Нұр-Сұлтан-Қарағанды тасжолында бір уақытта бес көлік соқтығысты. 17 желтоқсанда сағат 14:13 шамасында Audi автокөлігінің 34 жастағы жүргізушісі Нұр-Сұлтан-Қарағанды тасжолымен Армандастар көшесіне қарай бара жатып, қажетті қашықтықты сақтамай, Volkswagen көлігіне соқтығысқан. Volkswagen алда тұрған Škoda көлігіне соққан. Артынша, Kia автокөлігі Audi-мен соқтығысқан. Audi қарсы қозғалыс жолағына шығып, Honda маркалы автокөлікке соққан.
«Бір тәулікте қалада 76 жол-көлік оқиғасы тіркелді. Осы орайда күн райының құбылмалылығына байланысты жүргізушілер жолдағы қозғалыста барынша сақ болғаны жөн. Көлікті басқару кезінде түрлі гаджеттерге және телефонға алаңдамай, жолдағы қауіпсіздік ережесін ұстану керек», - деп ескертті қалалық Полиция департаментінен.