Жандос Бүркітбаев Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды
Жандос Бүркітбаев Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы болып тағайындалды
Фото: inbusiness.kz
377
оқылды
Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушы болып Жандос Бүркітбаев тағайындалды.
«Денсаулық сақтау министрінің міндеті Денсаулық сақтау вице-министрі Бүркітбаев Жандос Қонысұлына жүктелсін», – делінген министрліктің хабарламасында.

Бүркітбаев Жандос Қонысұлы 1971 жылы Жамбыл облысында дүниеге келген.

Жандос Қонысұлы – медицина ғылымдарының кандидаты. Асфендияров атындағы Алматы мемлекеттік медицина университетін «Жалпы медицина» мамандығы бойынша; Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетін «Мемлекеттік және жергілікті басқару» мамандығы бойынша; Оңтүстік Қазақстан медициналық академиясын «Фармация» мамандығы бойынша, «Тұран-Астана» университетін «Құқықтану» мамандығы бойынша бітірген.

Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық жедел медициналық көмек клиникалық ауруханасының дәрігері қызметінен бастады. Содан кейін Алматыдағы республикалық апаттар медицинасы орталығында дәрігер болып жұмыс істеді.

1999-2004 жылдары Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің түрлі құрылымдық бөлімшелерінде жұмыс істеді, бас маманнан бөлім меңгерушісіне дейінгі лауазымдарды қатарынан атқарды.

2007-2008 жылдары – Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің қызметін қамтамасыз ету бөлімі меңгерушісінің орынбасары.

2008 жылы – Астана қаласындағы «Қан орталығы» ШЖҚ РМК директоры.

2011-2019 жылдары – «Ғылыми-өндірістік трансфузиология орталығы» ШЖҚ РМК директоры.

2019-2021 жылдары – «Ұлттық ғылыми онкология орталығы» ЖШС басқарма төрағасы, Нұр-Сұлтан қаласында Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықты құру және салу жөніндегі жобалық топтың жетекшісі.

2021 жылғы 22 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау вице-министрі лауазымына тағайындалды.

Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігі Алексей Цойдың қызметінен кетуіне қатысты пікір білдірген болатын.