Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасына қатысты екі күдікті ұсталды
Алагөзова жарнамалаған қаржы пирамидасына қатысты екі күдікті ұсталды
Сурет: succo

Mudaraban Capital ЖШС-ның тағы екі қызметкері қаржы пирамидасын ұйымдастырды деген күдікпен қамауға алынды, - деп хабарлайды Zakon.kz сайты.

"Бұл - компанияның негізін қалаушы 1988 жылы туған Ж. есімді және басқарма төрағасы қызметін атқарған 1983 жылы дүниеге келген Р. есімді азаматтар. Олар ҚР Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 128-бабы бойынша ұсталды және Алматы қалалық ПД уақытша ұстау изоляторына қамалды. Айта кетсек, қылмыстық іс Алматы қалалық полиция департаментінде бір топ азаматтың ASTEX.KZ ЖШС, ACD Technology ЖШС лауазымды тұлғаларына қаржылық пирамида құру және басқару фактісі бойынша ұжымдық арыз жазуларына байланысты тіркелген болатын (ҚР ҚК-нің 217 бабы).", - делінген хабарламада.
2019 жылдың ақпанынан 2021 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта аталған ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жеке және заңды тұлғалармен мемлекеттік сатып алуға қатысу үшін қажет деп болжанатын қаражатты тарту бойынша бірлескен қызмет туралы келісімдер жасасқаны анықталды, екіжақты құжатқа сәйкес фирмалар әрбір салымшыға салынған салым сомасының 20 пайызын ай сайын төлеуге міндетті болған. ASTEX.KZ ЖШС-не 162 салымшының екі миллиард теңгеден астам қаражаты басқа компания – MUDARABAN CAPITAL ЖШС арқылы түсіп отырған. Осы қылмысты жасағаны үшін барлығы сегіз күдікті әшкереленді, олардың алтауы соттың санкциясымен қамауға алынды, біреуі іздеуде, тағы біреуі үйқамақта. Қылмыстық іс Алматы қаласы ПД Тергеу басқармасының тергеушілерінің өндірісіне алынған. Тергеу жалғасуда.