Оқиға «Челябі – Новосібір» тас жолының 635-шақырымы, яғни Чистое ауылы маңында болған. Бұл фактіге байланысты қылмыстық іс қозғалды.
Hyundai Accent маркалы көліктің сау тамтығы қалмаған. Полицейлер көлікке мылтықпен бірнеше мәрте оқ жаудырғанын растады. Зардап шеккендер жоқ. Көлік Білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментіне тиесілі. Көлікке жауапты 25 жастағы жүргізуші автокөлікті рұқсатсыз пайдаланған.Облыстық білім беру саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Айнагүл Сұрағанова: «Қызметтік көлікті рұқсатсыз алып, Мағжан Жұмабаев ауданына туысқандарына барған. Кейін жолда машина сынып, ол мемлекеттік нөмірді алып, багажға қойып, машинаны жауып кетіп қалған. Көлік жүргізушіні жұмысқа алған кезде міндетті түрде департамент тарапынан материалдық жауапкершілік туралы келісімшарт жасалды. Сондықтан тергеу жұмыстары аяқталғаннан кейін көлікті жүргізуші жөндеуі тиіс», – дейді.
Облыстық ПД-нің бөлім басшысы Сән Жұмағазинаның айтуынша, полицейлер көлікке оқ атқандарды іздестіріп жатыр.