4 ғасырлық тарихы бар виолончельді Еуропадан Түркістанға қалай алып келді?
4 ғасырлық тарихы бар виолончельді Еуропадан Түркістанға қалай алып келді?
Фото: inform.kz
251
оқылды

Түркістан театрының ұжымы «Махаббат мұнарасы» спектаклін сахналады. Қойылымды тамашалауға келген көрерменнің қарасы көп болды, – деп жазады inform.kz.

Жаңа қойылым Талаптан Ахметжановтың «Сұлу мен суретші» шығармасының желісімен сахналанды. Осыған дейін бірнеше сахнада қойылған спектакль Түркістан топырағында заманауи келбетке ие болды. Ғашықтарды «Махаббат мұнарасына» жетелейтін, мінсіз сұлулықтан туған шығарманы түркістандықтар аса үлкен ықыласпен тамашалады. Сұлу мен суретшінің таза мөлдір махаббатын үлкен әсермен көрді. Сәні мен салтанаты жарасқан сахнада жаңбырдың жаууы, ерекше декорация көрерменге ерекше көңіл күй сыйлады. Сондай-ақ бұл спектакльдің басты жаңалығы – әлем музыканттарының үздік бестігіне енетін виолончелист, Швейцарияның Цюрих қаласында тұратын талантты музыкант Эльдар Сапараевтың өнер көрсетуі болды. Ол 1628 жылы жасалған 400 жылдық тарихы бар Амати (Antonius Hieronymus Amati) виолончелімен қойылымға музыкалық сүйемелдеу жасады.
«300 жыл Еуропаның корольдік отбасыларының жеке коллекциясында сақталған Amati аспабы қазір мұражайға қойылған. Әлемде мұндай аспаптың үшеуі ғана сақталған. Түркістанның төрінде ойналатын көне жәдігер Амати виолончелі – әлемнің мәдени мұрасы. Біз бұл аспапты киелі Түркістанға арнайы алып келіп отырмыз. Бұл Орталық Азия елдеріндегі үлкен жаңалық деп білемін. Яғни, түркістандықтар қазір тарихи сәттің куәсі болып отыр», – деді қойылымның көркемдік жетекшісі Айнұр Көпбасарова.
 width= Басты рөлдерді Ақбота Рахат пен Жұлдыз Әбдікәрімова, Әділ Ахметов, Нұрқанат Жақыпбаев және Түркістан театрының актерлері ойнады. Қойылымның режиссері – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұрқанат Жақыпбай. Көркемдік жетекшісі – Айнұр Көпбасарова. Қоюшы суретшісі – Қабыл Халықов. Спектакльге арнайы музыка жазған Түркістан музыкалық драма театры музыкалық бөлімінің меңгерушісі, бас композиторы Хамит Шанғалиев. Балетмейстер – Мадина Мұратпекова. Қойылым аяқталған соң, Талаптан Ахметжановтың қызы Айгерім әкесінің қолтаңбасын жоғары деңгейде көпшілікке ұсынған өнер ұжымына алғысын білдірді.
«Өнер мәңгілік дегені рас екен. Әкем жастай өмірден өтсе де, көптеген шығармалары сахнадан орын алып жатыр. Бұл қойылымды 2014 жылдан бері көріп келемін. Бүгін де ерекше әсер алдым. Әкемнің де рухы бір аунап түскен болар» – деді ол.
Ал ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Тұңғышбай Жаманқұлов Түркістанда бой көтерген музыкалық театрдың аяқ алысы таңғалдырып келе жатқанын айтты. «Мен театрдың екінші спектаклін көріп отырмын. Өнер ұжымы үлкен құбылыс жасап жатыр. Оны мойындауымыз, бағалауымыз керек. Бүгінгі қойылымның да ерекшелігі сонда, әртістер аса жоғары талғаммен ойнады. Өнерпаздардың барлығы тазалық әлемінен сыр шертті. Бұл театрдың болашағы зор. Талғамы, эстетикасы бөлек», – деді Тұңғышбай Жаманқұлов.

Биыл Түркістан музыкалық драма театры «Махаббат мұнарасынан» бөлек Дулат Исабековтің «Бөрте» спектаклін сахналады.