Омбудсменге айрықша мәртебе беріле ме?
Омбудсменге айрықша мәртебе беріле ме?
94
оқылды
Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен Палата отырысы өтті. Онда сенаторлар Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы заң жобасын қарады. Заң жобасына сәйкес, Омбудсмен қол сұғылмаушылық кепілдігін алады, сондай-ақ оның қызметіне араласуға тыйым салынады. Уәкіл айрықша қоғамдық маңызы бар жағдайларда тікелей ел Президентіне, Парламент Палаталарына және Үкіметке өтініш жасай алады. Құжатты талқылау барысында сенаторлар Мәжіліс мақұлдаған заң жобасына өзгерістер енгізді. Сенат қабылдаған түзетулер Омбудсмен қызметі кепілдіктерінің жекелеген мәселелерін және шоғырландырылған баяндаманы қабылдау тәртібін нақтылауды көздейді. Осылайша, сенаторлар заң жобасының негізгі нормаларын қолдай отырып, оны түзетулермен Мәжіліске қайтарды. Сонымен қатар бүгін сенаторлар аталған құжатқа қатысты тағы үш заң жобасын қарап, қабылдады. Олар: «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы», «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының кодексіне (Салық кодексі) Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша толықтыру енгізу туралы» және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық­бұзушылық туралы кодексіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл қызметінің мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» құжаттар. Сондай-ақ Палата отырысында сенаторлар «Өнеркәсіптік саясат туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өнеркәсіптік саясат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңдарды қарап, қабылдады. Одан бөлек, отырыс кезінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне құқық қорғау органдары, прокуратура және сот арасында өкілеттіктердің және жауапкершілік аясының аражігін ажырата отырып, үш буынды модельді ендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданды. Аталған заң туралы пікір білдірген Сенат Төрағасы оның құқық қорғау және сот жүйелерін одан әрі реформалауға, сондай-ақ қылмыстық сот ісін жүргізу нысандарын жеңілдетуге бағытталғанын атап өтті. «Үш буынды модельдің енгізілуіне байланысты құқық қорғау жүйесінде елеулі өзгерістер болып жатыр. Қылмыстық процеске қатысушыларды қорғау күшейтіледі, прокурорлық қадағалаудың жедел қимылы арта түседі. Заңның қабылдануы қылмыстық іс жүргізу заңнамасын тиімді қолдануды көздейтін құқықтық тетіктерді оңтайландыруға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын бұзатын құқықтық олқылықтарды жоюға мүмкіндік береді деп үміттенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.