Қазақстанда ламинатталған немесе пластик түрінде болып келетін дәстүрлі жеке куәліктерді цифрлық күйдегі, жаңа форматтағы жеке куәліктер ығыстыруда. Енді оларды қазақстандықтар ішкі тұрақты рейстерде пайдалана алады. Ел Президентінің тапсырмасын орындау аясында Қазақстанның барлық әуежайында «цифрлық құжаттар қызметі» енгізілді. Олар eGov Mobile негізінде қызмет көрсетеді. Осының арқасында ішкі рейстердегі жолаушылар жеке мәліметтерін растау үшін eGov Mobile қосымшасы арқылы цифрлық куәлігін көрсетуге мүмкіндік алды. Осылайша, ішкі жолаушылар өзімен үнемі құжатын алып жүру міндетінен құтылады. Әуежайда цифрлық жеке куәлікті пайдалану үшін eGov Mobile-да авторландырылған пайдаланушы «цифрлық құжаттар» сервисіне кіріп, тізімнен жеке куәлікті таңдауы қажет. Әуежайдың тіркеу тағанында, сондай-ақ ұшу алдындағы тексеруден өту кезінде сервисте жасалған QR коды бар смартфонның экранын көрсетуі керек. Ішкі рейстерде цифрлық жеке куәлікті пайдалану мүмкіндігі қазақстандықтарда Индустрия және инфрақұрылымдық даму, Цифрлық даму министрліктерінің, Азаматтық авиация комитетінің, «Қазақстанның авиациялық әкімшілігі» АҚ-ның, отандық әуекомпаниялары мен әуежайларының және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ-ның жүйелерді интеграциялау бойынша бірлескен жұмысының арқасында пайда болды.