«Үйде бар деп айтуға ұялады» – астаналықтар қандаладан неге құтыла алмай отыр?
«Үйде бар деп айтуға ұялады» – астаналықтар қандаладан неге құтыла алмай отыр?
Фото: moiton.ru

Мамандардың айтуынша, астанада қандаланың қаптап кетуіне жалға берілетін пәтердің көптігі әсер етіп отыр.

Дезинсекциялық компанияның техникалық маманы Дархан Манабаев: «Адамдар қандаланы өздері улауға тырысады. Бірақ бұл бірден жойылатын жәндік емес. Қандаланы жай ғана улайтын дәрі сеуіп өлтіре алмайсыз. Тек жан-жаққа таратып жібересіз. Оның жұмыртқасы төсекте, жиһазда қалып қойса, он шақты күнде қандала қайта шығады», – дейді.
Ал Нұр-Сұлтан қаласының санитарлық-эпидемиологиялық департаментінің бас маманы Айбарша Дүйсенбайқызының айтуынша, қандаланың көбеюіне тұрғындардың да кінәсі бар.

«Тұрғындар бірден «үйде қандала бар» деп айтуға жасқанады. Көршілерінен ұялады. Сондықтан жасырын түрде дезинсекциялық ұйыммен байланысады да, көршісіне айтпай, тек өз үйіне ғана дезинфекция жасайды. Өз үйіне дезинфекция жасағанымен, ол қандаланы жан-жақтың бәріне таратады. Еден, қабырғадағы жарықтар арқылы келесі пәтерге өтеді. Келесі пәтерде қандала болады», – дейді.

Төсек қандаласы 9 ай өмір сүреді. Тоғыз айда 500-ге жуық жұмыртқа салады. Риэлторлардың сөзінше, елордадағы пәтерлердің 30 процентінде қандала бар. Бірақ санитар мамандар бұл деректі жоққа шығарды. Себебі, нақты статистика жоқ. Қандала +54-56 градус ыстықта өледі. Киім-кешекті 60 градус температурадағы ыстық сумен жуған жөн.

Бұған дейін зиянкестерді улаймын деп көршісін өлтіріп алған тұрғын туралы жазған болатынбыз.