы қалпына келтіріп бере алмайды. Оның үстіне ұлттық теңге халықаралық валюталарға қарай әлсіреп отырады. Сондықтан тұрғын үйді ертерек алғандар мүмкіндігінше ақшасын үнемдейді. Осы жылғы тұрғын үй бағасын 2011 жылмен салыстырып көрсек, жаңа салынған пәтерлердің шаршы метрі 140,9% өскен, екінші сегменттегісі – 162,2%. 2011 жылдың қаңтар айымен салыстырсақ, 2021 жылдың қазан айында еуро курсы – 151,1%, доллар 189,5% қымбаттады.