Шетелдік студенттер қаптады
Шетелдік студенттер қаптады
Кейінгі кезде отандық университеттер төл рейтингін көтеру үшін шетелдік студенттерді тартуға тым әуес болып кеткенін сарапшылар да, ғалым-профессорлар да сынға алып жүр. Бұл ретте жатжұрттық шәкірттердің білімінің төмендігі де ескерілмей, қабылдана беретін көрінеді. БҒМ дерегінше, ЖОО-ларымызда оқитын шетелдік студенттердің саны 30 мыңға жетті. Қазақстанға білім алу мақ­сатында келетін мемлекеттердің географиясы айтарлықтай кеңейіпті: АҚШ, Африка, Ресей, сондай-ақ Таяу Шығыс елдерінен келген студенттер саны өсіп жатыр. Дегенмен бәрібір көрші ел­дердің өкілдері басым: 64%-ы – ТМД елдерінен. Айтпақшы, оларға стипендия төленеді: шетелдік азаматтар үшін жеке стипендиялық бағдарлама жүзеге асырылады. Оны Білім және ғылым министрлігі 2019 жылы іске қосыпты. Бағдарлама аясында шетелдік студенттерге, қандастарға гранттар бөлінеді. Бағдарлама қолға алынған алғаш­қы жылы конкурс бойынша үлге­рімі жоғары 89 шетелдік азамат қазақ­стандық ЖОО-ға тегін оқу мүмкіндігіне ие болды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 2,5 еседен астам өсіп, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейі бойынша 240 грантқа жетті. Айта кетейік, биыл қазақстандықтар үшін гранттың рекордтық саны, яғни 56 мың грант бөлінді. Сонымен бірге қазақстандық оқу орындарында ағылшын тілінде оқытылатын білім беру бағдар­ламаларының саны артқаны бай­қалады. Әлемдік тәжірибеге сүйене отырып, ЖОО-лар шетелден білікті мамандарды тартуы тиіс. Олар отандық ғылым орда­лары­ның басшыларымен, оқыту­шы­ларымен тәжірибе алмасып, студенттерді жаңа технологиялар мен ғылыми-зерттеу әдіс­теме­леріне оқытады. Сондай-ақ БҒМ қазақстандық ЖОО-лардың жылдан-жылға халықаралық білім беру кеңіс­тігінде өз орнын нығайтып келе жатқанына сенімді. Мәселен, QS рейтингіне 14, Times Higher Education рейтингіне 3 қазақ­стандық университет кірді.