Кеше елордадағы Қаллекей театрында ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай қос қуаныш тойланды.

Бірі – «Қ.Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық-драма театрының» 30-жылдығы және театрдың негізін қалаушы Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Жақып Омаровтың 80 жылдық мерейтойы.

Соған орай өнер ордасында қызыл кілем төселіп, салтанатты шеру өткізді.

Шеруге Қаллеки театрының ұжымы мен Алматы, Шымкент, Талдықорған, Тараз, Түркістан, Қызылорда, Көкшетау, Павлодар, Ақтау, Орал, Қарағанды, Өскемен, Жезқазған қалаларынан келген өкілдері әрі өнер майталмандары, елге белгілі әртістер қатысты.

Шара барысында Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

Сонымен қатар шара барысында қонақтар мұражайды аралап, өнер ордасының 30 жылда тарихымен танысып, тың деректерге қанық болды.

– Тәуелсіздікке тарту ретінде «Алтайдан ауған ел» спектаклін ұсындық. Оған қоса, театрдың негізін қалаушы Жақып ағамыздың 80 жылдығына орай кітабының тұсаукесерін жасадық.

Алтын қордағы барлық мұрамызды мұражайымызға қойдық. Бізге келген ел-жұрт театрдың тарихына қанық болса дейміз, – дейді Ернар Жұматаев Қ. Қуанышбаев атындағы қазақ музыкалық драма театрының директоры.
